Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев
-
Название:Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:107
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».
Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
Ана үй, мына үйден жинастырған бала саны көбейе берді. Айдаушымыз Нұрғазы. Қойша топырлатып, қуалағаннан қуалап, екі шақырым жердегі Киікбай ауылына алып келді.
Мынау, міне мектеп – ауылдан шеткерек шаңы аз көгал жерге тігілген кәдімгі киіз үй. Осы киіз үйде біздің тұңғыш сабағымыз басталды. Мұғалім әнеугүнгі қасқа бас жігіт. Ныспысы – Сағатбай Хасенұлы.
Ол кезде жарымыншы класс дейтін болатын. Біз сол жарымыншы класқа жиналған, бұрын мектеп есігін көрмегендерміз. Жалпы санымыз отыз шақты. Жарым-жартымыз Киікбай, жарым-жартымыз Найза ауылының балаларымыз.
Парта жоқ. Бірімізге біріміз сығылысып, малдас құрып, жерде отырмыз. Киіміміз былғанады, астымыздан сыз – өтеді деп, қорыншақтайтын біз емес. Күл мен топыраққа еркін аунап өскендігімізді көрсетіп, мұғалім отырыңдар дегенде шөге-шөге кеткенбіз.
Сауатымыз бірдей болғанмен жастарымыз бірдей емес, ала-құламыз. Ең кіші дегендер мен шамалас. Ең үлкен дегендер он бес, он алтыға келіп қалғандар. Кәдімгідей мұрт шығып, жігіт бола бастаған балалар бар.
Бәріміз жарымыншы класс.
Көпекбайдың Жүнісбайы, Батырқанның Жанбосыны, Шықабайдың Тұрсынбайы баяғы заман болса, әйел алуға жарап қалған соқтауылдай жігіттер. Олар да жарымыншы класс.
Мұғалімнің алдында шағын тақтай стол. Жап-жаңа қызыл шүберек жабылған. Осы қызыл шүберек бүгін салтанатты күн екенін аздап та болса білдіріп тұрған секілді.
Қасқа бас мұғалім сүйкімді жұмсақ адам. Көзқарасынан жып-жылы нұр себелеп тұрғандай болады. Дауысы мәнерлі де, құлаққа жағымды.
Бірінші күнгі сабақты ол түгелдей әңгімемен өткізген еді. Өзім өз боп, мен дәл осындай әңгімешіл адамды көрген емеспін. Дүниеде білмейтін нәрсесі жоқ: ғылым жайлы, қазақ халқының өткені мен болашағы жайлы, патшаның құлауы жайлы. Ленин жайлы... көп-көп әсерлі әңгімелер айтып берді. Біз аузымызды ашып, ұйып тыңдағанды ғана білдік.
Сағатбайдың әңгімелерінен мен дүниенің төрт бұрышына сапар жасап қайтқандай әсер алдым. Бір ғана күннің ішінде білмесімді біліп, ақыл-ойға кемелденіп, іштей түлеп шыға келгендей болдым.
Бағана, Нұрғазы оқуға барасың дегенде, ойынды қимай, көңілім күрт түсіп кеткенін есіме аламын. Оқуды мойныма бұғалық түскендей көріп едім. Оның бәрі бекершілік екен. Оқуға жазылғаным қандай жақсы болған, Сағатбай әңгімесінен мен біз секілді кедей балаларының оқуға қолы жетуі тек Совет өкіметінің арқасы екенін білдім. Лениннің арқасы. Бұрынғы заман болса оқу қайда бізге. Байдың қой-козысын бағамыз, малай боп өмір кешеміз.
Лениннің «оқы, оқы, және оқы» деген әйгілі сөзін сол күні Сағатбайдың аузынан естідім.
Сағатбай әңгімелері ғажайып қызық ертегі тәрізді. Қанша тыңдасам, тыңдай бергім келеді. Еш жалықтырмайды. Мен дүниедегі данышпанның данышпаны мұғалім екен деген ойға келдім. Өскенде Сағатбайға ұқсап мұғалім болуды армандадым. Балаларды аузыма қаратып, мен-дағы неше алуан қызғылықты әңгімелер айтып берсем деймін.
Киіз үй мектепте оқып жүріп жаттық.
Әліппе жетіспейді. Екеу ара бір оқулық дәптерді тіземіздің үстіне қойып немесе жерге етпеттеп жатып жазамыз.
Бір күні бормен жазатын тақта пайда болды.
Класком, тазалықшы сайлап алдық. Класком болып пысықтығымен бүкіл ауылға әйгіленген Жүнісбай, тазалықшы боп ішіміздегі ең таза, ең ұқыпты Майра сайланды.
Сағатбайдың алдында кішкентай сары жез қоңырау. Шылдыр-шылдыр еткізіп, үзіліске шығарады. Сағатбай бала мінезді ойын құмар адам. Үзіліс кезінде бізбен бірге қосылып ойнайды. Қалайда бізді зеріктірмеудің өзі де зерікпеудің амалын ойлап табады. Мысық-тышқан, ақ серек-көк серек, үшінші артық секілді ойындар ойнайды.