Knigionlineru.com » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Базаралы жаңа келіп, өзі жүрген жайларын айтып отырғанда, Ербол қайтып келді. Қап-қара боп түтігіп, ренішпен келді. Бірақ Абай жөн сұрағанда іркіліп, бөгеліп қалды. Базаралыдан қымсынады, көрініп тұр. Абай салмақ салып:

– Есіткен-білгеніңнің бәрін айт, несін іркесің? - деген. Содан соң ғана шешіліп:

– Мына Тәкежан, Майбасар ма!.. Құртар бұл елді, өртемей тынбас, - деп алып, тізімде бар кісілерді санай бастады. Ұрлыққа, ұрыға өмір бойы шиыры қосылып көрмеген талай кәрілер мен жастар бар екен.

Абайға бәрінен сұмдық көрінгені Базаралы жайы.

– Не дейді?! Не көкиді мынау әңгі соқырлар?.. - деп, қатты ашуланды.

Базаралының өз жайын есітіп отырғаны осы болатын. Кейіс, реніштен түк белгі берген жоқ. Қайта сақ-сақ күлді. Абай мен Ербол таңқалып, мұның түсіне қарасқанда, көкшіл тартып сұрланған ыза көрді.

– Бір өкінішті Байдалыдан есітіп ем бүгін. Ендігі өкініш өзіме кепті.

Тобынан жырылып жалғыз жорытқан кек қасқырдай менікі не әуре десеңші?

Тәкежандар ұры атандырмасын деп, бұққан боппын. Балағаздар ұры емес...

бұзық емес еді, Абай. Бар қылықтарын есітіп біліп жүрсіңдер. Жұртқа мәлім сүмелек ұры ма еді солар? Айтыңдаршы... - деп, Абайға қарады.

– Ұры емес. - Бұзық емес. Айтқаның рас! - деп, Абай мен Ербол қатар қостады.

– Ендеше солардың тобында болмай, кеткенде бірге кетпей, мен не сандалып жүрдім... - деп, Базаралы тоқырап қалды.

Ерболдың да өз өкініші бар. Бүгін Тәкежандардың түрін көріп, жол бойы осыны ойлап келген.

– Әттең, Абай-ай, кеше әкең болыс бол дегенде болмаймын деп, бас тартқаныңды қайтейін?! Тым құрыса, елге жаның ашыр еді. Мынандай сұмдық істетпес едің ғой. Не көріп, не болып отырмыз енді, міне? Үйде отырып, ұялғаннан жерге кіресің. Қолдан келген жақсылығың со ма? Айтпай қайтіп шыдайсың? - деді. Базаралы Ербол сөзін дұрыс көрген.

– Онысы рас. Тым құрыса, адалыма ара түсер едің ғой! - деді.

Абай үндеген жоқ. Болыс болмағанына өкінейін деген жоқ-ты. Бірақ өз басын әке салмағынан құтқарам деп, Тәкежанға қарсы болмағанына өкінді.

Бір шешеден туған бауыр деп аталса да, қазірде Тәкежан соншалық суық, жаттай көрінеді. Бұдан бұрын да талай кездесті. Басқан сайын ұғысу емес, аралары алыстап барады. Әлі де алдағы күнде көп шайқасатын қас-қайрат сол сияқты сезілді. Соның басы осы болар ма? Бұдан былай бұйығып отыра алмайды. Базаралыны аяйды. Оның айналасындағы жазықсыздарды аяйды. Сол аяғаны шын болса, бел шешіп араласып, тартысып көреді. Қазір де іштей байлаған байлауы осы. Базаралының сөзінен соң аз үндемей отырды да:

– Базеке, адалыңа ара түспесем, азамат болам ба? Тәкежанның күші елде емес, қалада екен ғой. Ендеше алдағы күнді сол қалада сынайық. Мен ертең Семейге жүрем! Осы істерін аяқтағанша жоқшының бірі мен боламын! - деді.

Базаралы Абайға ырза боп, шын сүйсіне қарады. Бұл ауылдан іздегенін алған сияқты боп, көңілденіп кетті. Қолма-қол жүрмек болды. Асқа қара дегенге қарамады. Тез аттанды да Қарашоқыға тартты.

Ел орынға отыра Құнанбай аулына келген-ді. Нұрғаным үйлері қонақсыз оңаша екен. Бірақ Құнанбай Базаралы келді деген хабарды естігенде, өз үстіне кіргізген жоқ.

– Анау қарсы үйде болсын, ас-суын сонда беріңдер! - деген.

Қонақ үйде жалғыз отырып, қызметші қатынның қолынан шай ішті де, Базаралы Құнанбайдың өз үйіне кіріп келді. Сыртқы киімі жоқ. Бешпентшең, жалаңбас келген. Нұрғаным ертекші еді. Құнанбай жас тоқалына ертек айтқызып, аяғын сипатып отыр екен. Жігіт сәлемін салқын алды.

Бірақ Базаралы бұл келісінде Құнанбайдың қабағын бағайын деп келген жоқ. Отыра сала, сөзіне кірісті. Түсінде қымсыну жоқ. Ағы - ақ, қызылы -қызыл боп, жайнап отыр. Ызасы мен адалдығы бұны жанып салғандай.

Жарқыраған жүзіне жатық шыққан сөзі де сай.

Нұрғаным бұның жүзіне қадала қарап отырып, бір ағарып, бір қызарды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий