Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Ішкілік мәжілісіне қатысқандар корольді айнала қоршай отырысты. Муани-Лунга аяғын тәлтіректей басып қазанға барды. Қайнап жатқан арақ корольді өзіне қарай магнитше тартып бара жатыр. Король ошақ басына барды да, сүңгіп кеткелі тұрғандай-ақ қазанға үңіле қалды.
Альвец маскүнем патшаны сүйемелдеп тұрып қолына білте ұстатты да, ұшына от тигізді.
— От! —деп айқайлады ол сиқырлы күлкімен.
— От! — деді де Муани-Лунга жанып тұрған білтені қазандағы спиртке тигізді. Спирт от алған бойда қазанның бетінде көгілдір жалын ойнады. Ішімдік күшейген үстіне күшейе түссін деп Альвец қазанға бір уыс теңіз тұзын таптап жіберді. Қазанды айнала қоршаған адамдарға, жанған спирттің көгілдір сәулесі түскенде, елес сияқтанып көрінді. Жабайылар арақты ұрттамай жатып-ақ қайнап жатқан спирттің исіне де мас боп қалды, қол ұстасып би билеп Казонде королін шыр айнала өкіріп-бақырып базар алаңын басына көтерді.
Құл саудагері ұзын сапты ожауын қолына алып қазандағы пуншаны сапырып тұр.
Мәртебелі король қазанға төніп барды да, Альвецтің қолындағы ожауды жұлып алып, жалындап жатқан пуншаға бір көсіп жіберді де, толы ожауды сіміріп салып шыңғырып жіберді.
Жастайынан-ақ спиртпен ысталып қалған мәртебелі король, от алған бензиндей лап етіп тұтанды да кетті. Король денесі алаулап жанбаса да, сөнбестен күлгірлеп жана берді. Аяқ астынан тап бола кеткен бұл көңілсіз уақиға сауықшылардың көңіл-қошын быт-шыт қылды.
Корольдің бір министрі әміршісінің денесін қаулаған отты сөндіруге қамданып қожайынына жақындай беріп еді, өкінішке орай, король сияқты, ол да тірілей-ақ спирттеліп қалған екен, сол сәтте-ақ жана бастады.
Мына үрейлі өлім корольдің сарай адамдарын түгелдей қаусатып жіберді. Өйткені, министрлердің бәрі түп-түгел маскүнем болатұғын.
Альвец пен Негоро жанып жатқан корольдің отын сөндіруге батылдық ете алмады. Өйткені, олардың өздері тірілей спиртпен ысталған жандар еді. Король әйелдерінің үрейі ұшып бет-бетіне қаша жөнелді. Ал, Коимбра корольге жақындаса-ақ болды, отқа бензин тамызғандай-ақ, лап ете қалатынын біліп әлдеқашан зытып тұрған.
Король мен министр күйген терідей құрысып әлі шыңғырып, күйіп жатыр.
Алкоголь еттің майлы тарамына әбден сіңіп алса, жанған кезінде майлы денеден болмашы ғана көгілдір жалын көрінеді, оны сумен сөндіру мүмкін емес. Спирт сіңген жанды организм жанса, оны сөндірудің ешқандай амалы жоқ...
Бірнеше минуттан соң корольдің өзі де, министрі де тіршілікпен мәңгілік қош айтысты. Бірақ, олардың өлі денесі сөнбестен жана берді. Кешікпей-ақ пунша толтырылған қазан басында бір уыс күлмен, жанып бітпеген саудыраған сүйектер ғана қалды.
Казонде королі мен оның бас министрінен қалған жұрнақ міне осы ғана.
Он екінші тарау
КОРОЛЬДІ ЖЕРЛЕУ
Ертеңіне, майдың жиырма тоғызы күні Казонде қаласы адам танығысыз түрге айналды. Жергілікті халықтар көшеге шығуға қорқып үйді-үйлеріне тығылысты. Құдай тектес король мен министрдің өліміндей жантүршігерлік өлімді олар ешқашан көрген емес. Жергілікті халықтардың арасында кейбіреулері, қарттары ғана жай адамдардың етін отқа қақтап көргендері бар-ды. Африканың өткен замандағы адам сойып өткізетін мерекесіне алдын ала зор дайындық керек, өйткені адам еті оңайлықпен қуырыла қоймайтынын сол дәуірдің кәрі көздері жақсы біледі. Ал король мен министрдің денесі қураған тамызықтай-ақ оп-оңай жанып кетті. Мұнда бір құпия сыр болуы мүмкін...
Хозе-Антонио Альвец те үйінен шықпай жатып алды. Ол, мына уақиғаның жауапкерлігін жұрт өзіне аудара сала ма деп қорыққан еді. Негоро оған король өлімінің себебін түсіндіріп, өзің де сақ бол деп ескертті.