Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бір сәт Байдалы шалдың үйінен шыққан Тұржан сол төңіректегі біраз иттерді улыған-шулыған ғып, мал қораға қарай шауып өтті.
Осы кезде іштегі кластың есігі ашылып, Петька жүгіріп шыққан.
− Жүр, Әнипа апай ішке кірсін деді,- деп, жеңімнен тартты.
Әнипа апай әлгіндегідей емес, түк болмағандай жылы жүзбен қарсы алды.
− Отыр орныңа, ендігәрі сабақ үстінде күлуші болма,- деді ескертіп.
Сонымен кешкісін Шағыр көз жиреннің алдындағы шөптен ұрламақ болып бекіндік. Мақым шал күнделікті Шағыр көз жиренді далаға, қорасының іргесіндегі қолдан тоқылған шарбақ ақырға байлап, алдына шөпті үйіп салып қояды. Оны күнде көріп жүрміз. Біз сол ақырдағы шөптен үшеулеп көтергенімізше алуымыз керек. Онымыз қоңыр сиырдың бір күп тойып жегеніне әбден жетеді. Келесі күні тағы да аламыз. Қысқасы, сөйтіп, қоңыр сиырды қыстан асырап шығарамыз. Шөп іздеп те бас қатырмаймыз, ешкімге жалынбаймыз да, көз түрткі де болмаймыз. Және мұнымызды ешкім білмейтін болады.
Әуелі күндіз ойнаған боп жүріп Мақым шалдың үйін төңіректеп, ақырға қай жақтан барып, шөпті қалай алып, қалай әкетуді ойластырдық. Әрине, шөпті көтеріп көшенің ортасымен жүруге болмайды, шет-шетпен тасаланып айналып, жүруіміз керек. Ол жолымызды да мөлшерлеп көрдік, біраз үйлердің сыртын айналып өтуіміз керек екен.
− Ал енді үшеуміз шөпті құр құшақтап алып жүреміз дейміз, меніңше, онымыз жарамайды,- деді Петька әлгі шет жолымызды көзбен шола отырып.- Қанаттың үйіне жеткенше, құшақтаған шөбіміздің жартысы жолда шашылып түсіп қалады.
− Онда бір-бір жіппен буып байлап алайық,- дегем мен.
Сонымыз дұрыс сияқты көрінген. Бірақ біраздан кейін Отто:
− Өйтіп алып жүргенде де шөп шашылады,- деді,- Шөптің аты шөп қой, қанша мықты байласаң да бәрібір шашылады. Арқалап тасығанда көріп жүрміз ғой. Ертең шашылған шөптің ізі Мақым шалдың ақырынан Қанаттың үйіне дейін жол боп жатса, масқара боламыз ғой.
Расында да, жаны бар сөз, шөпті шашпай алып жүру мүмкін емес қой.
− Ең дұрысы, шөпті үлкен қапқа істелеп-істелеп салып алып жүру керек,- деді Отто.-Сонда қапқа шөп көп сыяды және еш шашылмайды, үшеулеп көтеріп жүруімізге де оңай. Біз күзде матрац жасаймыз деп сабан тасығанымызда, екі матрацтың қабына жарты арба сабан сыйып кеткен.
Бұл тіпті табылған ақыл болды.
Енді, міне, кештің батуын, қараңғылықтың тезірек түсуін күтіп, үшеуміз Оттоның үйінде отырмыз. Себебі бұл үйдің терезесінен Мақым шалдың үйі, қора-қопсысы алақанға салғандай көрініп тұрады екен. Біздің бүйтіп қызыл іңірден үйге топырлай қалғанымызға Оттоның мамасы таң. Өзі әуелде бұлыңғыр ымырт жарығында, онан соң сығыраңдаған май шамды жағып ап тоқыма тоқып отыр. Немісшелеп ұлына сөйлеп қояды. Сірә, үйге топырламай сыртқа барып ойнасаңдаршы дейтін сияқты. Отто болса немісше мен қазақшаны араластыра сөйлеп жауап қайырады.
− Кішкене жылынып алайықшы, мама, сонан соң тағы да ойнауға кетеміз,- дейді.
Біз Петька екеуміз онсыз да тар үйде отыра бермей кетейік десек, Отто екеумізді де қозғалтпайды.
− Асықпасаңдаршы, кішкене қараңғы болсын да,- деп безектейді.