Knigionlineru.com » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Сені зооветке түсіріп жүрген әкей екен ғой.

– Иә, түсірді. Бірақ әлі аяқтаған жоқпын. Мен қатарлы түскендер - аспирантурада жүр.

– Бұл енді Рысқұловқа айтылған наз еді. Алматы зооветіне туған бөлесі Нәйлә Базанова екеуі бірге түскен. Сол Нәйлә қазір Мәскеуде аспирантурада, осы Рысқұловтың қолында жатып оқиды. Ал Әзиза үйлі-баранды болып қалды.

– Ренжіме, Әзиза. Оқуды да тәмәмдарсың. Аман болайықшы, - деді Рысқұлов байқаусызда күрсініп.

– Үйдегілер не боп жатыр екен? Телефонға тапсырыс берсең қайтеді, Тұрар, - деді Әзиза да әлденеге үні жүдеңкіреп.

– Жарайды, - деп Рысқұлов телефон тұрған кабинетке кірді. Люкс болған сон мұнда жеке телефон да бар еді. Обалы не керек, өкімет басшыларға жағдайды жасаған - ақ. Ал қалалық телефонға барсаң, кезекте сыңсып тұрған халық Айнала айқай-шу. Ал Рысқұлов өйтіп кезек күтпей-ақ, «правительственное» деген каналмен - ақ кез келген қаламен сөйлесе береді.

Рысқұлов қалааралық кезекшіге тапсырыс беріп, тұтқаны құлағына тосып, жауап күтті. Сәлден соң станциядағы әйел даусы:

– Кешіріңіз, Мәскеудегі нөмір жауап бермейді, - деді.

– Қалайша... мүмкін емес, тағы да тексеріп көріңіз, - деді Рысқұлов аң-таң қалып.

– Не дейді? Жауап бермегені қалай? - деп Әзиза да үрпиіп қалды.

– Жауап бермейді, - деп қайталады станция.

– Онда басқа телефонды қосыңыз, - деп Рысқұлов саяжайының нөмірін айтты.

– Бәрі бірдей саяжайға көшіп кетуі мүмкін емес қой, - деп Әзиза дегбірсізденді.

– Бұл нөмір де жауап бермейді, - деді станция сірескен дауыспен.

– Сәлден кейін екі нөмірді де қайталап тексеріп көріңіз, - деп Рысқұлов трубканы қондырғыға қоя салды. Ерлі-зайыпты екеуі бір-біріне үнсіз қарап біраз тұрды.

– Қорқамын, шамды жақшы, - деді Әзиза.

Үйдің іші әлі алакөбеңдеу болса да шам жағылды. Қанша айтқанмен жарықта бір құдірет бар. Әзиза үрейден арылғандай болды. Рысқұлов оның басын төсіне қойып, жұп - жұмсақ қолаң шашын саусағымен тарақтады.

Рысқұловтың үйін көршілері «колхоз» деп кеткен ғой. Әрифадан бастап, оның балалары, Түйметай мен оның бір қора баласы, Ескендір, Сәуле, апалы - інілі Базановтар - бір қора жан. Бәрі бірдей Яуза бойындағы саяжайға үдере көшіп кетуі мүмкін бе? Үйде бірлі -жарымы қалса керек еді. Әлде тарс ұйқыға кеткен бе? Мүмкін емес. Мұнда кеш жаңа түсті. Мәскеуде әлі жарық қой. Мейлі, үй жауап бермей-ақ қойсын, саяжайдағы телефонға не болған?

Ойда жоқта басқа едәуір уайым түсті.

– Мен үйде - ақ қалатын жөнім бар еді, - деп алдымен Әзиза мазасызданды. - Сәулеге бірдеңе болып қалды ма? Басқасы басқа, апам үйден бір адым аттап шықпаушы еді ғой.

– Жарайды енді, далаға шығып кеткен шығар. Не телефонның тұтқасын балалар дұрыс қоймаған шығар. – Рысқұлов әйелін тыныштандырмақ болады. Бірақ өзінің көңілі бей-жай.

Шыдамай станцияға тағы да сұрау салды. Екі телефонның екеуі де алмайды деп қайталады станция. Есіне көрші Рудзутактың үйі түсіп кетті. Станцияға тағы да хабарласып, Рудзутактың телефон нөмірін берді. Біздің үйдің адамдары қайда? - деп көршілерден сұрамақ.

– Номер не отвечает, - деп станция төбеден қойып қалғандай қылып, сарт еткізді.

– Біздікі - біздікі. Ал Рудзутактың телефонына қандай қырсық тиеді?

Рысқұлов креслоға отыра кетті де, маңдайын қолымен тіреп, мелшиді де қалды. Көз алдына алдымен Ескендір келді.Отқа, суға, машинаның астына түсіп кетеді дейтін бала емес, соқталдай жігіт болды. Он жетіге толды. Тәңірі сойқанынан сақтасын, өте зерек, алғыр болып өсіп келеді. Оқуы да жақсы. Чкалов сияқты ұшқыш боламын. Әйпесе заңгер боламын дейді. Баяғыда Рысқұловтың өзі де заңгер бола жаздаған. Мерке тергеушісінің кеңсесінде істеп, заң деген бұралаңы, қиыр-шиыры, әділеті, қиянаты аралас ауылдың дәмін біраз татқан. Сонда, тіпті бала екен ғой. Он екі – он үш жасы ғой.

– Сәуле байғұс, примуске бара беруші еді, отқа түсіп кетіп, күйіп қалды ма? деп қиналды Әзиза. Рысқұлов басын көтеріп алды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий