Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев
-
Название:Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:107
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».
Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
Сабақтан, мектептен тыс уақытта біз мұғалімді ұмытуға бармыз. Ал Жүнісбайды ұмыта алмаймыз. Қайда жүрсек те Жүнісбай ойымызда жүреді. Оқушыға лайықсыз сәл ғана қылмыс жасасақ, жерден шыққандай болып Жүнісбай сопаң етіп шыға келеді де, сол арада тұрып, жер-жебірімізге жетеді.
Бүкіл Қостөбеде Жүнісбайдың көрмейтіні, білмейтіні болмайды.
Бала біз түгіл, Жүнісбайдан үлкендер қаймығатын еді. Біреудің бір арқа шөп әкеле жатқанын көрсе, ол тергемей жібермейді.
– Мына шөпті қайдан әкеле жатырсың? Колхоздан ұрлап алған жоқсын, ба? – дейді.
Шүбаланса, кеңсеге ертіп келеді.
Біреу қой сойса, колхоз қойы емес пе? Өз қойы ма? дереу біліп алады.
Жүнісбайды анадайдан көрген жұрт:
– Көпекбайдың осы баласы өскенде не болар екен? Қырар біреуді, қырар! – деп, жағаларын ұстайды.МайраАуыл совет председателі Батырқанда бір ұл, екі қыз бар. Ұлы Жанбосынды оқушы азды-көпті біледі. Тетелес екі қыздың үлкені Майра, кішісі Сайра.
Қазақ балаларының аттарын ұйқастырып қоюға құмар болады.
Шешелері Айсұлу кербез, келбетті адам. Үй ұстауы, бала өсіруі керемет. Екі қыз егіз қозы тәрізденіп бірдей киінеді, аршыған жауқазындай тап-таза болып жүреді. Қазіргідей жоқшылық, қиын кездің өзінде Айсұлу балаларын елден ерек жұтындырып қояды.
Батырқан шалағат болғанымен өмір сүруге өте бейім адам. Орысша біледі, шекарашылармен байланыс күшті. Қол астына екі колхоз қарайды. Сырттан келген дәрежелі қонақтар, өкілдер Батырқанның үйіне түседі.
Қостөбедегі бір-екі күйлі тұратын семьяның біреуі осы Батырқандікі.
Кластағы ең таза оқушы Майра болғандықтан біз оны тазалықшы етіп сайлағанбыз.
Майра шешесі Айсұлуға тартқан пысық та, сүйкімді қыз. Ойын десе құйынша үйіріліп, жанып кетеді. Көбінесе, ер балалармен достасып ойнайды.
Күнде таңертең оқу басталардың алдында Майра бізді есіктен бір-бірлеп тексеріп кіргізеді. Қолымыздың, құлақ, мойнымыздың тазалығын қарайды. Мін тапса, кіргізбейді. Бар, жуынып, таза боп кел. Тырнағыңды сояудай етпей, алып кел дейді.
Майра өз қызметіне адал, қатал тазалықшы. Солқылдағанды білмейді, кімге де болса айтқанын істетеді.
Ауыл балаларының қай-қайсысы да үсті-бастарын күтуге ұқыпты емес. Қысы-жазы монша дегенді білмесе, ауыстырып отыратын таза іш киімдері болмаса, үйде кір төсекте, сабалақ жыртық көрпенің астында ұйықтайтын болса, қалай ұқыпты болады?
Үсті-басын күтуге ұқыпсыз баланың біреуі – алдыңызда отырған әңгімешіңіз.
Жас кезден тазалық сақтап дағдыланбағандықтан, әрі ол үшін қолайлы жағдай болмағандықтан таңертеңгі жуыну маған бүтін бір азап болып көрінетін. Суық сумен жуынып жатқым келмейді-ақ. Ат үсті жуынуға және болмайды, тексеретін Майра бар. Қолдың күсін, құлақтың ішіне қақ болып тұрып қалатын кірлерді қалайда кетіріп жуынуың керек. Азаптың азабы емей немене?
Тырнағы құрғыр да өскіш-ақ. Ызаланып отырып бүгін алып тастасаң, ертең көстиіп шыға келеді. Тырнақтың қаншалық өскені астындағы кірден білініп тұрады.
Ал шаш алдыру ше? Мен үшін бұл азап қана емес, қасірет! Өйткені табиғат менің басыма шаш орнына ұстара өтпес қалың сым темір қадап қойған. Шашымды кім алса да бір дегеннен ұстарасы жүрмей, тұтқырланып қалады.
– Ту, шашың шаш емес, сым темір ғой! Мұндай да қайратты шаш болады екен! – деп, таңырқап жатқаны.
Шошқаның қылындай қатты шаш күшпен әрең сыпырылады.
Күшпен жұмсалған ұстара басымның құйқасын қоса сыпырғандай болады. Жаным көзіме көрінеді. Тістеніп аламын да, шыдап бағам. Екі көзімді бірдей тарс жұмып алам. Мықшиып жерге кіріп кете жаздаймын.
Мен шашымды ұстарасы өткір, қолы жұмсақ деген адамдарға таңдап алғызатын едім. Ондай адам Әубәкір Қарт. Қинала бастасам Әубәкір жігерлендіре біледі: