Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Тоқтар қақпайлады ма кім білсін, бір кезде Жиренқасқа орағыта айналып кейін бұрылды. Бері қарай өрлеу болатын, Тоқтарға керегі де сол болу керек, ал кеп қамшыны басты дейсің. Жиренқасқа жұлдыздай аққан күйде кеп қалың жылқының ортасына қойып кетті де қақ жарып өте шықты.
− Бұғалық қайда қалған?
− Арқан жоқ қой! — десті жұрт.
Жиренқасқа қатты шабыстан енді іркіліп, жылқыға қарай тағы оқыс бұрыла берген сәтте, Тоқтар ыршып секіріп жерге түсті, жығылған да, дәнеңе еткен жоқ, екі аяғымен дік еткен. Бағанадан не болар екен деп демімізді ішімізге тартып тұрған біздер «уһ» дедік.
− Арқан қайда? — деді Байдалы шал.
− Әнеу жерде, ши қияқтың тұсында қолымнан түсіріп алғаным,- деді Тоқтар.
− Пах шіркін, Жиренқасқа да ат-ақ екен, сен де жігіт-ақ екенсің! — деді ауылдың ең үлкен ақсақалы, тоқсанға келген Қуатбей шал сүйсініп.
− Мен мұны өзін мігіт пе деп жүрсем, жо, жігіт екен,- деді Байдалы шал да.- Әй, Әжібек, анау ерттеулі атқа міне сап барып, арқанды алып келші.
Біздің, балалардың, Тоқтарға сүйсінуімізде шек жоқ еді.
Көктемге қарай біз, балалар, сиырдың түлеген өлі жүнінен алақанымызға сап домбақтап-домбақтап бір-бір жүн доп жасап алатынбыз. Бірауық көше ортасында сол жүн доптарымызбен ойнаушы ек. Неше түрлі ойындарымыз болатын: «қашпалы доп», «жұмыртқа», «шошқа доп», деп .бірінен-бірі қызық боп кете беретін. Сондай бір ойынның кезінде, қасымыздан бригадирдің атына мініп алған Әжібек өтті. Бізге таяй бергеннен-ақ қатты-қатты тебініп, тізгінді жұлқа тартып аттың текірек жорғасына салды да, өзі көлеңкесіне қарап қойып, тікіреңдеп әндете жөнелді.
Түбіне Қособаның жатып алдым,
Біреуді мергендікпен атып алдым.
Болған соң өзім батыр кімді аяйын,
Өлтіріп, Байдалының атын алдым.
Гик-кай-га-га-га
Гик-кай-ай-ай-а-ай…
Біз болсақ ойынымызды тоқтатып аузымызды ашып, оған қызыға қарап қалғанбыз. Әжібек анадай жерден аттың басын кілт қайта бұрып, біздің қасымыздан тағы да бір ойқастата әндетіп өтті. Қыз Жібектің тұсына кеп, Төлегенді өлтіргенін естірткенде, сірә Бекежан да Көкжорғамен дәл осылай ойқастатқан шығар дейміз.
− Әй, Әжібек,- деді осы кезде көшенің сонау басындағы үйінің алдында тұрған Байдалы шал бүкіл ауылды басына көтере айқайлап.- Ә, әкеңнің аузын, басыңды… шақша бас! Әй, мен саған шаппай барып суғар дедім, ғой!.. Желкең үзілгір, қинама атты!..
Әжібек болса бет-аузын қисаңдатып оны мазақтап қойды:
− Кинәмә әтті,- деді тілін шайнай мәңкілдеп,- Өй, кәкпәс. Өлтіріп кеттім бе десем тірі тұр ғой, әлі.
Әрине, Байдалы шал алыстан мұның бет-аузын қисаңдатып мазақтағанын да, айтқан сөздерін де көріп, естіп тұрған жоқ.
Әжібек көлеңкесіне қарап қойып:
Гик-кай-ги-га-га-га
Гик-кай-ай-а-ай… −
деп еліре әндетіп, атты тағы да езулеп, тебіне түскен. Едәуір ұзап барды да кенет тізгінді тартып, тағы кейін қайырылды.
− Әй, Қанат, бері келші! — деді маған. Мен жүгіріп қасына барғам.
− Сен неғып жүрсің мұнда?! — деді қабағын шытып.— Дабай, үйіне қайт! Көкеңнен қаралы қағаз кеп, жұрт соны естірткелі үйіңе жиналып отыр, ал сен болсаң, панимайш, ойнап жүрсің. Өй, доп қуған дозар!..