Knigionlineru.com » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ақсу-Жабағылыда Рысқұлдың несі қалды? Неге сонша бір жетуге зар болды? Ақырет мекеніне неге сонша Ақсу-Жабағылыны қалады? Ақырғы арманы екен, о да орындалмаған-ау сонда. Соноу Итжеккенде он жыл жүріп, жалаң аяқ жар кешіп, Қызыл аяқ қар кешіп, тілерсегін кісен қиып, ақбақай болған бұғаулы бозым, онда он алтыншы жылдың Меркедегі ойранынан кейін Төменгі Таласқа тартқанша, жаралы тәнін Ақсу-Жабағылысына қарай неге сүйретпеген?

Зират басында тұрғандардың көкейінде осы сұрақ қалды. Бірақ жауап болмады. Бүк түсіп жатқан жербесік тіл қатпады. Тек айнала тұрған қу шеңгелдің қоңыраушалары былдыр-былдыр, шылдыр-шылдыр ызың қағып, теріскей желдің лебінен баяу ғана тербеледі. Шеңгел бұтағына ілінген жұп-жұқа қабық Жылан жылының жалмауыз жалауындай желбірейді. Бәлкім, Рысқұл да мына Ойық жеріне қабығын ғана қалдырып, өзі сол арман тауы – Ақсу-Жабағылысына кеткен шығар.

Тұрар төмпешік жербесікке телміріп тұрып, әкесінің бет-кейпін, түр-тұлғасын көз алдына келтірмек болды. Бейне көмескілене бастаған екен. Бұлдырай береді. Соңғы рет Сібірге кетерде екі қолы артына қайырылулы, жантайып жатып, мойнын соза, үздіге қарағаны көз алдында анық қалыпты.

Әсіресе Тұрардың есінен кетпес елес – Рысқұлдың Қызыл Жебеге мініп, көкпар тартқаны ғой. Сол сәтті көргені қандай оңды болған. Әкесінің бүкіл қиқар өмірі жиналып, сол бір жұлдызды сәтке татымайтын сияқты. Бүкіл ғұмырының шарықтаған шыңы – сол Қызыл Жебеге тақымы тиген кез. Адамның найзағайды ерттеп мінген бір сәті. Әттең, сол сурет өнер тіліне көшер ме еді! Тұрар суретші болмағанына өкінді. Уақыт мейірімсіз. Көңілдегі көне суретін бірте-бірте көмескілендіре беретін сияқты.

Енді, міне, найзағайды жалынан ұстап мінген адам мына төмпешік дегенге нанғысы да келмейтін сияқты.

Тұрар өз ойын өзі бөліп:

– Қабылбек, сен Ақсу-Жабағылыда болған жоқсың, ә? – деді жолдасына бұрылып.

– Жоқ, бірақ естуім бар.

– Осыдан Ташкентке барған соң, Түркістан үкіметінің алдына мәселе қоймақшымын. Оны мемлекеттік қорыққа айналдырып, қамқорлыққа алу керек.

Дәуіт шалдың кішкентай көзі ақшаң ете қалды.

– Әй, жиеншар, шырағым Тұрар, қамқорлыққа алар болсаң, Таластың халқын ал. Бұ да бір елің. Түп нағашың.

Зираттың шетіне қараң-құраң жиналып, әлдекімді қабірге қойып жатты.

– Ойбай, сорлаған екен ғой, сорлы Сәрсембі өлген екен, – деп Дәуіт кепкен бетін сипады. Жылап тұр, бірақ көзінен жас шықпады. Көзінің айналасы айғыз-айғыз әжім, ылғал біткен сол сызаттардан алдақашан ағып таусылғанға ұқсайды. – Бұ да алғы ішіп, аштан өлді.

Осыны айтып, Дәуіт шал тез өзгерді. Тұрар мен Қабылбекке бұрынғыдай жалбақтамай, қабағы кіртиді. Содан соң Тұрарға қыжырына тік қарап:

– Өткен жылы оязды құлатып, Әулиеата жұртының алдында сайрағаның әлі менің есімде. «Таңың атты, күнің шықты, халқым!» – деп едің сонда. «Енді арқаңды аяз қарымайды, бит теспейді», – деп едің сонда. «Байлардың күні батты, кедейдің таңы атты», – деп едің сонда. Сонда мына сақалымнан саулап аққан жасқа омырауым жуылып еді. Жүйке-жүйке босап, ет жүрегім уылжып, қуаныштан елжіреп едім. Қайда сол уәде еткен жұмағың, Тұрар? Патша құрыды, Керенский кетті, ендігі не? Қарадан туып, төре болып, үстіңе қылау жуытпай тұрысың мынау. Сен, сірә, ашықпассың. Мына Қабылбек мырза да аштан тарықпас. Жаз бойы жан сақтағанымыз жаужұмыр мен алғы еді. Ондайды сен жеп көрмеген шығарсың, Тұрар. Борсық қазып жейтін шөптің тамыры. Алғы ішіп, жаужұмыр жұтып, жаз бойы уланған жұрт енді баудай түсе бастады. Әулиеатада Кеңес өкіметін жариялап жар салғаныңды өз құлағыммен естіп, өз көзіммен көріп едім. Басқа айтса, сенбес едім. Ал енді не болдық? Халқың қырылып қалса, Кеңес өкіметі кімге керек?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий