Knigionlineru.com » Казахские книги » Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Тұрардың қатты құлағанына Ізбайша да қиналып, уайым жеп, ауру баланың асты-үстіне түсіп, ықыласын салып-ақ бақты. Төсектен тұра алмай буын-буыны құрыған дардай баланың зәрін тосып алып, айналып-толғанып-ақ жүр. Сөйтсе де құрғыр, өгей шеше өзегі Рысқұлдай өртене қойған жоқ. Нардай Рысқұл аз күннің ішінде азып-тозып, кәдімгідей шөгіп қалған. Ізбайша жанашыр болғанмен, жанкүйер бола алған жоқ. «Тәңірінің ісі, аламын десе де өзі біледі, қоямын десе де өзі біледі. Адамның жаны – Алланың аманаты, қашан қайтып алуы өзінің ықтияры» – деп жүрді ішінен. Пендешілік қой, жас келіншек Тұрардан Рысқұлды қызғанып та қалушы еді. Күйеуі өз ұлының жолында садағасы кеткісі келіп тұратын. Шығарға жаны бөлек, әйтпесе Тұрар дегенде басқа дүниенің бәрін талақ қылуға дайын. Бар ықыласы баласына ауып, жас келіншекке кейде керенау қарап кетуші еді. Тегі сол Тұрарға бола Ізбайшаға бір рет қол жұмсағаны да бар. Оның үстіне ұл бала Ізбайшаның өгей шеше екенін біледі. Өзінің туған шешесі Қалипа марқұм еміс-еміс болса да есінде. Ал Түйметай туған анасын білмейді. Сондықтан да Ізбайшаға бауыр басып, жалқы туған тұсаққа теліген жетім қозыдай тез иіс алысып кеткен. Тұрар болса «жетім қозы тасбауыр, түңілер де отығар» дегеннің керінде еді. Ол шешеден жетім екенін анық аңғарған. Анда-санда Қалипаның қарт әкесі Мамырбай шал келгенде бауырына тығылатыны сондықтан. Нағашы атамның ауылына барам деп әкесін мазалай беретіні де тегін емес. Мамырбай шал да ботасы байлауда қалған інгендей еңкілдеп қайта айналып, Бесағаштағы Рысқұл үйіне келе беретін. Жиырма үйлі Тау-Шілмембет ауылы бұл Мамырбайдың қызы тірі күнінде бір көрінбей, Қалипа марқұм болған соң көк шолағын тепеңдетіп қайта-қайта келгіштегеніне қайран қалысқан. Мамырбай кішкентай Тұрарды көргенде жастайынан жер жастанған Қалипаны көргендей болатынын, Тұрар сексендегі Мамырбайдың бауырына басын тыққанда мұрнына анасының исі келетінін Тау-Шілмембеттіктер біле бермейтін.

«Мына Жаныстың жаман шалы неғып бауырмал бола қалды», – деп бостан-босқа дал болар еді.

Ал Мамырбай ойлайды:

«Балаға әкенің жақындығы жездедей-ақ», – деп.

Бірақ қателеседі, әрине. Қайынатасына мінезі шәлкес көрінетін Рысқұл Тұрарға жақындығы жездедей-ақ болған жоқ. Онсыз Рысқұлға өмір мәнсіз-мағынасыз.

«Балаға әкенің жақындығы жездедей-ақ» – депті біреу. Оны көпшілік қағып алып, қайталап айтып жүреді. Сірә, жүздеген жылдар қайталаған шығар. Ендеше шынашақтай шындықтың бар болғаны да. Өмірде көкек құс сияқтылар аз ба? Көрінген үйме тезектің түбіне жұмыртқа салып, балапан басып, баласына қарамай кететін қайлабас тарғыл көкек кейін құлаған тамның дуалында жағы тынбай зарлап отырады.

Рысқұлдың табиғаты тарғыл көкектен басқалау. Қазір тарғыл тастың тасасынан тауешкі аңдыған мергендей, тәуіп атаның қас-қабағынан көз алмай отыр. Баланың бар тағдыры енді осы Ахаттың қолында сияқты, оның аузынан шығар сөзге зарығып отыр. Бір сәт Тұрарға көзі түсіп еді, бала өзіне тесіле қарап жатыр екен. Рысқұлдың тұла бойы шым ете қалды. Сонда ол Тұрар өзі өле кетсе, мына әке күллі әлемнің адамдары жиылып арши алмас қалың қайғыда қалатынын ойлап, уайымдап жатқанын айтпай сезді.

Әке мен баланың арасында үнсіз ұғыныс, тілсіз махаббат, жіпсіз жалғанған жүректер барын осы жай аңдатар еді. Жасына жетпей көзіне ой тұңғиығы ұялаған жәдігерді қу құдай көп көрмесе екен, маңдайымды тайқитып, сорымды сорадай ағызып кетпесе екен деп, Рысқұл іштей шырылдады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий