Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев
-
Название:Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:107
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».
Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
Мен міне, оған Іргеш деп қиылып тұрмын. Маған нөкер бол, оңбаған Баймырзаларға біз әлі танытамыз. Олардың қарулары қару ма, тәйірі. Біз нағыз атылатын қарудың өзін жасап аламыз деймін.
Шатаққұмар Іргебайға тамақ бермесең берме, төбелес тауып бер. Ол менің ұсынысыма қуана-қуана келісті.
Рамазан мен Іргебай нөкер, мен командир. Енді тек қарулану қалды.
Шындап қарулану.
Кәдімгі тарс етіп атылатын нағанның өзін жасамақ болдым. Бәлем Баймырзаның үрейін мықтап бір ұшырмақпын. Көздеп атып, жазым қып, пәлесіне қалып жүрмейін, әрине. Басынан асыра гүмп еткізсем де екі көзі алақандай болмай ма?
Менің атағы жер жарған конструктордың иығында тұру үшін жаралған тапқыш басым шын нағанды қалай жасауға болатынын оп-оңай-ақ ойлап таптым.
Атамның көне заттар «музейінде» бел ағашта шыбық тәрізді жіңішке, іші қуыс мыс түтіктер қыстырулы тұратын. Соның бірін дүниеқор қартқа білдірмей жымқырдым да, нөкерлеріммен бірге үй маңынан аулақ оңаша кетіп, іске кірістім. Түтіктен бір сүйемдей кесіп алдым. Бұл болашақ нағанның стволы. Ағаштан істелген ойыншық нағанның үстіне әлгі стволды екі жерден сыммен буып бекіттім. Стволдың түп жағы қайырып жапырылған, бітеу. Дәрі аузынан салынады. Түбіне тақау арадан егеумен егеп, тебеннің көзіндей тесік жасадым. Дәріге осы арадан сіріңкемен от бермекпін. Сонымен, кісі өлтіруге жарайтын сұсты қару оп-оңай дайын болды.
Іргебай тақыр шалбарын қаудырлатып, үйіне жүгіре жөнелді де, аңшы әкесінің оқ-дәрі сақтайтын қобдиынан бір уысқа жуық дәрі ұрлап әкелді. Шырпының күкіртін уатып салса да атылар еді. Мүмкіндік боп тұрғанда шын дәрімен атқанға не жетсін!
Стволға әуелі шақтап дәрі салынды. Одан соң қағазбен тығындалды. Оқ орнына бірнеше түйір тас салынды. Және тығындалды. Енді айбынды қаруды тек атып сынау ғана қалды.
Үй маңынан алыс кетіп атпасақ, атам естіп, сезік алуы мүмкін. Үлгілінің бас жағындағы жаман тамдарға қарай келе жатырмыз. Құр далаға атпай, сауысқан, қарға атып, мылтығымыздың керемет күшін көзбен көріп білгенше асығыспыз.
Содан кейінгі кезек менің ата жауым Баймырзанікі.
Ауыл маңында не көп – қарға көп. Жарбиған бір қарға тамның қырында ары қарап қонақтап отыр. Бізден сезік алып, ұшайын демейді. Бізді тіпті адам орнына оқынбайды. Шамасы отыз метрдей жақын кеп, тұра қалдым.
– Ал ат!
Әскери адамдардың тік тұрып, наған атқанын көргенім бар. Соларға ұқсап, бір аяғымды алғарақ жіберіп, көздеп тұрмын. Іргебай мен Рамазан екеуі екі жағымда.
Қарға тіпті селт етпейді. Тигізбей қал деп, мені келеке еткендей жалпиған жон арқасын қайта тоса түседі.
Стволдың түп жағына, тесікшенің дәл аузына тақап бекітілген шырпы талын сіріңке қорабымен сүйкеп келіп қалайын. Бжт!
Бұдан соң не болғанын есіме алсам, күні бүгінге дейін денем түршігеді. Жарқ еткен қызыл жалын беті-басымды көміп кетті. Наған ұстаған қолымды әлдекім керемет қатты күшпен артқа қарай серпіп лақтырып жіберді. Көзімді тарс жұмып, мәңгіріп тұрып қалдым.
Көзімді қайтадан ашсам, көк ала түтіннің ішінде тұр екенбіз. Бармысыңдар, тірімісіңдер дегендей екі нөкеріме қараймын. Бар, тірі, бірақ екеуінің де түрлері түр емес. Көздері бақырайып, боп-боз боп, қандары қашып кеткен. Сия шашыраған тәрізді шұп-шұбар бірдеңе беттеріне жұғып қалған.
Менің қолымдағы наған қайда? Наған жоқ. Неге екенін білмеймін, жарбиған жаман қарға өлмек түгіл ештеңе де болмаған. Анадайда қалбақтап ұшып бара жатыр. Артына жалтақтап қарап қойып ұшады. Өлмесе, өлмесін, зәресі зәр түбіне кетіп, қорықты.
Наған табылды. О, ғаламат! Жерде жатыр, стволдың орнында оттан суырып алған мыж-тыж жаман қара темір...
Біртіндеп есімізді жиып, біріміздің біріміз не болғанымызды зерттеп, қарап жатырмыз.