Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев
-
Название:Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:107
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».
Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
Төр үйдің есігін жауып қойып, үшеуміз сорпаны ішіп отырмыз. Неше түрлі иісті шөптер қосып, баптап пісірген астың дәмі қандай? Алғашында көңілдегі сескеніш тарқамай, үркектеп ұрттасақ та, біртін-біртін таңдайға жағып, тілімізді суырып барады. Танаудан кірген әдемі иіс бүкіл денеге жайлады.
Жақсы тамақ қалғанша, жаман қарын жарылсын дедік те, сорпаны түгел қотарып ішіп алдық.
Заставадан тамақ тасып әкелудің басы осылай басталған еді.
Сорпа ғана емес, кейде ботқа, кесек-кесек бөлке нандар әкеледі. Нан мен ботқаға сезік жоқ, одан шешем де жейді. Ал сорпа болса, ол баяғыша жоламайды. Олжа тамақтың үстіне кейде көршілер келіп қалады. Қайдан шыққан тамақ деп, тергеп алады. Бірге отырып, ішіп-жейді де, былай шыға беріп, өсек етеді. «Қалыптары құрсын. Застаптан орыстың арам сорпасын әкеп ішіп, жан сақтап отыр. Бүйтіп көрген күні құрсын», – дейді.
Ағайынның іштарлығы қалмайды.
Бұл өсек радио хабарынан да тез тарайды.
Жауласып жүрген балалар мен сыртқа шыққанда шошқа етін жеген кәпір деп, енді мені ыза қылатын болды. Біреуінен біреуі іліп алып, шу-шу етеді. Арамсың, сенімен ойнамаймыз, арамнан аулақ жүріңдер деп қашады.
Мен ыза болам.Менің ғажап пималарымБала аштыққа да, жалаңаштыққа да төзеді. Ал бірақ ойнамай төзе алмайды. Ойын оған өмір тауқыметінің бәрін ұмыттырады.
Бала ішегін сүйретіп ойнайды деген рас сөз.
Қыстыгүні сабақтан тыс уақытта сіз Қостөбенің бар баласын Текестің бойынан, сырғанақтың басынан табасыз. Текес қыста қатып қалады. Жұрт суды ойықтан алады.
Қар жаумаған кезде мұз айнадай жап-жалтыр болып жатады. Беті толған бала. Болат коньки, шаңғы ол кезде таптырмайды. Қайқы бас базар коньки тек Жанбосында бар. Басқалардың аяқтарында табанына сымтемір қағып, Қолдан жасаған ағаш коньки. Жанбосын жұлдыздай ағып зымырағанда, біз бортаңдап ілесе алмай қаламыз. Жанбосын сәйгүлік ат мініп, біз өгіз мініп жүргендейміз.
Осы артықшылығын Жанбосын әбден пайдаланады. Ағызып келіп, арамызды жарып өтеді, қағып-соғып жығып кетеді. «Сиырымыз» омақасып, тырайып құлап жатқанымыз. Тұра қуып, өш алуға жете алмаймыз. Мықтағанда келістіріп бір боқтаймыз.
Конькиі жоқтар Текестің тік жарқабағын сырғанақ етіп алады. Содан шанасы барлар шанамен, шанасы жоқтар астарына сиырдың жапасын қойын сырғанайды.
Шаналы жұрт аз. Баласына құнттап шана жасап беретін өнерлі ата-ана ауылда сирек ұшырайды.
Ауылда сиырдың кез келген жерге тастап кете беретін жапасынан арзан не бар. Қыстыгүні ол жапалар тоң болып қатып жатады. Шанасы жоқтарға шана болады. Текестің суына бір матырып алсаң, тіптен лазым. Аязға аз ғана қойып қойсаң, сырты одан бетер тоңазып, көкпеңбек көк жалтыр мұз болып шыға келеді. Шананың ең жүйрігі дайын, отыр да сырғанай бер.
Мұз жолақтың басынан жібергеніңде, жолдағыларды басып озып, құйындатып алып жөнеледі. Шана тәрізді жолдан не олай, не бұлай қиялап шығып кетуді білмейді. Жалтыр мұздың нағыз ойықтау ортасымен зымырайды.
Жапа – шанада бір ғана айып бар – орнықты емес. Тай мінгендей бұлтылдап астыңда тұрмайды. Сәл қисайсаң, бұлт етіп, жығып кетеді. Сосын етекке құйрықпен немесе жамбаспен сырғанап жетесің.
Осыдан соң киімде тамтық қала ма?
Қай баланы көрсең де құйрығын қасқыр тартып кеткендей жамау құйрық. Жыртықтан жылт-жылт еткен жалаңаш еттері көрініп жүреді. Сырғанақты ол сонда да қоймайды.
Күнде кешқұрым шешең байғұс сығырайған бөтелке шамның жарығымен шалбардың пәре-пәре болған құйрығын, тізесін бырқ-бырқ ұрсып жамап отырады:
– Сырғанақта басың қалғыр, жүгермек. Кеше ғана қандай етіп жамап бердім. Бір күн болмай, қарашы, тағы да жалбыратып әкелуін. Ендігәрі сенің жар басына жақын барғаныңды көрейін. Мойның үзілгір, мойныңды үзіп жібермесем неғылсын!