Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Мен ауыл үйлерінің сырт жағымен елеусіздеу айналып, тас қоймаға қарай тарттым. Ұзақ күтіп отырып, дәл күн батар шақта Зибаш келген кезде жүгіріп қасына барып, жып еткізіп хатты қолына ұстата салдым да, алды-артыма қарамай зыта жөнелдім.
− Әй, бұл не?!. Әй, тоқта!..- деп артымнан дауыстағанына қарағам жоқ. Хат тасығаныма бір түрлі қатты ұялдым.
Үйге кеп, әжем құйып берген жылы суға қол-аяғымды жуып, аяғымның жарылған жерлеріне шикі қаймақ жағып, онан тамағымды ішіп, жатуға ыңғайланып отырғам. Әжем кішкене балаларды баурына алып, ертегі айтуға кірісті. Апам мен Нәзира әпкем қырманда, екеуі де әзір қайтпайды. Біз ұйықтап қалған кезде, түннің бір уағында келеді де, таң қылаң бере қайта кетеді. Сондықтан оларды біз — балалар көп кере бермейміз. Бас-көзіміз — әжем.
Тұсымдағы терезені біреу шертіп қалды, жалт қарасам Әжібек екен, тез тысқа шық дегендей белгі берді. Лып етіп шыға қойдым.
− Әй, әлгінде кешкісін ойыннан тараған кезімізде Ырысбек саған хат берді ме, Зибашқа тапсыр деп?
Мен бұлтара алмай қалдым.
− Иә, берді.
− Ол хат қайда?
− Зибашқа бергем.
− Ақымақ!.. Ақымақ, есек!..- деп Әжібек күйіп-пісіп, ыза боп кетті.- Осы тұрғаныңда мұрныңды бет қып жіберсе обалың жоқ-ау!
− Мен қайдан білейін, Ырысбек тапсыр деді. Басқолбасшы айтқан соң әскери тәртіп қой…
− Тфу!.. Кеще!.. Менімен ақылдаспайсың ба әуелі. Түу, енді қайтейін-ай! Ішім удай ашып кетті-ау!.. Сары майдай сақтап, сыртынан күзетіп жүргенімде… Ал енді не болады?.. Не болады?..
− Оны неғыласың күзетіп? Кімге сақтамақсың? Күйеуі болса қара қағаз келген…
− Мынаның көкуін-ай ей! — деп Әжібек мүлде күйініп кетті.- Немене, сонда мен адам емеспін бе сеніңше?!. Немене, мен Зибашты сүйіп, ғашық болсам аузым қисайып қала ма?!.
− Сен… Сен кішкентайсың ғой әлі.
− Өспейім бе екем, ей ақымақ-ау!..
− Мен қайдан білейін.
− Бәсе, сен қайдан білуші ең, сен нені білуші ең!.. Дабай, үстіңе, аяғыңа бірдеңе киіп шық! Екеулеп іздейміз.
− Кімді?
− Зибашты. Бүгін кешкісін ол үйіне қайтқан жоқ. Дәуде болса Ырысбек оны бір жерде ұстап, басын айналдырып отыр…
Мен үйге кіріп тез ғана киініп шықтым. Күздің кеші қоңыр салқын болатын. Ымырт үйіріліп, қас қарайыпты. Екеуміз құстай ұшып ең әуелі Ырысбектің үйіне келдік. Ырысбек жоқ. Дүрия жұмыстан қайтып, оның кешкі тамағын әзірлеп қойып елегізе күтіп отыр екен, қайда кеткенін білмейді. Ол үйден шығысымен Әжібек сәл ойланып алды да:
− Қорықпайтын болсаң жүр! Не де болса, анау шеттегі жылқы қамайтын тас қораға барайық! — деді. Тартып кеттік.
Долбарымыз дәл боп шықты. Зибаштың өгіз арбасы осы қораның алдында тұр екен. Әжібек екеуміз сыртынан айналып кеп, қораның төбесіне шықтық. Сабаны түсіп қалған ашықтау тұсынан қораның ішіне құлақ тосқанбыз. Ырысбек пен Зибаштың сөздері ап-анық естілді.
− Ырысбек-ау, ұят қой ел-жұрттан. Қойшы, жіберші!.. Мұның не сенің шынымен-ақ зорламақсың ба?! — дейді Зибаш.
− Зорлаймын,- дейді Ырысбек.
− Мен сені адам деп шықтым ғой, Темірдің досы деп шықтым. Мұның қалай енді?! Қойшы, босатшы!.. Мен аттан салам ендеше.
− Аттандап көр!.. Кәне, аттандашы…
− Егер аттандаса барып ара түсеміз,- деді Әжібек құлағыма сыбырлап.
Бірақ Зибаш аттандаған жоқ, қайта сыңғырлап күліп жіберді.
− Қытығым келеді, Ырысбек, ағатай, қойшы енді… Ұяла-мы-ы-н…
Мұнан әрі екеуі де сыбырлап сөйлесе бастады.
− Ал көрдің ғой! — деді Әжібек қайтадан маған ызаланып,- Ақымақ!.. Осы қазір итеріп жіберейін бе, екеуінің үстіне!.. Әкеңнің… иттер…