Knigionlineru.com » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

− Иә, Шіркін, айғырым-ақ еді-ау. Сонау Ұзынбұлақта болатын үлкен той есіңде ме? Жұрт көкпарды колхоз-колхоз боп жақ-жаққа бөлініп тартысып еді ғой. Әуелде біресе қапшағайлар, біресе қоңырлар алып, бірақ ешқайсысы ұзаққа әкете алмаған. Көкпарға бергендері бір нән серке екен, тіпті ешкім өңгеріп жүре алмай, қайта-қайта түсіріп алады. Мен болсам, жұрт біраз қызықтай түссін деп Жирен айғырды тың сақтап, шеттеу жүргем. Бір кезде шыдай алмай кетті-ау деймін, өзіміздің Байарыстан: «Ой, өңшең тыраштар, көкпарды өстіп тарта ма екен»,- деп, атын тебініп қап, тартыстың ең ортасына кіріп кетті де, серкені қос қолдап төбесіне көтеріп, суырып алып шықты.

− Паһ, шіркін, азаматым, балуан еді ғой.

− Серке сөз бе екен. Байарыстан дегендер құдыққа түсіп кеткен атан түйені жұлып алушы еді ғой,- деп басқа шалдар да бір-бір үн қатысып қалды.

− Иә, сонымен,- деп Байдалы шал әңгімесін жалғастырды,- әлгі Байарыстан жұрт алдына өңгере алмай жүрген нән серкені лақ көтергендей төбесіне көтеріп алып шықты да: «Мә, Байеке, әкет, тарт ауылға!» деді. Серкені алдыма өңгердім де, Жирен айғырдың басын қоя бердім. Жануар, зорға шыдап тұр екен. Тақымды қысуым-ақ мұң екен құстай ұша жөнелді. Ауыл қайдасың деп аңырады-ау, дейсің. Мен болсам серкені түсіріп алмайын деп үстінен қос қолдап басып, ердің алдыңғы қасына етпеттеп жатып алдым. Осы төңіректегі алты колхоздың небір бота тірсек саңлақтарына шалдырмай ауылдан кеп бір-ақ шықтым ғой.

− О, Жирен айғырлар мал емес құс еді ғой, жануар,- деп шалдардың бірі қостап қойды.-Менің де бір көкпарға түскенім бар Жирен айғырмен. Жануар көкпардың жайын адамнан артық түсінетін.

− Иә, иә. Алдыңғы жылы өзін әскерге әкеткенде, әлгі боянкомның1 адамы: «Нағыз қолбасшы мінетін айғыр екен»,- деді ғой.

− Сөйдеді ме тіпті?!

− Міне, Жақып тірі ғой, осының көзінше айтқан.

− Онысы рас,- деді сөзге сараң Жақып шал да.

Бұл кезде Тоқтар әлгі Жиренқасқа бестіге бұғалық салған. Құдай сақтасын, асау деп осыны айт. Аспанға шапшыды дейсің кеп, шапшыды дейсің. Арқаннан шірене тартқан төрт-бес адамды қаңбақ құрлы көрген жоқ. Тулап-тулап, ақыры жұлып шықты да құйрығын тік шаншып ап құла дүзге бет алып, шыбын-шіркей боп жөнелді. Тоқтар ерттеулі тұрған бір атқа міне сап қуған болып еді, қайда Жиренқасқа мүлде қарасын көрсетпей кетті.

− Е, бәсе, шын асау осылай болушы еді. Шіркіннің шапшуын көрдіңдер ме. Атым-ақ болғалы тұр екен,- деді айызы қанып, риза болған Байдалы шал.- Ал, бала, екі айналымға келмейтін мәстектерді үйретіп мәз болғанша, енді мықты болсаң осы Жиренқасқаны үйретші,- деді Тоқтарды қайрай түсіп.

Тоқтар жылқыдан қашаған қуатын Көкбиені ұстап міне сап, Жиренқасқаның соңынан кеткен. Әлден уақытта асауды кейіп қайырып оралды. Қашаған қуып әбден әккі болған Көкбие бастырмалатып-ақ келеді екен, тіпті жалтартпайды. Жылқыға жете бере Жиренқасқа шабысын сәл баяулатып, Көкбие онымен үзеңгілесе берген. Енді байқадық: Жиренқасқа шұбатылған бұғалықтан әйеншектеп, бір қырындап, көсіліп шаба алмай келеді екен.

− Қап, өстіп жүріп осы жалғыз арқанды құртады-ау,- деді Байдалы шал күйзеле сөйлеп, онан соң Тоқтарға дауыстады: — Әй, анау арқанды… арқанды босат!..

Мұнан әрі қалай болғанына тіпті көз ілеспей қалды. Тоқтар шауып келе жатқан бойда лып етіп Жиренқасқаның үстіне бір-ақ ырғып мінді. Мұндай оқыс қимылды күтпеген Жиренқасқа ышқына кісінеп жіберді де атқақтай тулап, қарғып-қарғып кетті. Бірақ Тоқтар оның жалына тастай қатып жабысып былқ еткен жоқ. Жиренқасқа дүркірей үріккен жылқыдан кейін бұрылып ап, тулаған күйі далаға қарай қайта алып жөнелген. Шұбатылған бұғалық жерді кесіп шаң көтеріп барады.

− Ойпырмай, асауға жүгенсіз мініп мына Шымырбайдың баласы жүрек жұтқан екен.

− Жазым болмаса игі еді.

− Арқанға аяғы шалынысып ат жығылмасын десеңші. Онда екеуінің де мойыны үзіледі,-десіп шалдар дүрлігісіп тұр.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий