Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев
-
Название:Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:107
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».
Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
Қына түсті дөңгелек тақтай үстел тағы да жұтынған тоғыз ауыздың (Зәуре мен Қағазбай жоқ болса, жеті ауыздың) қоршауында.
Әркімнің кеспе ішуге арналған тиесілі ыдысы бар. Біреудікі табақ, біреудікі құрсаулы үлкен кесе, тостаған... Үлкен ожауды шелекке малып алады да, апам кеспені ыдысыңа толтыра бір-ақ құйып береді. Кеспе дерлік кеспе емес. Ботқа дерлік ботқа емес. Қасығыңды шаншысаң, жығылмай, тіп-тік тұрады. Қарын шығару жағына келгенде, өзге тамақтың бәрін алып ұрады.
Ал, іше бер. Тоймай қалсаң, апам тағы да құйып береді. Тек сақ бол! Торғайдай картоптың сырты салқын болғанға, іші де сондай екен деп, алданып қалып жүрме. Түйіліп қалған қамырдың арасы ол да сондай – оңайлықпен суымайды. Тіс етіне ып-ыстық болып жабыса қалса, қолдыратып түседі.
Бөпке апамның кеспесіне қарнымыз шеңбірек атып тойып алғаннан кейін, енді біраздан соң шөлдей бастаймыз. Ауыз үйде шелекте тұрған суға дамыл жоқ. Біресе біріміз, біресе екіншіміз темір кружкамен іліп алып, сімірумен боламыз, Белтоған үйдің дәл қасында, су арзан. Шелегімен түгел қотарып ішсең де, ешкім ештеңе демейді.Рамазан және менСарыбастауда бөтен біреудің үйінде жүргендей емес, нағашым үйіне келгелі көңілім өсіп, коңайып қалдым. Сабақты да жақсы оқып жүрмін. Шынымды айтсам. Қостөбеге тіпті барғым келмейді. Не қызық көрем деп бармақшымын?
Рамазан екеуміз егіз қозы тәріздіміз. Күндіз де, түнде де жолымыз жазылмайды. Мектепке бірге барамыз. Бірге ойнаймыз. Бірге ұйықтаймыз. Екеуміздің тату болуымыз да, араз болуымыз да оп-оңай. Болмашы нәрседен бала қораздарша кідің-кідің етіп, шекісе қаламыз. Арада жарты сағат өтпей, тағы да ауыз жаласамыз.
Рамазанға қарағанда мен қушыкеш пысықпын. Оны оп-оңай алдап кетем. Рамазанның жібі бос, аңқау. Алданғанын артынан бір-ақ біліп, дүрсе қоя береді. Қара күшінің менен гөрі артықтығына сенеді.
Денем кіші болғанмен, шақармын, беріспеймін. Рамазандай емес, әдіс-айлаға шебермін. Үйдің дәл қасындағы көгал алаңда жатып кеп күресеміз. Бірде ол жығады, бірде әдісімді асырып, мен жығам,
Әр алуан өнер жарыстырамыз: жүгіру, тас лақтыру, биіктен, ұзындықтан секіру, т. т. Мұнда, көбінесе, мен озатын едім.
Тек озып қана қоймаймын. Пәлекештігім ұстап, Рамазанды неше саққа жүгіртіп мазақ етем. Қыршаңқы тіліммен ызасын келтіріп, шағып алам. «Кемиек» деймін.
Рамазанның кемиек екені рас, ол бұл сөзге қатты намыстанады. Есе қайырмақ боп, оның мені қорлап айтатын сөзі «мыртық». Мыртық десе, мен намыстанам. Рамазандай ұзын бойлы боп тумағаныма кәдімгідей қорланып қалам. Кейде күніне бірнеше рет қызыл шеке болып төбелесіп те аламыз.
Төбелестің шығу себебі тіптен оңай: айталық мен күрескен кезде Рамазанды алып ұрдым. Жығып, жайыма кете бермеймін. Қияңқылық істеп, «күшің маған» деп, басынан аттап өтем. Балалардың ұғымында бұл жаман ырым. Рамазанның бар күші енді маған бітеді де, ол күшсіз қалады.
Рамазан ыза болады:
– Қайтар күшімді! Мен жаңа сенің басыңнан аттаған жоқпын ғой? – дейді.
Мен қайтармаймын.
Қайтарсам, өз еркіммен еңкейіп, Рамазанға басымнан аттатуым керек. Оған мен өлмей көнермін бе!
– Қайтар, иттің баласы!
Рамазаннан нендей пәле келсе де тосып алуға бармын. Ал бірақ оның күшін қайтармаймын.
Осыдан соң екеуміз жат та кеп төбелесеміз. Әкең, шешең, жеті атаң деген сөздерге тежеу жоқ кетіп жатады. Жаға, жең пәре-пәре болады. Кектескен қораздардай өлімтіктеніп, бірімізге біріміз беріспейміз.
Екеуміздің төбелесіп жатқанымызды бір кезде Қасымқан көреді.
– Өй, иттің балалары, сендерге не жетпей жатыр! Қасымқан жүгіріп кеп, балғадай ауыр жұдырықтарымен көк желкеден аямай түйіп-түйіп жібереді. Оның жұдырығы тиген жер талайға дейін зырқырап ауырып жүреді.