Knigionlineru.com » Казахские книги » Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ал Рысқұл болса, әлгіде далада қаусап қалған Ахат ағасын ойлады. «Тұрарды соған ілестіріп неге жібермедім. Жиырма бес жыл дейді. Оған қалған өмір жетер ме? Сонда қалай? Қайтып туған елді көрмеу керек пе? Дауылбай болыс жиырма бес жылға дейін тірі жүре бере ме? Жиырма бес жыл дейді, ә! Біз Түлкібастан кеткелі бері де жиырма бес жыл болды-ау, осы. Күні кеше сияқты. Ойлап тұрсаң, жиырма бес жыл дегенің де тез өте шығатын қас-қағым уақыт қой. Елден мен кеткенде жиырма жаста едім-ау. Қазір қырық бес. Каторгадан қайтқанша жетпіске келеді екенмін. Ахаттың жасы ғой. Ал мен келгенше Ахаттың сүйегі де қурап кетер. Бірақ кім біледі, кәрі өле ме, жас өле ме – бір Алланың ісі. Тұрар отыз беске шығады ол кезде. Отыз бесінде оны не күтіп тұр екен? Кім болар екен? Оқу оқып жетіліп кетсе, мені мерзімінен бұрын құтқарып та алар. Түйметай отызға толады екен. Үйлі-жайлы болып кететін шығар. Ізбайша... Иә, Ізбайша кетеді ғой. Ол басқа біреудікі. Шолақ Шабдар мен Ізбайша басқа біреудікі. Тірі болса, Тұрар мен Түйметай ғой мені тосатын. Әттең, сәл есің кіргенше, өз қолдары өз ауыздарына жеткенше қасында бола алмады. Он жасар ойын баласы, бес жасар жортпаш қыз. Е, жасаған өзің төзім бере гөр. Оу, осы соларды өзіммен бірге ала кетсем ше? Әкімдердің бір ақылдысы, әділі ұшыраса менің бағыма, мүмкін рақымы түсер. Ала кетемін деймін, атасына нәлет. Алатауы не, Итжеккені не? Алатаудың бауыры каторгадан несі кем? Бір күнімізді көрерміз. Ала кетемін. Әттең, Тұрар өсіп, оқыса, Метрейді тауып алар ма еді? Ай, Метрей, Метрей! Қазір осында болар ма едің... Мына қасқабас білер еді сонда менің кім екенімді. Ана шегірткенің айғырындай шіңкілдеген піркорердің аузына құм құйылар еді. Қайтейін, бағым жанбаған бір жан болдым ғой. Атасына нәлет, ойла не, ойлама не. Күніне тоқсан түрлі бәле көрсең, сонда да күдер үзбе бір Алладан».

Рысқұл селт етіп, басын көтеріп алды. Тілмаш бала сөйлеп тұр екен. Орысша ағып тұр. Сөздерінің бірін ұғып, бірін ұқпайды. Тұспалдайды: мұны жақтап айтатын сияқты. Алғашқы күндегідей емес, кеше кеште камерада екеуі шешіліп сөйлескен. Алдында Бронников айтты: ол жігітке сенуге болады, түйілме, – деді. Екеуі есікке қарап-қарап қойып, орысшалап көп сөйлесті. Тілмаш бала Бронниковке қойнынан суырып бір бүктеулі қағаз да берді. Бронников оны ышқырына тығып жіберді. Тілмаш шығып кеткен соң Бронников айтты: бұл өзіміздің адам. Дымың ішінде болсын деді.

Міне, сол Боташ Шоқұлы сөйлеп тұр. Камераның қаракөлеңкесінде байқамаған екен: шашы көмірдей қара, қысқа қырқылған, маңдайы келісті, көзінің шоғы бар, қыр мұрынды, ат жақты, бидай өнді бозым жігіт екен. Қияқ мұрты шыққалы да көп болмаған, сірә. Оның сөзіне қасқабас судьяның өзі де ұйып қалған сияқты. Ал прокурор шықылықтаған шымшықтай шыжбаңдап, бұлт-бұлт етіп қозғала берді.

Қияқ мұртты адвокаттың аузынан Рысқұл «Қызыл Жебе» деген сөзді естіп селк ете қалды. «Мынау бүлдірер ме екен? Қызыл Жебенің аруағын неге қозғады? Иә, Қамбар ата, иә, қылқұйрық біткеннің төресі, кеш мені! Сенің қаның менің мойнымда емес. Кеш, жануар! Мен алданған адаммын. Мен де залымдықтың құрбанымын. Кеш, қанатты жаралған қайран дүлдүл!».

Боташ Шоқұлының сөзін прокурор қайта-қайта бөле берді. Орнынан шошаң-шошаң тұра берді. Судья оны тәртіпке шақырып, кішкентай балғамен қонырауды қайта-қайта қаңғырлатты.

Бұл қиян-кескі үздіксіз шайқастың бір көрінісі еді.

Ақыры судья өзінің жолдастарымен бірге басқа бөлмеге шығып кетті. Көпке дейін оралмады.

Уақыт осындайда өзінің құдіретін танытады. Түрмедегі әр күні Рысқұлға бір жылдай көрінсе, қазір әр минут бір күндей созылып, сірә өтпей қойды. Бұрын қанша сабыр сақтаса да, тағдыры бір тал қылға ілініп тұрған мына шақта, батырдан да дегбір кетті. «Иә, тірі жетімдердің көз жасы, қолдай гөр», – деген. Тұрар мен Түйметайы дүниенің бәрін көлегейлеп, көз алдында тұрып алды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий