Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– А – а, Сәулешка... Апам бар ғой, көз жазып қалмас. Қайдағы жайдағаны уайымдай берме.
– Осылайша қараңғы түнмен бірге қаптаған қалың уайым қоса келді.Үш бірдей телефонның жауап бермей қойғаны – жойқын жұмбақ. Ал уайымдамай көр.
Не де болса, таң атсын. Құдай сақтасын. Таң атқан соң бәрі қалпына келеді, - жұбатты Рысқұлов әйелін.
– Ертерек жатып, атқан соң біржолата кетіп қалайықшы. Ұнамайды маған бұл курорт, -деп Әзиза тыңнан тағы да бір қылық шығарды.
Кавказға алып келіп, ел көрсетіп, жер көрсетіп, көңілін көтеріп, жақсылық жасамақшы еді Рысқұлов. Әрі десе, екіқабат әйелге Кисловодскінің ауасы өте пайдалы деп еді дәрігер. Ендігі жағдай мынау болды. Келмей жатып кетейік дейді. Бәрі де телефонның кесірінен. Таң атар, телефонда үн қатар, бір сәттік көңіл кірбіңіне бола шамаданды буып-түйе бастау жарамас деп ойлады Рысқұлов. Шыққан күнмен бірге көңіл де жадырар. Үлкен адамдар да нәресте сияқты. Жылай салады, артынша күле салады. Қанша қартайды деген адамдардың өзінде де балалық мінезден бір жұқана қалады. Балалық әлем - үлкендердің шыққан тегі ғой. Ешкім де тегіне тартпай тұрмайды. Шыққан тегің кім? - деп сұрағанда, шыққан тегім - балалық шақ деген екен бір жазушы. «Утро вечера мудренее» деген де бар. «Таңғы нәсіп Тәңірден» дейді қазақ. Таң атсын. Тезірек атсын.
Тау шатқалындағы түннің түнеріп, түксие келетіні болады. Әрі десе, биіктегі мұзарттың ызғары жаз да болса, белгі беріп, түн әлеті салқын тартады.
Содан ба екен, Әзиза безгек тигендей қалшылдай берді. Түн салқыны эсер етті дейін десең, бұдан бұрын ұйықтап жатып, ыстықтап, көрпені ысырып тастай беретін.
Рысқұлов жаураған келіншегін бауырына қысты. Осыдан құшағын жазса, біржолата айырылып қалатындай, Әзиза да күйеуін мойнынан құшақтап, әлсін-әлсін дір-дір етіп, қатты да қалды. Бірін-бірі өмір бойы қия алмайтын жар құшағы ғана осылай қапсырылатын шығар. Жар құшағының жалынына шарпылмаған жан, мен де адаммын, мен де өмір сүрдім дегені далбаса. Ол әйтеуір күн көру. Дүниеге неге келдім, неге кеттім? - деп ойлап жатпайтын жетесіздердің жетім тіршілігі.
– Қой, енді дірілдей берме, - деп Рысқұлов келіншегінің иығын көрпемен қымтады, -Тыныштал. Ұйықтап қал.
– Сәуле, - деп сыбырлады Әзиза.
– Әлден сағынып қалғансың ғой. Таң атсын, бір хабар алып, қайтсақ тіпті қайтып та кетерміз. Бәрібір мұндай демалыста береке болмайды.
– «Махаббат пен мекерілік» мұнарасына бармаймыз ба? - деді алданған баладай болып Әзиза.
– Ой, жаным менің. Өзің ғой Мәскеуге қайтамыз деп әлден мазаны алған. Мұнараға ертең-ақ алып барамын. Арнайы экскурсия бар шығар, жоқ болса, бас дәрігердің машинасын сұраймыз. Барамыз да қайтамыз. Сол да сөз боп па?
Рысқұлов Әзизаны балаша аймалап, бесіктегі сәбиді тербетіп жатқандай еді.
– Ұйықта, Әзиза, ұйықтап қал. Сонда бәрін де ұмытасың. Әдемі түс көресің. Мен жақсы түс көріп жатқанда оянып кетсем, өкініп қаламын. Көпке дейін сол түсімді еске түсіріп, қия алмай жатамын.
Терезенің алды жарқ-жарқ етті. Сірә, алыстағы найзағай елесі шығар. Аулақтан Құм өзенінің бір сарынды сарыны естіледі. Бір күшік шәу-шәу етті. Сірә, Голощекиннің қандені болар. Дүние түн құшағында. Дүниені жаратқан Құдірет әлдилеп тұр. Жаратқан Құдірет үшін дүние деген бар болғаны сәби ғана ғой. Ол үшін Кавказының өзі бір қиыршық құм сияқты. Кавказың не, бүкіл Жер шарының өзі Құдірет үшін бір түйір тарыдай ғана ғой. Ал адамдар көппіз дейді. Адамнан ақылды ешкім жоқ дейді, адамнан күшті ешкім жоқ дейді. Сөйтіп, бір-бірімен күш сынасады. Бірімен-бірі жауығады. Бәрі үстемдік, өктемдік үшін. Өйткені үстем болса - билік болады. Билік болса - күшті болады. Сол үшін де бірін-бірі тобықтан қағып, тоңқалаң асырып жатады. Сөйтіп жүрген пенделер небары пенде екенін, бәрі жиылып бірақ тарының қауызына тығылып өмір сүріп,туып, өліп, қайта туып, кайта елін жатқанын мойындағысы келмейді.





