Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Ә, әлгі жаман немең бе, батыр, – деп болыс балаға назарын болар-болмас қана аударды. Созылған қолы ауа қармап, елеусіз қалғанына ыза болған бала, болыстың мысқылды дөңгелек жүзіне, қиығына әжім үйіріліп, күлімсіреген көзіне тікшие қарап қалып еді, соны сезген болыс:
«Апыр-ай, бөрінің бөлтірігі әкесіндей жүрек жұтқан болар-ау», – деп тіксініп қалды, еріксіз еңкейіп, қолын ұсына беріп еді, бала көзінен шоқ шашырағандай тағы бір қарады да бұрылып кетті.
Рысқұл мырс етіп күлді. Баланы айыптаған жоқ. Оның бұл қылығын іштей құптап тұрған сияқты.
– Е, болыс-еке, аттан түс. Келіп қалыпсың, шақырып келтіре алмайтын қадірлі қонақсың. Лашық қой демесең, бұл үйдің түтіні түзу, ниеті адал. Мейман бол.
– Әй, батыр-еке-ай. Мен түскен жерге ауыртпалық түседі. Маған соятын қара қойды жеп қойған шығарсың.
– Е, жоқ іздеп жүрмін де, болыс-еке. Бәсе, неғып мені сағынып қалды деп едім-ау. Ералының жазығы жоқ. Мен тартып әкеттім. Мына бала сүзектен тұрды. Соған қара қойдың қалжасы керек деген соң, ақысы мойнымда кетпес, бір тоқтыға бола мазасын алмайын, болыстың алдына барып деп, қойшыдан сәлем айтқанмын. Айып менен... қарызыңнан құтылармын.
– Ой батыр-ай, ер мойнында қыл арқан шірімес. Соны қойшы. Ал енді келген шаруам, өзіңмен оңаша әңгімем бар.
Бірі аттылы, бірі жаяу, былайырақ сай қабағына қарай аяңдай берді.
Болыстың бұл оңаша әңгімесінің мәнісіне түсінбеген старшын мен шабармандар аңтарылып, Рысқұлдың есігінің алдында тұрып қалды. Тұрар болса оларға бір, сай қабағына қарай кеткен әкесі мен болысқа бір қарап жалтақтайды. Басқа бала болса, өз үйіме мұншама лауазымды адамдардың келгеніне мақтанар еді. Тұрар қайта іштей тітіркеніп тұр. Әйтеуір, осы келістің тегін емес, жақсылық емес екенін әлдеқалай сәби сезіммен аңғарады.
– Әй, шешеңді!.. Шешең қайда? – ат үстінде ерігіп тұрған Таубай старшын.
– Оның шешесінде нең бар? – деп екіншісі күлді.
– Мұның шешесі жас қой, білмеуші ме едің? Ізбайша сұлу ғой кәдімгі. Мына қызғалақтың өз шешесі Қалипа марқұм қайтыс болған соң, Рысқұл болыстың ықтиярынсыз қосылған Iзбайша ғой.
Бала боржық сарыға жауап берген жоқ.
– Дегенмен, өзі көкжал ғой бұл кірме. Әйтпесе үрерге иті жоқ, сығарға биті жоқ, кедей неме, біреудің айттырайын деп жүрген Ізбайшасын қағып кеткен жоқ па? – деп боржық сары старшын тынбады.
Нәресте естіп тұр-ау, шешеден жетім баланың жүрегіне дақ түседі-ау деген не, ойына кіріп шықпайды. Астын-үстін сапырып тұр. Жанындағы шабарман:
– «Әй, ауылнай, қойсаңшы. Бала тыңдап тұр ғой», – дейін деп еді, әкіреңбай немеден қорықты. Бір ерегіссе, қоқыраңдап қоймайтын ұр да жықтың өзі. Болыстың полицейі сияқты, үстінде формасы, мықынында нағаны жоқ, әйтпесе нағыз полицейдің өзі. Соларға еліктейді.
Ізбайша жортпаш Түйметайды қолынан жетектеп ауылдас отырған Ахат қарияның үйіне кетіп еді. Ахаттың кемпірі аз ауыл Тау-Шілмембеттің қатын-қалашын асарға шақырып киіз бастырып жатқан. Рысқұл кепесінің алдында болыс бастаған бір топ аттылының тұрғанын бүкіл ауыл көріп отыр. Бәрі де үйлерінің іргесінен баспалап қарайды. Босқын болып, үрейден үркек тартқан ауыл «бұл қалай?» – деп үрпиісіп қалған. Ешкінің қылшығынан бұзауға бұйда есіп отырған жалбыр қас Ахатта, киіз пісіріп, білектерін сыбанған қатындар да, олардың тасасына тығылған балалар да әлдебір сұмдықты күтіп, демдерін іштерінен алып, қаққан қазықтай состиып тұрысып қалып еді.
Шілденің аптабында күзгі желтоқсанның қара суығы қалтыратқан жүдеу ағаш басындағы селкеу жапырақтай аз ауыл болыстың зәуде нөкерлетіп келуінен әрі-сәрі.
«Салық жинап жүр ме?» – деді Ахат амалы таусылып. – Әлденеден жазықты болып қалдық па?»





