Knigionlineru.com » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сол «Киргизский крайда» тұратын қазақтар туралы тіпті мына біздің кеңес дәуірінде кеңес газеті не деп жазғанын білесіздер мс? Сіздер «Известия ТүркЦИК-а» деген газетті оқитын боларсыздар? Әрине, оқисыздар. Ал енді, әлдекім емес, сол газеттің бас редакторы, Свешников не деп жазады? Тыңдаңыздар, өте қызық әм қайғылы: «Киргиз даласын алғашқы қоғам дәуіріндегідей жабайы киргиздар мекендейді. Соңғы статистикалық есеп бойынша, олардың саны 12-15 миллионның арасында ауытқып тұрады... Сахаралы, көшпенді, мал бағып, егін еккен киргиз пролетариаты нағыз жабайының өзі. Олардың тіл құрамында мал шаруашылығына немесе ауылшаруашылығына байланысты бір жүз немесе екі жүз ғана сөз бар». («Известия ТүркЦИК-а», сәрсенбі, 30-сәуір 1919 жыл.).

Мінеки, еуропаша мәдениет алған, жоғары білімді, білгір Свешниковтың сөзі. Бұл тек Свешниковтың сөзі емес. Свешников редактор болып тұрған кездегі Түркістан басшылары Кушекин мен Успенскийлердің, Гержоттардың сөзі.

– Масқара! – деді залдан Сұлтанбек Ходжанов айқай салып.

– Масқара болса, сол «тілінде жүз-ақ сөзі бар жабайы киргиздардың», яғни түркі тұқымдас туысқандарыңыздың Түркістандағы туыстарымен бірігуіне неге қарсы боласыз? – деп Сұлтанбектің арынын бір басып тастап, Рысқұлов сөзін әрі қарай жалғады. – «Тілі жоқ» сол «киргиздар» дүние әлемінде теңдесі аз ауыз әдебиетін туғызды, дүние жүзінде теңдесі аз музыкалық мұра қалдырды. Сенбесеңіз, бөтен халықтардың өкілдері, оқымысты-ғалымдар Затаевич пен Диваевтан, орыс зиялылары Потанин мен Дальден сұраңыздар. Соңғы екеуі қазақтар туралы жазып қалдырған тарихи еңбектерінен сұраңыздар! Қазақтар хақында, жалпы түркі тұқымдас халықтар хақында ойы түзіктер Кушекиндер, Успенскийлер, Свешниковтар емес; Дальдер, Потаниндер. Тіл құрамында жүз-ақ сөзі бар халықтан Цицерондар, Демосфендер шығар ма еді?! Бұл менің ойдан шығарып тұрған қисыным емес, қазақ халқы аса дарынды, олардың арасында нағыз Цицерондар, Демосфендер жиі кездеседі деп өткен ғасырда жазып кеткен поляк Янушкевич.

Ал бізде әлі күнге дейін Свешниковтің сарынымен соғатын, Свешниковше пайымдағыш қайраткерлер аз емес. Міне, бұл нағыз масқара!

Сайып келгенде бұның бәрін неге айтып тұрмын? Біз көп заман бойы зорлық, қорлық көрген халықпыз. Енді еңсемізді көтеріп, ел қатарына қосылатын күн туды. Біздің Түркістан компартиясының көпшілік мүшелері – төл халықтың өкілдері. Олар тек Мусбюроны біледі. Мусбюроны бүгінен бастап жауып отырмыз. Әлі сана-сезімі маркстік биік ілім деңгейіне көтеріліп жетілмеген мұсылман коммунистерін, жалпы қауымды Мусбюро жойылды деп үркітіп алмас үшін, Түрік компартиясы дегеніміз өте тиімді болады. Әрі десе, шетелдік Шығыс халықтары біздің шын мәнінде теңдік алатынымызға сенеді. Сөйтіп, олар да, тіпті мына іргеміздегі бұхаралықтар мен хиуалықтар да өз елдерінде Кеңес өкіметін орнатуға асығады. Жалаң мың насихаттан осындай нақты көрнекті бір насихат артық. Естеріңізде болсын, біз кеңестік Ресейдің ірі бір бөлігіміз. Бірақ әсте «қуыршақ республика» болғымыз келмейтінін Орталық өкілдері адамгершілікпен, гуманистікпен түсінеді және қолдайды деп сенеміз...

Рудзутак шығып сөйлеп, Рысқұлов идеясына үзілді-кесілді қарсы шықты.

– Коммунистік партияға ұлтшылдықты ендіруге болмайды, – деді. – Халықтар ұлттық байланысына қарап емес, таптық туыстығына қарап одақтасуы керек. Мысалы, орыстар шығып алып: «Күллі славяндар, бірігіңдер!» – деп жатса, жараса ма? Әрине, ол ұлтшылдық, славянофильдік болар еді. Ал марксшілдердің туында: «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер!» – деп жазылған. Осы тұрғыдан алғанда Тұрар Рысқұловтың ұраны – ұлтшылдық ұран. Біз бұл қағидамен келісе алмаймыз.

Айтыс айқасқа бергісіз болды. Рысқұлов таңертең қос жаңғақтың дәнегі мен қос пиала шай ішіп, тым сыпайы шыққанына өкінді. Жарғақ құлақ, тақыр бас сары баланы есіне алды. Конференцияның бұрқ-сарқ қайнап, қызғаны сонша, үзіліс жариялауға да мұрша келмей кетті. Ақыры мәселе дауысқа келіп тірелді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий