Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Саймасай сескенейін деді. Нөкерлерінен ол ат бойы алда жүріп келе жатқан. Өзгелер аттарының тізгінін тартып, болыспен үзеңгілеспеуге тырысады. Әдеп солай. Ал енді, болыстың өзі әлгілердің ортасына тығылғысы келгендей, Қалдықызылдың басын тарта берді.
«Танауыңа кершеу түскір, Қызыл Жебенің киесі болғаны ма? Неге елестей береді?». Сонан соң өз ойының оспадарсыздығын өзі байқап, бұрынғыдан бетер іштей жүдеп қалды. «Өлген аттың танауына да кершеу түсер ме еді?».
Өткен істің өкініші өзегін тілгіледі. Бірақ Қызыл Жебеге қылған қиянаты жалқы емес екенін ойламады. Ойласа, мына келе жатқан Нүкетайға да Қызыл Жебенің кебін келтіргенін түсінер еді. Бірақ бұл ұғым Саймасайға жат. Ар алдында да, адам алдында да ақталатын үлгісі бар: пайғамбардың өзі төрт қатын алған дейді. Сұлуды сүюді пайғамбар да жек көрмесе керек. Жарықтық, алпыс үш жасында жас тоқалының тізесін құшақтап жатып жантәсілім қылған ғой...
Мұның да мезгілі пайғамбар жасына жақындаған.
Бірақ бұл дүниеге уақытша қонақпын деген қаперінде жоқ. Қартайдым-ау, қайратым қайтады-ау, сонда Нүкетай болса әлі жап-жас. Жас неме Тұқымбайдың тоқалы құсап, өсектің өртіне түсіп кетеді-ау деген күдік әзір мазаламаған.
Түні бойы бие сауып, саба пісіп шығатын жылқышы жігіттің Тұқымбай тоқалымен әмпей-жәмпайы барын бүкіл жұрт жыр қылып айтып жүреді. Бұған бір жиында қарқылдап тұрып Саймасайдың өзі де күлген. «Бұқаның өзі қартайса да мұрны қартаймайды» дегенмен, уақыттан күшті құдірет жоқ. Уақыт зауалына әлемді қалтыратқан жиһангерлер де, патшалар да, перғауындар да төтеп бере алмаған. Күшті болса, ұлы пайғамбар қайда кетті? Ескендір Зұлқарнайын неге өлген?
Тұмса байталдың бал қымызы мен қара қойдың жілік майына бапталған, мансап пен байлыққа мастанған болыс мұны ойлап жатқан жоқ. Ол өзін мәңгі өлмейтіндей сезінетін. «Жалаң жібек байлаған арулар кімнен қалмаған», – деп жыраулар айтқан нақылдан махрұм болып, ертеңгі күнін болжап бас қатырмаған. Еркектің пірі Зәкәрия да ертеңгі күні қанша жалбарынса да қайырылып қарамай кететінін бүгін білмей, кеудесін есірік жел екілендірген шақ қазір.
* * *
Рысқұл Тұрармен қоштасып шыққан түні дамылсыз жүріп отырып, Тау-Түрген жақты бетке алып, Тау-Шелектен асатын жолдың Орта Қараш тұсындағы тар қылғанға таң ата бір-ақ тоқтады.
... Нардай шөгіп жатқан иір мойын қырқаның ойпаңында бір мая шөп бар екен, соны барып паналады. Шолақ Шабдардың ауыздығын алып, шылбырын белдігіне байлап, маяны үңгіп-үңгіп ұя жасап, өзі соған кіріп, бұйығып жатып ұйықтамақ болды. Әбден қалжырап еді. «Болыс ертелетіп жүрмейді, – деп қойды. Сәскеде шықса бұл тұсқа түс ауа жетер, көз шырымын алып алайын».
Ол шошып оянды. «Қара басып, қатты ұйықтап қалдың ба?» – деп пішенді шынтағымен аршып, тысқа атып шықты. Күн бұлыңғыр, қай мезгіл екенін аңғара алмай, бірауық аңырып қалған. Шел басқан ақ көздейін күн қиялап, Бас Қараштың тұсында тұр. «Үлкен сәске болған екен, – деп қойды. – Болыс жолға шыққан да шығар».
Шолақ Шабдардың бүйірі тоқ. Кермек исі аңқыған көк пішеннен жерігендей, көзін жұмып, кекжиіп тұр. Қатқыл тезек тастапты. «Шөлдеген екен», – деді Рысқұл.
Шолақты бір қолына жетектеп, бір қолына мылтығын ұстап, Рысқұл қырқаны қиялап төмендегі суға беттеді. Тұяқ астында қураған тобылғы сытырлап, қияқ тастар қышырлайды. Түксиген төңірек – айнала тау, әр жерден «шиқ-шиқ» деп ұшқан зымыран шымшықтан басқа тіршілік жоқтай. Тек төменде сарқырап аққан тау суының сарыны ғана қуатқа дәт. Суды бойлап, жыландай ирелендеп, сүрлеу жол жатыр. Рысқұлдың бар үміті осы жолда. Аңдыған адамын оған осы жол әкеледі.





