Knigionlineru.com » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әуелі қару суық, қаруды тіреп тұрған адам суық, ал осы екеуінің әрекетімен келейін деп тұрған ажал одан да суық. Рысқұлов бұл Лубянканы мекендегелі бері өлім туралы талай-талай ойлады. Ойлай-ойлай тіпті сол ойға еті, жүйкесі үйреніп кеткендей де сияқты. «Өлемін - ау» дегенде бұрынғыдай тұла бойы түршікпейтін болды. «Ноқталы басқа - бір өлім» деген бар. Соған бойды да, ойды да дағдыландыру керек. Өлімнің ешқандай да қорқынышты емес екенін мойындау лазым. Сонда жеңіл болады. Қиналмайсың. Өлген адамға ешкім үкім жүргізе алмайды. Өлім сонымен күшті. Тірілердің иттігін, пасықтығын, сатқындығын, қорқаулығын, сорақылығын, қиянатшылдығын көзіне де ілмей, жайсаң қалпында, арыстай боп, сулап түсіп, жата береді. Міне, пандық, міне, тәкаппарлық. Өлген адам қор емес, тәкаппар. Ол Сталинді де, Ежовты да менсінбейді. Сонда түптің түбінде кім ұтылады? Ал Глебов - бишара. Әтештің ауызындағы шегіртке. Бар болғаны - палач.

Глебов міз бақпай қалған Рысқұловтың шекесін пистолеттің шолақ ұшымен нұқып -нұқып жіберді. Шекесі шығыңқы еді. Пистолеттің ауызынан дөңгеленіп із қалды.

– Уәде қайда? - деді Рысқұлов шімірікпей.

– Қандай уәде, хайуан?

– Бала қайда?

– Қайдағы бала?

– Ескендір Рысқұлов.

– А - а, мен соған бола сөгіс естідім, оңбаған!

Глебов ызаланып жерге бір түкірді.

– Балаң осында. Бірақ оны Ақ теңізге қайта айдайтын шығар.

– Жолықтырамын деп едің ғой?

– Алдымен протоколға қол қой, одан кейін көреміз.

– Баламды көрмей - қоймаймын.

– Сен небары сотталушы қылмыскерсің. Ал кылмыскер талап қоя алмайды, түсінсеңші, бишара!

– Мен алдымен адаммын ғой. Сотта да соңғы тілек деген болмаушы ма еді?

– А, оның рас, оны сол сотта айтасың. Сот болу үшін, мына алдын ала тергеудің протоколына қол қой.

Рысқұлов тілі байланғандай сілейді де қалды. Глебовқа қос көрінбесе, Рысқұловтың көзі біресе қылиланып, біресе ақиланып тұрғандай елестеді. Пистолетпен нұқып еді, селт етпеді. Ежовтың тапсырмасы бар. Істі бітіру керек. Ежов та қызық. Формализм не керек? Протоколды Вышинскийге бекіттіріп, сотқа тапсыра салмай ма?

Жок, өйтуге болмайды. Вышинский Рысқұловтың қолынсыз істі бекітпейді. Ол әділ болғандығынан емес. Ежовпен іштей бақталас. Қазір Ежовтың аты дүрілдеп тұр. Дүние жүзі біледі. Ежов десе, жарты дүние жапырылып жығылады. Ал Вышинскийді біреу біліп, біреу білмейді. Егер Ежовтың ісінен қыл-қыбыр шығып жатса, оны Вышинский пайдаланып, аяғынан шалуы ықтимал.

«Ну что ж, - деді Глебов өзіне-өзі. - Ен ақырғы амал қалды». Содан соң, меңіреу тартқан Рысқұлов саңырау деп ойлады ма, қатты айқайлап:

– Рысқұлов, сен ауырып қалыпсың, дәрігерге қарату керек. Емханаға барасың, - деді.

Рысқұлов тіл қатпады.

Есіктен еңгезердей екі айдауыл келіп, Рысқұловты ішкі түрменің емханасына алып кетті.

***

Дәрігерден гөрі қасапшыға ұқсайтын, ақ халаты кірлеу, мұрны қолақпандай түкіс біреу Рысқұловтың қан қысымын өлшеген болды. Шешіндіріп, өкпесін, жүрегін тыңдаған болды. Кәпірдің тырнағы өскен, қолы да күс-күс, дәрігердің қолындай емес. Сөйтіп, медсестраға бірдеңе - бірдеңе деп тапсырма берді. Медсестра Рысқұловтың көк тамырына укол салды. Бар ем-дом сонымен бітті де, Рысқұлов айдауылдармен бірге Глебовтың кабинетіне қайта оралды.

Сол - сол екен, өзі бұрын талай азап шегіп, қорлықтың неше түрлісін шеккен кабинет бұл жолы бұған баяғы өзінің Совнаркомдағы кабинетіндей болып көрінсін. Көзіне оттай басылды - ау. Ай-шай жоқ, Глебовтың креслосына барып отырып алды. Глебов аяғының ұшынан басып, құрақ ұшып жүр. Көмекшісі сияқты. Шіркін, дүние өзгеріп сала берді. Көңілі көкке көтерілгендей. Глебов сүп-сүйкімді. Еденге әлдеқалай су төгілген екен. Ой, айдын - шалқар көл сияқты, айналасына ақбоз үйлер тігілген, шұрқыраған үйір-үйір жылқы, бір – бірімен тебісіп, шайнасып жатқан айғырлар...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий