Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев
-
Название:Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:107
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».
Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
Майраның бойы менімен шамалас. Сапқа екі-екіден тұрғанда ол менімен қатарласып қалады. Бұл кезде алғарақ тұруды арман етпеймін. Қолына қолым тиісіп, Майрамен қатар жүру – ол мен үшін бақыт.
Мен қу тілді тықылдаған пысық бала болдым. Сабақты тәуір оқимын. Тыз етпе жеңілтек, әрі шатақ құмар едім. Біреумен дос болуым да, араз болуым да теп-тез. Кекшілмін. Біреуден таяқ жесем, ызадан өле жаздаймын. Күндіз-түні өш алудың жолын ойлаймын.
Дене шынықтыру сабағын өте сүйетін едім. Жүгіру, секіру, суға малту секілді өнерден ешкімге есе жібермеймін.
Сұмдық намысқой едім. Жұрттан кем болуды дүниенің қорлығы санаймын. Үйдегі елден ерек кедей тұрмысқа қорланам да, әкем мен ағаларымның жұрт қатарлы бола алмағаны үшін ызаланам.
Үстімдегі киімдерім нашар-ақ. Жанбосынша қатып киініп жүруді арман етем.
Ауылдағы бірден бір сылқым киінетін бала Жанбосын. Батырқанның баласы болып тумағаныма өкінетін едім.
Біз жаз бойына аяғымыз күс-күс боп, жалаңаяқ жүргенде Жанбосын бәтеңке киіп жүреді. Бәтеңке болғанда қандай! Өкшесі мен табанында сәнді бедері бар. Дымқыл жерге мөр басқандай боп сайрап ізі түсіп қалады. Жанбосынның аяғындағы бұжыр табан бәтеңкеге мен қатты қызығамын. Шіркін, осындай бәтеңкем болса деп арман етем.
Көктем шыға бастағаннан қашан қар жауғанша менің аяғымның өз киімі өзінде.
Үнемі жалаң аяқ жүргендіктен табан сүйел боп қатып қалады. Оны-мұны тікен кірмейді. Кейде тоғайдың арасымен елікше орғып келе жатқанда қараағаштың сояудай мықты шөңгесі май өкшеге кірш етіп кіріп кететіні бар. Қара тікеннің уыты жаман болады, миыңнан солқ етіп бірақ шырады. Ойбай деп, мықшиып отыра қалып, садақтың оғындай боп қадалып тұрған тікенді күшпен суырып аласың. Бәлекеттің орны енді одан жаман ашиды. Бірақ оған қарап жатуға мұрша жоқ. Озып кеткен балалардың соңынан ақсаңдай жүгіресің. Біраздан соң ақсау басылады, табанға тікен кіргені естен шығады.
Жаз бойы жалаң аяқ жүрген аяқ крокодилдің терісіндей қара бұжыр болады, үсті шыт-шыт жарылады. Ол жарық тереңдеп, қан шығады. Су тисе, ашып, жаның көзіңе көрінетін болады.
Шешең байғұс емдейді.
Емнің түрі мынадай: жатарда қара бұжыр аяқты ащы қара сабынмен тырнап отырып жуады. Сосын қалың етіп сүттің кілегейін немесе вазелин жағады. Тілім-тілім жарықтар майды қанша сылап жақса да жұтып ала береді.
Ашығанның көкесін осыдан соң көресің! Босанатын әйелше бебеулеп, зар жылайсың.
Бірақ ертесіне аяғың тәуірленіп қалғанын көріп, қуанасың
Тәуір аяқпен қатарға тағы да келіп тұрасың. Жүнісбай команда береді.
– Бір, екі, сол аяқ!
– Бір, екі, сол аяқ!
Жердің бұрқ-бұрқ еткен шаңын енді жігерлене тебесің.Әдемі өмір туралы аңызЕгін қол орақпен, шалғымен орылады. Бірлі-жарым лобогрейка жұмыс істейді. Комбайн жоқ.
Орылған аңыздан біз масақ тереміз. Әрқайсымыздың қолымызда атдорба секілді бір-бір дорба. Сол толған кезде қырманға әкеп төгеміз. Қырмандағы астық тұлықпен, аттың тұяғымен басылады. Күрекпен ұшырылып тазаланады. Қазіргідей әлеп-жәлеп тұрған механизация ол кезде біздің өлкеде дүниеге келмеген.
Масақ теру – ол азап жұмыс. Белің жағылмайды, бір талдап терген масақ өндімейді. Кішкене дорбаның өзі оңайлықпен толмайды. Жалқаулана бастасаң, Жүнісбай әкіреңдейді.
– Жөндеп тер! – дейді.
Жүнісбай өзі шаршау дегенді білмейді.
Кей күні масақ теруге Сағатбай да келеді. Ол бірге болса, шаршағанымыз білінбейді, уақыт көңілді өтеді. Демалып отырған кезде Сағатбай неше алуан қызғылықты әңгімелер айтып береді.