Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Менің әкемнің даусы ғой! — деді Бәкке. Жүгіріп барып есіктің ілгегін ашып жіберіп, сыртқа атып шыққан. Мен де ілесе шығып, есіктен аттап барып тоқтадым. Анадай жерде ақ қардың үстінде арсыл-гүрсіл алысып жатыр екен. Жүгіріп барған бойда Бәкке де қазақша боқтанып кірісіп кетті. Үлкендер шешенше боқтасып жүр, ара-арасында: «О-о», «а-а»…», «Вай, Миск!..» деп ышқына ыңыранғандары естіледі. Бірін-бірі сарт-сұрт ұрғандары, ыңыранған, ыңк-ыңқ еткен дыбыстары естіледі. Бір сәт Бәкке: «А-а… әкеңнің!..» — деп баж ете қалған. Жаным шыға жаздаған мен:
− Бәк-ке! — деп жүгіре ұмтылғам. Осы мезетте үлкендердің бірі кескен теректей сереңдеп барып анадай жерге ұшып түсті. Мен жандарына таяп келгенде, екінші үлкен адам әлгі сұлап түскеннің үстіне төніп, еңкейіп қарады да, тістене тұрып шешеншелеп:
− Тірі екен,- деді. Даусынан таныдым, Бәккенің әкесі екен. Мені көріп:
− Хээт, Хээт! — деді зеки дауыстап. Онан соң Бәккеге бірдеңе-бірдеңе деп тез-тез сөйлеген. Бәкке жүгіріп кеп мені үйге қарай жетелей жөнелді де:
− Қанат, тісіңнен шықпасын. Мұны ешкімге айтушы болма. Онда менің әкемді құртады. Бар үйіңе! — деді сыбырлай сөйлеп.
Үйге кіріп, есікті іліп ішкі бөлмеге енгенімде, әжем:
− Қанатпысың?! Не боп қалды?! — деген.
− Жай. Далаға шығып жүрмін,- дедім дауысымнан бойымды билеген үрейді де, тоңғанымды да білдірмеуге тырысып.
Бірден жата қоймай, терезенің алдына барып көше жаққа қарағам. Бәкке мен әкесі көрінбейді, кетіп қалса керек, ал әлгі серейіп жатқан адам әлден соң орнынан тұрды. Тағы да біздің үйге кеп есікті бұзып жүрмесе деп зәре-құтым қалмады. Жоқ, бері қарай жүрмеді, бір аттап, бір тоқтап, ілби басып қараңдап ары қарай кетті. Тәлтіректеп бара жатқаны байқалады.
Ертеңгісін тұра сап қоңыр сиыр мен екі ешкіні сыртқа шығарып, ауыз үйді тазалап, онан соң түндегі арпалыс болған жерге барғам, әр жерде қардың үстіне тамған қанның ізі қапты. Сірә, шешендер пышақтасқан болу керек. Түндегі Бәкке алып шыққан біздің балта анадай жерде жатыр екен.
− Әй, Қанат, бірдеңе жоғалттың ба? Не іздеп жүрсің?
Мен қапелімде ұрлығымның үстінен түскендей селк етіп қалдым. Үйінен шыққан Петька боқшасын арқалап бері қарай келе жатыр екен. Мен жауап берем дегенше болған жоқ, ол есік алдында жүрген қоңыр сиырды көргенде қуанғаны сонша:
− Табылыпты ғой! — деп есі шыға жүгірді.
Петьканың көңілі басқа жаққа ауғанын пайдаланып, мен де балтаны алып үйге қарай жүрдім.
Түнгі оқиғаны — шешендер төбелесін Бәкке екеумізден басқа ешкім білген де, естіген де жоқ. Егер МТС — тағы шешендерді бақылайтын коменданттың құлағына болар-болмас сыбыс тисе-ақ, ұры шешенді де, Бәккенің әкесін де айдап әкететіні сөзсіз еді. Сондықтан Бәкке екеуміз кездескен жерде көзімізбен ғана ұғысып, болған оқиға жайлы ләм-мим деп сөз қозғағамыз жоқ. Бәкке біраз күнге дейін мектепке де барған жоқ, оң қолымды темір пешке күйдіріп алдым деп мойнына асынып байлап, үйінде отырды. Ал әлгі біздің қоңыр сиырды ұрламақ болған Солтымұрат деген шешен екен. Оны білгенім, сол Солтымұрат қорадан құлап, қазыққа жығылдым деп, екі қабырғасы сынып, үйінде бір айдай төсек тартып жатты.
Петька, Отто үшеуміздің тірлігіміз со бұрынғыша — сабақтан шыға сала қоңыр сиырдың қамына кірісеміз. Әр жерден үзіп-жұлқып бір уыс шөп тапсақ, алтын тапқандай қуанамыз. Сірескен қар өмірі кетпестей боп мұрты шетінер емес. Шіркін-ай, жер қарайған көктемге жетеміз бе, жетпейміз бе деп зарыға күтіп жүргеніміз. Амал-әрекеттің бәрі таусылған, ешкімнен қайыр болмайтынына көз жеткендей үміттің де үзілген шағы.