Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев
-
Название:Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:107
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».
Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
Кешкі астың үстінде Әлипаға мені бөлек тамақтандырудың реті келмейді. Дастарқанға жалпы жұртпен қатар отырам. Менің дәл қасыма тақалып Әлипа отырады. Көзінің қиығымен оның аңдыған-баққаны енді мен болам. Қолым табаққа қарай қозғалғанда, Әлипаның көзі қуалап бірге қозғалады. Тоқ жүріп жатқан жалаңаш сымды ұстайтын адамша саусағымның ұшы дір-дір етіп, мен етті әзер іліп аламын. Аузыма асықпай салып, тоқмейілсіп, өте бір сабырмен шайнап жеймін. Әлғожа мен Тынымжанға бұл ұнамайды. «Әй, жөндеп ал! Жігіт адамша асап-асап же!» – дейді Әлғожа. «Сен өзге жұртқа қарама, жеп-жеп, тойып ал», – дейді Тынымжан әпкем.
Осы сөздер қамшы болады да, менің қолым табаққа батыңқырап кетеді. Бұл енді Әлипаға ұнамайды, сүйекті қатқыл шынтағымен ол өзге жұртқа сездірмей, бүйіріме түртіп келіп қалады. Сұғанақ болма, байқа дегені.
Табақтағы ет азая бастағанда Әлипа қонақтарға «алыңдар, жеңдер» деген болып, менің алдымдағы етті ары қарай сырып-сырып тастайды. Менің алдым тақырайып бос қалады. Бұл оның сен енді тойдың, доғар деген сөзі.
О, Әлипада айла көп! Тамақтан шет қағудың ол неше алуан тәсілін ойлап табады. Ет туралып болып, жұрт жаппай сұғынған кезде ол кенет: «Қораның аузы жабылмады ғой деймін. Бөтен сиыр кіріп кетіп жүрмесін, барып жауып келші», – дейді маған. Мен тұра кеп жүгірем. «Жабық екен» деп, қайта қайтып келем. Еттен енді ала бастағанымда, Әлипа тағы жұмсайды: «Самауырдың отын қарап келші, өшіп қалмап па? Сөне бастаса, үстемелеп жаңқа салып қой».
Мен өртке жүгіргендей замғаймын. Әлгінің бәрін бірер минутта тындырып, қайтып келем. Тез оралуым Әлипаға ұнамайды, «не көрінді соншама, жау қуды ма» деп, алара қарайды. Тамақ желініп болмастан «ана үйден сорпа ішетін екі-үш кесе алып келші» деп және жұмсайды.
Мен оралғанша тамақ жиналып қалуы мүмкін. Осыны ойлап, қалай да есем кетпесін деп, етке шеңгелімді мықтап бір батырамын. Көрші үйге жеткенше асап жеп барам.
Тынымжан әпкем шешесіне тартпаған алтын адам ғой! Мені әлсін-әлсін безектетіп жұмсай бергенге ол шыдамай кетуші еді.
– Немене, балаға тамақ жегізбейтін болдың ғой! Барма! Тамағыңды жеп бір-ақ бар! – дейді.
Кәрі сүйек Әлипа кейде ауырып қалады. Сонда да пісі-күйік тамақтың кілтін қолынан шығармайды. Ыңқылдап жүріп, дастарқанды өзі жаяды, өзі жинайды.
Дегенмен, қытымыр кемпірге мен-дағы есемді жібермеуші едім.
Күндіз сабаққа ас үйде отырып дайындалам. Әлипа бір кіріп, бір шығып, шаруа істеп жүреді. Кейде оны-мұны жұмыспен көршіге – Әлғожаның ағасы Қожаның үйіне кетеді. Тез оралмай, шай ішіп, бөгеліңкіреп қалады.
Мен бұл кезде сабақты қоя салып, жанбағыстың біраз әрекетіне кірісем. Ықтияттап, буып қойған дастарқанды тез шешіп, тураулы нанның бірнеше жапырағын қалтама жымқырып алам. Сосын ойнаған болып, далаға шығып кетіп, жеп келем.
Кейде дастарқанда тураулы нан болмайды. Тапа нандар кебежеде. Кебеженің аузы құлыптаулы. Түп жағынан ашылатын кішкентай ақ құлып.
Менің құлып ашу үшін жасап алған бірнеше істік сымдарым, шегелерім болады. Мынау ақ құлып бұйым ба? Бұның көкесіндей құлыптарыңды ашып та, жауып та, білгенімді істей алам.
О! Бар байлық кебежеде! Тапа-тапа нан, құрт, май, қант... Менің көзім тұнып кеткендей болады. Құрттың екі-үшеуі, бірнеше шақпақ қант лезде қалтамның түбінде жатады. Тапа нанның бүтініне тимеймін, тисем, пәле емес пе? Қай нанның қашан үзілгені Әлипаның көңілінде жаттаулы.
Үзік нан болса, содан ғана өте еппен, Әлипа сезбейтіндей етіп, үзіп алам.
Ақ құлып басып калсаң, шырт етіп, өзі жабылады.
Осының бәрін мен бас-аяғы бірнеше минутта істеп үлгеремін. Қолдарым кебеженің ішін «реттеп» жатқанда екі көзім терезеден сыртты бақылауда болады. Әлипаның қарасы көрінгенде, аласа столға жабысып, сабақпен басым қатқан боп, тұнжырап отыра қалам.