Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев
-
Название:Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:107
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».
Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
Нанды көзіме тақап әкелдім де, бір түрлі үріккен жүзбен тесіліп қарап алдым. Сосын екі танауыма кезек-кезек басып, иіскедім. Иіскеген сайын тыжырынып, басымды қалтыратып қоям. Аузымды арандай етін ашып, көзімді бір жұмып, бір ашамын. Аузымды және бір ашқан кезде нанды өңешіме қарай тастап келіп жібердім. Сосын көздерім алақ-жұлақ етіп, обырланып шайнай бастадым.
Құдай оңдап, осы қимылымның бәрі де сары қызыға әсерлі шықса керек. Ол ішек-сілесі қатып, күлді – Мә, тағы да орысша же!
Тағы жедім. Жаңағыдан гөрі де құбылтып, әсерге бақтым. Жаңа тың құбылыстар ойлап табам. Қыз риза, нанынан үзіп бере берді. Ең қызығы бір үзім наны қалғанда қыз:
– Қалмақ қалай жейді? – деп сұрады. Енді ол мені цирктің бір ойынынан бір ойыны қызық дарақышысы тәрізді көріп алды.
– Қалмақ па? Қалмақ нан жемейді.
– Енді не жейді?
– Қалмақ тек кәмпит немесе қант жейді.
Сары қыз үйіне жүгіріп кетіп, бір уыс етіп кәмпит алып шықты. Қойдың құмалағындай домалақ арзан кәмпиттер. Мә деп, маған қалмақша жеуге әуелі соның бір түйірін берді.
Кәмпитті қолыма алып, тағы да ойланып тұрмын. Қалай жесем «қалмақша» болады? «Қалмақша» бұл жақсы сәтті желінсе, ана басқа кәмпиттер де менікі болады ғой.
Жаңағы көрсеткендерімді қайталау жарамайды. Оның енді еш қызығы болмайды.
Есінеген адамша аузымды кең етіп аштым. Қайта жаптым. Тағы ашып, тағы жаптым. Мұрнымды тыжырып, басымды шайқап-шайқап қойдым. Бұның бәрі түк ойлап таба алмағанның далбасасы еді.
Аузымды және бір ашқанда, кәмпитті көмейіме қарай жіберіп кеп қалайын. Көздеп, дәл жіберсе де мұндай болмас, өңешімдегі тілшікке жабысты да қалды. Жұтпақ болсам, жүрмейді, кептеле түседі. «Қых, қых» деп, кәдімгідей шындап қақала бастадым. Кәмпиті құрғыр не ары, не бері кетпейді, тынысымды бітеп, өлтіріп барады. Көзім алақтап, өз мойнымды өзім тырналап, жанталасып жатырмын. Нағыз «қалмақша» жеу осы болды. Өлдім-талдым дегенде кептелген кәмпит ары еткендей болды. Тынысым ашылды. Өзім терлеп те кеттім. Жағамды ағытып, есімді жинай алмай жатсам, сары қыз және бір тал кәмпитті аузыма тықпалап:
– Мынаны да қалмақша же, – дейді.
– Өй, кәмпитің де, өзің де құрып қал! Жоғал аулақ!
Соңыра тіптен қызық болды. Бәріміз шай ішіп отырғанбыз. Кенет сырттан сары қыз кіріп келді. Екі үйдің еркесі, оған жол бос. Әркімдерді кимелеп, дастарқанға кеп, бір жапырақ нан алып:
– Мә, орысша же! – деп, менің аузыма тықпалап жатыр.
Мен не айтарымды білмей, сасып қалдым. Отырғандар және аң-таң.
– Мынау не айтады? – дейді Әлғожа.
– Мына неменің орысшасы несі? – дейді Тынымжан.
– Мынау нанды орысша жейді, қызық жейді. Менде бір пәле бар екенін бірден сезіктенген Әлипа болды.
– Таста нанды! Орысшасы несі? Дәу де болса мына қу бірдеңе ойлап тапқан ғой!
Артынан оңаша жерде сары қызға түсіндіріп жатырмын:
– Сен маған жұрт көзінше орысша же деме, ұқтың ба? Жұрт бар жерде болмайды. Нанды да, кәмпитті де оңашаға алып кел.
– Мақұл.Елемес екеумізСіздер Елеместі білесіздер, сары қыздың ағасы. Екеуміз бірге оқимыз. Бойы менен ұзын, дүрдік ерін, аузынан сөзі, қойнынан бөзі салбыраған момын. Ол да сары. Бірақ әкесі тәрізді шикіл сары емес, қоңырлау. Елекең жуынып шайынуға онша құштар адам емес, оның қоңырлау көрінетіні, мүмкін, сондықтан да шығар. Елеместің жасы менен үш-төрт жылға ересектеу. Онымен тең-тұс балалар орталау мектепті баяғыда бітіріп, орта мектепте оқып жүр. Ал Елекең асықпайды, кластан класқа жайымен, кейде, екі жылда аттайды.
Елемес екі нәрседен қатты қорқатын еді. Бірі даладағы қасқыр (Қасқырдан кім қорықпайды?). Ал екіншісі мектептегі оқу.
Қасқырмен ол әлі бір де бір рет бетпе-бет келіп көрмеген болар. Ал оқуы түскірмен күн сайын бетпе-бет келеді. Оқу оның жынына күнде тиеді.