Knigionlineru.com » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Абай Ақбаспен амандасып отыра беріп, үлкен бөлменің ішіндегі кітаптарға қарады. Мол үйдің төрт қабырғасы бірдей иін сүйесіп тұрған көрікті кітаптар.

Барлық әңгіме бойында Абай осы көріністен көз ала алмай, қайта-қайта айналып қарап отыр. Бір үйден, бір кісінің қасынан мұншалық көп кітап көргені осы.

Ақбасқа Абай арыз ұсынды. Ерболмен екеуі қол қойып, Жігітек кісілерін ақтаған екен. Бұлардың, әсіресе, арашалайтыны - Базаралы, Қаумен, Үркімбай сияқты жандар.

Тілмәш арыз жайын айтып болған соң, Ақбас Абайдың аты-жөнін сұрады.

Жас жігіт өзін Құнанбаевпын дегенде, адвокат жалт қарап, таңданыңқырады да, алдыңғы арыздарды қолына алып, бірдемені іздей бастады.

Оны таңдандырған нәрсе, болыс пен бұл жігіттің ортақ фамилиясы. Осы жөнін айыра сұрап кеп, Абайдың Тәкежан болыспен туысқан екенін білгенде, адвокат, әсіресе, таңырқай түсті.

– Сенің туысқаның бұларды қуып отырса, сен кеп ақтайсың да қорғайсың!

Бұл қалай? - деді.

Абай тілмаштан ұғынды да:

– Рас, болыс менің бірге туған ағам. Сондай жақын кісі болғандықтан қасында отырып, жаман істерін анық көріп, толық таныдым. Жұртқа істеген әділетсіз зорлық, қиянатын көрген соң, үндемей отыруға шыдамадым.

Адамшылық қарызы осы деп, әдейі өзім тіленіп келдім. Ұлық та емеспін, ақы алған қуғыншы да емеспін. Жауапкер Қаумеповпен бірде-бір ілік жалғасым да жоқ. Мына жолдасым Ербол да солай. Екеуміз тура көлденең, бөгде кісінің куәлігін айтпаққа келдік. Арызымыз соның жайы. Егер ұлықтар, соттар барлық істің хақиқатын білем десе, осы біз сияқты көлденең, қалыс ағайыннан шындықты сұрау қажет деп білеміз. Біздің арызымызда осы жайды анықтап, дәлелдеп жазуыңызды өтінеміз! - деді.

Бүгінгі шаруаның үлкені осы. Абай сөздерін Ақбас жақсы ұғынды.

Ұғынды да Абайдың жүзіне ырза боп қарады. Адамшылық дейді, қарыз дейді. Көшпелі, жабайы халықтың адамы болса да, мұның аузында үлкен сөздер бар.

Ақбас білімді, тіс қаққан адам болғанмен, қазақ арасына жаңада келген.

Бұл халықты білмейтін. Өзі бір кезде Петербор тұрғыны болатын. Сол жақта, жасырақ кезінде, патшалық өктемдігіне наразы болған қауымдарға азырақ араласқан. Сондайдың салдарынан, Петерборда тұра алмайтын боп, жылжып кетті. Бертім заманда алғашқы қауымынан да ажырап, жалғыз қалды.

Содан кейін шетірек жерлерде адвокаттығын қайта жүргізуге рұқсат алып, тыныш тіршілікке көшкен. Көп уақыт Еділ бойында, Орал тауларында жүріп, соңғы екі-үш жылдың ішінде Сібірге орналасқан. Өзі ғылымға бейім, оқымысты адам болғандықтан, Ақбас енді қазақ сияқты елдің әдет-ғұрпын, заң-дәстүрін жиыстырып, тексерсем деп жүретін. Шен дәрежесі үлкен болмаса да, бұл шаһардың білікті, басты адамы осы.

Жаңағы арыз жөнінен Ақбас берген бірнеше сұрауларға жауап айтып болды да, Абай тағы кітаптарға қадалды. Қайраң боп, сүйсініп отырып:

– Шіркін, жасау мен жиһаз асылы мынау екен ғой. Жарастық қандай, қасиет қандай! - деді.

Тілмәш Ақбасқа Абай сөздерін аударып берді.

Осы уақытта Абайдың көзі жақын жердегі жақсы мұқабалы бір топ кітапқа түсті.

– Мынау закон кітабы ма екен? Не жайдағы кітаптар екен, ә?.. - деп, ойлана сөйледі. Ол кітаптар Пушкиннің томдары еді.

Ақбас әуелде ұғындырмақ боп: «Ол закон емес, поэт жазған сөздер...» деп келді де, артынан қолын сілкіп:

– Сен білмейсің... оны білу қиын! - деді.

Өз ойынша: «Поэт, «киргиз» сияқты елде жоқ болар, сондықтан ондай ұғым да жоқ болар!» деп, сөзді қысқа қайырған.

Абай тілмаштан білмек болды. Ол «поэт» деген сөздің қазақша не екенін ойлап көрмеген екен.

– Әнші... Әнші кітабы... - деп, Ақбас сияқты қысқа қайырды.

Абай әнші деген сөзге тоқтай алмай:

– Қалай дейсіз? Әнші дейсіз бе? - деп, түсіне алмады. Тілмәш Абайды керексіз сөзден тоқтатпақ болып:

– Сен білмейсің, ұқпайсың деп айтады мына кісі, - деді.

Абай намыстанып қалып, мысқылдай күлді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий