Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев
-
Название:Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:107
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».
Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Өй, жаман неме. Өзің жігіт емес екенсің ғой. Біз сендей күнімізде шашымызды қабырғамен алғызатынбыз, – дейді. Қабырға шашты қалай алды деп, таң-тамаша боламын.
Жуынуға қол сабын түгіл, кір сабынның өзі тапшы.
Ауыл қазақтары сабынды өздері жасайды. Алаботаны шауып алып, өртейді де, күліне май қосып, қайнатады. Қап-қара сабын пайда болады. Кәдімгі қара балшық тәрізді, әрі ауыр, әрі қатты, Қол жууға арналған кішкентай қара сабынды бұзаушық дейді.
Бүтін қол бізде бола ма? Көбесі шыт-шыт боп жарылып кеткен. Жуынған кезде қара сабынның көбігі тұз қайнағандай дуылдатып ашытып жібереді.
Қолың кір, мойнын, кір деп талай рет Майра мені класқа кіргізбей қуған. Мен бірден мойындамаймын, дау шығарамын.
– Менің етімнің өзі осындай – қара, – деймін.
– Жоқ, мынау еттің қаралығы емес, күс, – дейді Майра. Қолымның көбесін тырнап дәлелдейді. Тырналаған кезде күс көшеді де ар жағынан ақшылданып тері көрінеді.
Енді мойындамасқа лажым қалмайды.
Класта Майраның желке тұсында отырамын. Үзіліске шыққанда ол қайда болса, сондамын. Әлдеқандай бір сиқыр күш мені Майрадан алысқа жібермейді. Арқандап атша Майраның төңірегінде ұстайды.
Майра күн болса, мен күнбағыспын, онсыз тұра алмаймын. Майра гүл болса, мен көбелекпін, айналсоқтап шықпаймын.
Мектептен қайтып келе жатқанда бойымда табиғат сыйға тартқан қандай өнерім болса, Майраның алдында соны түгел көрсетуге тырысамын. Құс болып құбылжытып ысқырамын. Арық-ордың қайдағы жалпақ, жерін таңдап секірем. Жаяу жарыста қалайда озбақ болып, жанымды салып жүгірем. Соның бәрінде де көз қиырым Майрада болады.
Майраның жүзінен құптағандай белгі керсем, немесе оның аузынан бір тамшы мақтау сөз естісем, онда дүниеде менен бақытты адам жоқ.
Жуынып, тазалануды қанша азап санасам да, мен мектепке, мүмкін болғанынша, таза келуге тырысатын едім. Қолдың күсін тырналап күшпен кетірем. Зорлықпен тазарған терінің түсі түте-түте болып қалады. Мейлі. Алақанымды төмен қаратып, алдына жайып ұстай қалғанда бұл бәтшағар қолдарды менің қаншама азаптанып тазартқанымды Майра білсін қайта. Бағаласын. Өйткені осының бәрі Майра үшін ғой. Майрадан ескерту алып, қызармас үшін. Майраға ұқыпты, таза болып көріну үшін!Бір, екі, сол аяқ!Күз – колхоз жұмысының аса әбігер, қарбалас кезі. Бір жағынан шөп орылып бітпей, екінші жақтан ал, мені ора баста деп, қабаттасып астық, піседі. Орылған астықты басу, тазалау, он бес шақырым жердегі заготзерноға арбамен, көлікпен тасу.
Зябь жырту. Қолдағы азын-аулақ малды қыста қырып алмас үшін жылы қоралар салу.
Жұмыс көп, адам аз. Бір жұмысқа бір жұмыс қабаттасып, нашар елдің есін шығарады.
Трактор, комбайн секілді қуатты машиналар ол кезде жаңа пайда бола бастаған. Жұмыс түгел дерлік қол күшімен істеледі. Күш көлігі және жеткіліксіз. Қолда бар ат, өгіздің мойнынан қысы-жазы қамыт түспейді, арқасынан ер түспейді. Шетінен арық, шетінен көтерем.
Салақтатып сөмке асынған өкілдер келеді. Екпіндерімен өрт өшіргендей. Пәлен жұмыс неге бітпей жатыр? Түген жұмыс неге бітпей жатыр? Пәлен күнде бітірмесең, қырам, жоям деп келеді. Жұрт жұмысқа таңқасқадан шығады, түнде бір-ақ қайтады. Ай жарықта жұмыс түнімен тоқтамайды.
Жеке меншіктің ат, өгіздері колхоз жұмысына түгел алынады. Соқаға құлынды бие, бұзаулы сиыр жеккен күндер болған.
Буаз биелердің зорыққаннан адамша шыңғырып, тікесінен тік тұрып, құлын тастағанын өз көзіммен көрдім...
Ауыл үстінен ат мінген жолаушы өтіп бара жатса, атын аударып алатын күндер болған.