Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев
-
Название:Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:107
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».
Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
Электр ол кезде мұндағы жұрттың ойы түгіл, түсіне кірмейді. Әйнекті шам жермайды көп тартады дейді де, нағашым үйі бөтелке шам жағады. Кәдімгі жарты литрлік бөтелке, фарфор шайнектің қақпағы. Мақтадан есілген білте. Шам дайын.
Дүкенде мақта сатылмайды.
Оның есесіне мақталы киім кімнің де болса үстінде бар. Ол киімнен бір түгіл, бірнеше жыртық, іздемей-ақ табылады. Мақта керек болса, менен ал деп, әр жыртық аузын ашып тұрады.
Жермай ол-дағы оңайлықпен табылатын пәле емес.
– Қараңғы үйде қалдық. Бір қасық, жарым қасық кәрәсінің бар ма? – деп, біреуден біреу сұраншақтап жүргені.
Нағашым үйіндегі жандар әңгімеші, ертегіші жандар емес еді. Әңгіме айтып отыруға, тіпті уақыт бар ма? Кеш болып, тамақ ішілісімен жатудың қамы.
– Болыңдар! Кірәсін бітіп барады. Жатыңдар! – деп, атам жаналқымға алумен болады.
Ұйқың келген-келмегені есеп емес.
Ұйықтамасаң, ұйықтама, бөтелкедегі жермай үнемделсін. Көп жатқаннан жамбасың тесілмейді. Ал көп жанса, жермай бітіп қалады да, ертең тағы да қолыңа бөтелке ұстап, көршілерді ақтап шығасың.
Бөтелке шамның бір жаманы ішіндегі жермайдың қалай азайғаны көрініп тұрады. Білте жетпес болғанда, майдың үстіне су құйылады. Физиканың заңы өз қызметін мүлтіксіз атқарып шыға келеді. Суды астына, майды үстіне құяды.
Майдан бір елі қалды.
Жарым елі қалды.
Әне, пышақ қырындай ғана қалды. Атам енді қалай күйінбесін:
– Жат! Жатыңдар! Өңкей көр соқыр! Көресіңдер ме, ана шам қазір сөнеді.
Үйдегі жалғыз ағаш кереуетке кімдер жататынын айтқам. Басқаларымызға төсек төр алдына қатар салынады. Ұзындығы үш метр, көлденеңі екі метр келетін қалың ақ киіз бар. Күндіз бас жақта бүктеулі жатады да, кешке қарай жазып жібереді. Бір-екі жыртық көрпе үстімізден жаппай жабылады. Төсек дайын!
Терезе жақта ең шетте атам, одан соң апам. Одан бері: Оралхан, Оразхан, Қасымқан, Рамазан, мен. Қолдың саласындай боп тізілген адам денесі біртін-біртін кішірейе келіп, Қағаз ағаның кереуетіне тақалғанда бір-ақ таусылады.
Үш ер бала бір көрпенің астындамыз. Астары сүзіліп, тозып кеткен шоқпыт шыт көрпе. Ақжайма дегенді біз білген бе екенбіз? Қысы-жазы монша көрмеген денемен ақжайманың үстінде тыраю обал да ғой.
Бес уақыт намазын атам қаза жібермейді. Ораза кезінде ауыз бекітіп, азан шақырады. Діни мерекелерді, шама-шарқы келгеніне, құрметтеп атап өтеді. Атамның ерекше жағдайда ғана киетін киімдері бар. Олар: құлын терісімен қапталған қара сеңсең бөркі, жаңа шекпені, күмістеген жалпақ қайыс белбеуі. Жай күндері аталған үш киімнің үшеуі де төрде ағаш қазықта ілулі тұрады. Әр-әр кезде атам оларды сыртқа алып шығып, шаңын қағып, қайтадан іліп қояды.
Атам бұ дүниеден гөрі о дүниенің қамын көбірек ойлайды. Бүгін болмаса, ертең тырайып өле қалуым заңды. Бұ дүниеде жалба-жұлба болып жүрсем де, о дүниеге жалба-жұлба болып бармаймын. Әлгі аталған бағалы киімдерді рызығым таусылып, демім біткен күні сүйегіме түскендер алсын дейді. Сол үшін де шаң жуытпай қорып, көзінің қарашығындай сақтайды. Өліп жатып, өлігіне жиналған жұрттан:
– Е, бейшара-ай! Бір киер бүтін киімі де жоқ екен-ау! – деген аяныш сөз естігісі келмейді.Бөпке әжем және бізБөпке әжем де сүйегі асыл адамның біреуі. Үйдегі әйелге тән жұмыстың бәрін де Зәуре жоқта сол тындырады. Ертеден қара кешке тыным алғанды білмейді. Табиғат оны жасаған кезде мәз болып, күліп отырса керек. Бөпке әжем жомарт табиғаттың аузынан жаз күніндей жайраңдап түсе қалған. Салдырлаған ақ көңіл, ашық адам. Көрген-білгенін айтып сап, қарап отырады.