Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев
-
Название:Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:107
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».
Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
Шешемнің қойнында күндіз-түні жылаудан жағы сембейтін Тұрдыбек. Ауру ананың құр сүлдер шандыр мамасын сүліктей қадалып сорудан ол да жалықпайды.
Бибіжамал жеңгем, өзінің шектен шыққан ластығына қарамастан, Тұрдыбектен сондай жиренгіш. Баланың жөргек-жаялығын төсегінде ыңыранып отырып, шешем өзі жуып тазалайды.
Шешемнің халі төмендеген сайын үй ішінде үлкендер менен жасыруға тырысатын құпия бір әбігер кіре бастады. Олардың өзара күбір-сыбыры көбейді. Әңгімелерінің шет жағасын кейде құлағым шалып, естіп қалам. Шешем жөнінде сөйлеседі. Беті бері қарауы қиын екенін, қамсыз болмау керектігін айтады.
Жалқау, жайбасар әкем енді ширай бастады. Отын-суды дайындап, үй маңынан онша көп ұзамайтын болды, Шешемнің көңілін сұрауға келген әйелдер есіктен шығар-шықпастан-ақ ойындағысын айтып қалады. «Біткен адам». «Мал болмайды» дейді. Кім жөнінде екені белгілі. Әлгідей сұмдық сөзді естігенде жүрегім су етіп, ішіме бір қап үрей бір-ақ кіргендей болады.
Шешемнің өлетініне менің де көзім жете бастады. Жылаудан сілесі қатқан Тұрдыбек қалжырап, ұйықтап кетеді. Сол кезде шешемнің де бір сәтке көзі ілініп, үй іші тым-тырыс бола қалады. Мен аяғымды ұшынан басып, апатайымңың қасына келем. Оның қайғы мен қасіреттен, жанына батқан сырқаттан әбден жүдеп біткен, ал бірақ, дал қазір соның бәрінен де бірнеше минутке тыныштық тапқан жүзіне барлап қараумен болам. Өлімге бет алған адам қаңдай болады. Шынымен-ақ рас па өлетіні? Осыны байқағым, білгім келеді.
Шешемнің бір кездегі әдемі нұрлы жүзінде тек бозарған тері ғана қалған. Терінін ар жағынан сүйек көрініп тұрғандай. Әдемі қыр мұрыны әрі жұқарып, әрі биіктеп өсе түскен. Кірпігінің талшығы да ұп-ұзын, сәл ғана ашылған қансыз-сөлсіз еріндері боп-боз. Екі көзінің алдына өлік таңбасындай сұп-суық болып көктаңдақ көлеңке жұққан. Мен өте-мөте осы көлеңкеден қорқып, селк ете қалғандай болушы едім.
Үңіліп көп қарауға дәтім шыдамайды да, тағы да аяғымның ұшынан басып, дереу шегініп кетем. Шешемнің қу ағашқа ұқсаған арық денесі жұқалаң көрпе астында бір түрлі ұп-ұзын боп, бейне бір жансыз денедей, созыла түсіп жатады.
Шешем өледі, менің күнім не болады деген ой күндіз-түні басымнан шықпайды. Жетімдік, панасыздық өмір бетпе-бет келіп, шабайын деп тұрған қасқырдай сұмдық қорқынышты. Мен оған қандай қайрат көрсетемін? Қалай қарсыласып, жан сақтаймын! Тіпті қарсыласа алам ба? Әлі өмір босағасынан сығалап қарамай жатып менің де біткен, құрыған жерім осы болғаны ма?
Жетім! Не деген суық та, жексұрын сөз!
Ауылда ол кезде қаза көп. Құдай тағала өзі жаратқан пендесінің асыл-асылдарын өзі таңдап әкетіп жатады. Бір күні менімен бірге оқитын Қаншайым деген қыздың шешесі өліп қалды. Үйлерінің іші у-шу. Ауыл адамдары жылап келіп жатыр. Абысын-ажындары үйге жетер-жетпестен дауыс салып, аз ауылды бастарына көтереді.
Топырдың арасымен әлгі үйге мен де бардым. Қаншайым қалай жылап жатыр? Не айтып жылап жатыр? Көрмекшімін. Ертең менің де анам өледі ғой. Сол кезде жөндеп жылай алмасам, масқара емес пе? Топырдың арасымен үйге кіріп, Қаншайымды іздедім.
Қаншайым шешесінің төсегінің үстінде екі бетін қолымен басып алып, етпеттеп жылап жатыр екен. Маған бұл бірден ұнады. Тікеден-тік тұрып, немесе отырып, жұртқа қарап жылаудан бетіңді қолыңмен көміп алып жылау тиімді көрінеді. Е, жақсы болды, шешем өлгенде мен де өстіп жылайын деген оймен үйден шықтым. Әйтпесе, шешем өлгенде қалай жылаймын, не айтып жылаймын деп, уайым шегіп жүр едім.
Ноябрьдің іші. Қақаған қара суық. Жыртылған қағаз тәрізді далада болар-болмас ағараңдап жатқан қар бар. Мектептен үйге қайтып келе жатырмын. Ойымда үйдегі бағана таңертең мен кетерде халі күндегіден де нашарлай, жөн тартып жатқан шешем, Сабақта отырып та мен шешемді ойлаумен болған едім.