Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев
-
Название:Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:107
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».
Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
Үлкейгенде қызыл әскер болу Рамазан екеуміздің көкейтесті арманымыз. Тек осы үшін тезірек өссек, тезірек мектеп бітірсек деп, арман етеміз.
Рамазан мені қорлап:
– Сені әскерге алмайды. Кішкентайсың, – дейді.
– Мені емес, сені алмайды. Өйткені сенің қолыңнан түк те келмейді. Сені әскерге алса, ең мықтағанда, повар боласың. Ал мен командир болам, – деймін.
– Болмай, қал, мыртық неме!
Командирлік орынға таласып, Рамазан екеуміз тағы да төбелесеміз.
Қазақтың құмар асының бірі қымыз.
Қаракер бие құлындаған. Өзі тәрізді әдемі қаракер құлын тапқан. Жер отыққан кезде атам, жылдағы әдетімен, жалғыз биені сауып, қымыз жасайтын болды.
Ол кезде, сірә, мал аздықтан болар, ауыл маңы қазіргідей шаңы бұрқырап, тақырайып жатпайды. Қорық-қорықтың түбі, арық-арықтың жағасы көгал шөп болады. Қаракер биені атам үйден онша ұзатпай, шідерлеп қоя береді. Құлынның алдына жас көк салып, қорада ұстайды.
Жалғыз бие ертеден кешке дейін алты-жеті рет сауылады. Әр екі, үш сағатта атам оның бауырына сүліктей жабысып алып отырғаны. Ағаш күбімен орта күбідей сүт алады. Оған сиыр сүтін қосады. Сонымен күбі аз толмаған қымыз болып шығады.
Кеште, жатар кезде бізге, балаларға, атам күбідегі саумалды әрқайсымызға пәлен жүзден санатып піскізеді. Бетіне қап-қара май түсіп, күбі сырты ып-ыстық болғанша пісілген саумалды өзінің ауыр тонымен балаша құндақтап орап тастайды.
Таңертең атам бәрімізден бұрын түрегеледі. Беті-қолын шаяды да, шампанша божылдап, дайын тұрған қымыздан бір тостағанды өңешіне тастап алады. Рақаттанып кекіреді.
Жалғыз биенің қымызынан дәметіп, қыдырып келетін жұрт бірсыпыра. Олардың көпшілігі атамның достары – шалдар. Қыдырмашылар келмес бұрын атам күбідегі қымызды ыдыс-ыдысқа бөлектеп құйып, жайғап үлгереді. Шалдар да құр ауыз қайта қоймайды.
Қасиетіңнен айналайын Қамбар атаның сүті, шынында да шипа ғой. Үлкен бір кесе қымызға ақ талқанды қоймалжың етіп сеуіп, тастап алсаң, бұдан артық тамақтың не керегі бар? Күні бойы екі бетің албырап, балқисың да жүресің. Кекірсең әдемі иісі мұрныңа келеді. Үнемі қымыз ішіп жүрген адамның бет нұры да, көзіндегі от та бөлек емес пе?
Атамның дүңгірлеген қошқар мүйіз көне торсығы бар. Өзіне деген қымызды соған бөлектеп құйып, жүктің астына тығып ұстайды. Күні бойғы тамағы да, сусыны да міне, сол. Торсықтағы қымызды біз атама жалғыз ішкізбейміз.
... Рамазан екеуміз, әдеттегіше сабақтан қарнымыз ашып келдік. Үйде ешкім жоқ (Ауыл қазағы ол кезде есік құлыптауды білмеген. Кетем деген жағына есікті ашық тастап, кете берген).
Жей қоятын пісі-күйік тамақ іздеп, таба алмадық. Осындай оңашалықты пайдаланып, торсықтағы қымыздан ұрлап ішпекші болдық. Суық қолымызды бұдан бұрын да талай сұққан тәжірибеміз бар.
– Әуелі мен ішейін, сен терезеден қарап, бақылап тұр, – дедім Рамазанға.
– Мақұл.
Жүктің астынан өзім білетін қуыстан торсықты шешіп алдым. Шайқап-шайқап жібердім де, жұта бастадым. Шақтап ішпесе, болмайды, атам біліп қояды.
Енді кезек Рамазандікі. Мен қарауылда тұрмын.
Рамазан қорқақ. Торсықты қолына алысымен көздері алақтап, берекесі қашып кетті. Әне, енді ішейін деп жатыр!
Қуақылығым ұстап, басыма қияңқы бір ой келе қалар ма! Рамазан қымыздан қылқылдатып жұта бастаған кезде, қайтер екен деп, қарбаласып:
– Атам кеп қалды! – дедім.
Сужүрек Рамазанда үрей қалмаса керек. Аузындағы қымызды жұтып үлгерместен, бырш етіп, қақалып, шашалды да қалды. Аузынан, екі танауынан кері атылған қымыз омырауын, үстін жауып кетті. Сасқаны сонша, торсықты орнына жөндеп қоя алмай жатыр.
Мен күлкіден өліп қаппын.