Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев
-
Название:Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:107
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».
Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
Мен асық бояуға, сақаны тесіп, қорғасын құюға, ләңгі жасауға шебер едім. Осы үшін де Тілеудің ісі түсіп, жалыншақтап жүретін. Тілеу, асық боямаймыз ба? Немесе, сақаға қорғасын құймаймыз ба деп, оның көңілін тауып, қуанта келем. Бұл тәрізді жұмыстарды үйінің артында оңашада істейміз. Қолында наны болса, енді Тілеу аямайды, маған сұратпай-ақ мә деп, жарымын үзіп береді. Үйден тағы да нан әкелуге кетеді. Қолым қимылдаған кезде аузым қоса қимылдауын менің жақсы көретінімді ол біледі.
Председательдің үйінде де шашылып жатқан есепсіз нан жоқ. Тілеу нанды шешесінен өзім жеймін деп, сұрап алады. Оның нанды үйде жемей, далаға тұра жүгіруінен сезіктенген шешесі артынан кейде қуа шығып, үйдің артында бұғыншақтап тұрған мені көріп қояды.
– Оңбаған, нанды кімге тасып жүрсің?! А!
Мен қолдан әр қилы ойыншықтар жасайтын едім. Тігін машинаның жібі оралатын кәдімгі титімдей жұмыр ағаштың екеуін дөңгелек етіп, ағаштан өзі жүретін трактор жасаймын. Артқы дөңгелектің қуысына резинка өткізем де, резинканың бір ұшын түйіп, қуысқа нығыздап бекітем. Екінші ұшына титімдей таяқша ағаш байлаймын. Дөңгелекті трактормен қоса ұстап тұрып, әлгі ағашты саусақпен айналдырсаң, резинка ширатылып қоса айналады. Жерге қоя салсаң, тракторды жортақтатып қуып әкетеді. Резинканың ширағаны тарқағанда, бір-ақ тоқтайды.
Артқы дөңгелектер пышақпен кертіліп, кәдімгі трактордың дөңгелегіндей ирек-ирек тіс жасалған. Түтін шығаратын мұржа, баранка орнатылған. Алдында бұрап, от алдыратын теміріне дейін бар. Қысқасы, сол кездегі дөңгелек ХТЗ тракторынан аумайды.
Базар ойыншықты білмейтін қараңғы ауылда менің өздігінен жортақтап қозғалатын осы тракторымды көріп, балалар түгіл, үлкендер таң қалатын. Бастарын шайқап, мынаның пәлесін қара дейтін. Тілеуге мен осындай трактор жасап берсем, о, онда ол маған үстіндегі көйлегін шешіп беруге даяр.
Көк талдан иіп, садақты әдемі жасаймын. Жебесінің ұшына қаңылтыр қаптаймын. Дән ұшырған жерге торғай қаптап отырады. Дәл ортасын көздеп, атып қалсам біреуіне қалай да тиеді. Оқ тиген торғай тыпырлап ұша алмай жатады...
Қыста ағаш конькиді де балалардың көбінен әдемі етіп жасаушы едім.
Бұның бәрі сөз арасында айтылып жатқан жайлар. Менің айтайын дегенім басқа.
Сөйтіп сол күні мектептен қарным аш қасқырша ұлып, үйге әрең келдім. Шешем жатыр, төсегінде, үндемейді. Пәлен жерде пәлендей тамақ бар, алып жей ғой демейді. Үйде ауызға салар түк жоқ екенін бірден білдім.
Қазақ бұны нырай қалдық дейді. Яғни, ауадан басқа жейтін түк жоқ деген сез.
Өз күнімді өзім көрмек болып сыртқа шығып бара жатыр едім, шешем тоқта деді. Тоқтадым. Шешем ойбайына сүйеніп басын көтерді. Тамақ жасайтын адамша беті-қолын жуды. Бір жаққа қонаққа баратындай әбдірадан таза жаулығын алып киді.
Мен тосып, қарап тұрмын. Біздің үйде үлкендігі кітап бетіндей бір қалың айна бар. Шешем сол айнаны бипаздап тұрып сүртті де, шүберекке орап, қолтығына қысты. Сосын мені қолымнан жетелей үйден шықты. Ауыл совет председателі Батырқанның үйіне қарай келе жатыр. Маған бәрі де түсінікті болды.
Бармаймын деп айтуға дәрменсізбін. Майрадан ұялып әзер келе жатырмын, Батырқанның әйелі есігінің алдында қазанға бауырсақ қуырып жатқанын біз анадайдан көрдік. Майра үйден жайпақ табақпен туралған қамыр тасып жүр. Шешем амандаса келіп, тізе бүкті. Ошақтағы отты сырып жағыса бастады. Мен тікемнен тік тұрмын. Екі көзім қазандағы қуырылып жатқан бауырсақта. Шымыр-шымыр қайнаған ыстық майға Батырқанның әйелі туралған қамырды тастап келіп жібереді. Ыстық май шыж ете қалады да, көпіршіп тулағандай болады. Әлгіндегі көкшіл шикі қамыр лезде қызара ісініп, торсиған қып-қызыл бауырсаққа айналады. Даяр бауырсақты кепсермен тегешке сүзіп алады.
Піскен бауырсақ осы кезде орта тегеш болған.