Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев
-
Название:Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:107
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».
Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
Шешемнің басына қорған соғылған жоқ, ескерткіш тұрғызылмады. Бірдеңе қалқитуға бізде ешқандай да шама жоқ еді. Біздің қолымыздан келгені көзіміздің жасын көл етіп, жылау-сықтау ғана болды.
Мәңгілікке көз жұмар кезде шешем жанталасып мені іздепті. «Әлгі Бердібек қайда? Бердібек... шақырыңдаршы» деп сандырақтап жатып, менің атымды атай беріпті. Алтын анамның дүниеден қайтар алдындағы бір ауыз лебізін ести алмағаныма күні бүгінге дейін өкініштімін. Хош бол, ғазиз анам!
...Қазекең де айтады-ақ: «Шешесіз жетім – шерлі жетім. Әкесіз жетім – арсыз жетім». Мен шерлі жетіммін.
Шерлі екенім рас. Қайтыс болған шешемді күндіз-түні ойлаймын. Өлу ол – мәңгі-бақи ғайып болу, жоғалу. Мен енді шешемді еш уақытта да көре алмаймын. Осыны ойлағанда іші-бауырым бір түрлі жидіп кеткендей болады.
Өлген адам мәңгілік өлмейтін болса. Арада он жыл ма, он бес жыл ма өткенде, тіріліп қайта қайтып келсе. Мен онда қайғының түпсіз шыңырауына құламас едім. Аяулы шешемнің қайтып келер мерзімін қалай да шыдап, күтер едім. Басыма нендей ауыртпалық түссе де, төзер едім. Өзімді-өзім жұбатар едім.
Алтын анам енді он бес жыл түгіл, мың жыл өткен соң да қайтып тірілмейді. Мен бұны жақсы білемін. Сондықтан да өмірден қарманар сүйеніш таба алмаймын. Бәрі бітті, сөнді. Мен оның Беркенім деген аналық мейірбан сөзін енді еш уақытта да естімеймін.
Өзегімді өртеген ащы қайғы оңашада көзімнен моншақ болып, домалап-домалап кетеді. Бірақ ешкімге көрсетпеуге тырысамын.
Сөйтіп, жетімдік өмірді бастан кеше бастадым. Жетім деген сөзде нендей суық мағына жатқанына мен бұрын зейін қоймайды екем. Шешем өлген соң енді білдім. Адамның ар-ожданын тілдеуге де дүниеде бұдан қатал, бұдан аяусыз сөз болмайды екен.
Үлкендер жетім екенімді аяушылықпен есіме салады. Ал балалар ұрсып қалғанда жетім деп боқтайды. Мен үшін екеуінің мағынасы бірдей. Аяп айтса да, ұрсып айтса да жетім деген сөз менің жүрегіме қанжар болып қадалады. Дүниеде мен үшін бұдан жексұрын сөз жоқ. Тақиясын қорыған тазшадай осы сөз қай жағымнан сап ете қалады деп зәрем ұшып, үрейленіп тұрамын.
Менің осы осалдығымды жаукес балалар өте жақсы біледі. Сәл шекісіп қалса, даяр тұрған өзге боқтық сөздің бірін де аузына алмай, «өй, әкеңнің аузың.. жетім! Шешесін жалмаған қу жетім!» деп шыға келеді. Болды, мен өлдім, күйреп түстім. Бұдан кейінгі қарсылығым – ол арсыздығым.
Балалар, менің қымбатты, жас достарым! Мынау қатал дүниеде әкесі не шешесі өліп, жетім қалу секілді бақытсыздық әркімнің-ақ басында кездесуі мүмкін. Ол секілді жаны жаралы балалар, мүмкін, араларыңда да бар шығар. Сендер қанша араз болсаңдар да оларға жетім деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар. Ұр, соқ, төбелес. Тіпті етінен ет кесіп ал. Ал бірақ әлгідей деп тілдеме. Тағдыр онсыз да аяусыз жазалаған бейшаранын адамшылық менмендігін жетім деген сөз біржолата жер етіп, таптап кететінін сендер ұғыңдар! Аяңдар!Менің өнерлі жеңгемБибіжамал біздің үйге пенде болып жарытпады. Шешем өлген соң, аз уақыттан кейін, ол Смағұл тәтем екеуі ажырасып кетті. Біздің үй енді кіл еркек тұратын үйге айналды.
Кіл еркек тұратын үйде ешқандай да береке тұрмайды екен. Түтін уақтылы түтемейді, кір жуылмайды, жыртығымыз жамалмайды... Әкем мен ағаларымның біреуісі тезірек үйленбесе, болмайтын болды.
Бұл жолғы кезек Сатылғандікі. Колхозда есепші болып істейтін мырзалауымыз. Солқылдаған жас жігіт, бұрын бұл тәрізді бұғалыққа басы ілініп көрмеген.
Бір күні аяқ астынан үйленді Сатылған. Нарынқол жақтан түнделетіп бір әйелді алып қашып келді. Аты Әлиман. Күйеуі қайтыс болған келіншек екен. Ерінің туыстары әменгерлік жолмен қайнағаларының біріне қоспақ болған. Әлиман оған көнбеген. Өзінен де гөрі жастау көрікті жігіт Сатылғанмен қол ұстасып, тартып отырған.