Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Әже! — деп айқайлаған дауыс шыққандай болды соңымыздан.
Сөйткенше болған жоқ, салт атты біреу ентелеп қуып жетті. Бектай есепші екен. Астында Нұғыман бастықтың атақты Күреңтөбел аты, иығыңа мылтық асынып, қанжығасына жем салған қоржын теңдеп апты. Жарбұлаққа бара жатқаны айтпаса да белгілі боп тұр. Сірә, бар жайды Зибаштан естіп шыққан болу керек.
− Кәне, қайтыңыздар! Нәзираға мен барып алып келем! — деді айқайлап.
− Қарағым!.. Қарағым!.. Өркенің өссін!..- деді кемсеңдеген әжем, лездің арасында бет-аузын қар тұта бастаған еді, демігіп әзер сөйледі.
Осы сәтте Бектайға менің көңілім де елжіреп сала берді. «Ағатай-ай»,- деп үзеңгісіне оралып ағыл-тегіл жылап жіберуге шақ қалдым.
− Мен бірге барайын, мінгестіре кетші,- дедім жалынып. Жолың болғыр, Бектай сөзге келген жоқ, артына мінгестіріп алды.
− Әже, адасып кетпей үйге қайт!
− Қайтам, қайтам. Жолдарың болсын!
Нұғыманның өзі мен ауданнан келген өкілдерден өзге ешкім мінбейтін, ылғи жем жеп тоқжарау тұратын Күреңтөбел құтырынып тұр екен, жануар, мына боран ойына кіріп шығар емес, осқырынып қойып қалың қарды қақ жарып омыраулай жөнелді. Бектай еңкейіп аттың жалына жабысып алды да, мен оның белінен мықтап құшақтап алдым. Жолшыл ат әлгіндегі Зибаштардың шаналарының боран бүркеп тастаған өзінің сілеміне түсіп тартып келеді. Қары жұқалау тұстарда желе жортса, қалың қарға түсіп кеткенде, орғып-орғып ытқақтайды. Сондайда мен семіз аттың тақтайдай сауырынан домалап түсіп қала жаздаймын.
− Қанат, мықтап ұстан! — деп қояды Бектай.
Сөйдейді де өзі тебініп қалады, Күреңтөбел онан әрмен ытырына жөнеледі.
Жарбұлақ — тарам-тарам сай-жыралардың тоғысқан тұсындағы табиғаттың өзі апан құсатып ойып тастаған төңірегі биік жарқабақты терең сай. Түбінде бұрқырап қайнап шығып жататын суы мол бұлақ бар. Сай-жыраларды кеулеген қалың бөргез, әредік-әредік долана ағаштары өседі. Жазда балалар долана жинауға мұнда жиі келетінбіз. Ауылдан шыға сап қара жолдың шаңын бұрқылдата жарысып ойнап кеп, ойнап қайтып жүретін жеріміз. Енді, міне, қыста Күреңтөбелдің өзімен суыт жүріп келе жатқанымызда, жеткізер емес, тіпті алыстап кеткен сияқты. Әудем жер анық көрінбейтін ақ түтекте өр мен ылдиды айырып болмайды, қай тұста келе жатырмыз. Жарбұлаққа дейін алыс па, жақын ба белгісіз. Кенет Күреңтөбел осқырып оңға қарай оқыс жалт берген, мен ұшып түсуге шақ қалдым.
− Ой, мынаған не көрінді?! — деп Бектай атты қамшымен осып жіберді. Бірақ қанша қамшылап, тебінгенмен, Күрең төбел осқырына үркіп, алға қарай баспай қойды, амал жоқ, жолдан шығып омбылай орағыта жүргенбіз, тек осы кезде ғана:
− Өй, әнең қара! — деді Бектай шошына.
Сол жағымызда анадай жерде бораннан екі құлақтарын жымырып, жер бауырлағандай боп екі қасқыр қатарласа өтіп бара жатыр екен. Сөйткенше болған жоқ, Күреңтөбел солға қарай жалт берген, енді оң жақ бүйірімізден үшінші қасқыр көрінді. Жел жақтан тағы бір-екеуінің қосарлана ұлығандары естілді, бірақ өздерін көре алмадық. Ат та, біз де дірілдеп кеттік. Қалың оппадан ыршып-ыршып секіріп кеп жолға қайта түскенбіз, мұрнымызға ауыр бір күйіктің иісі келді. Күреңтөбел сол күйік шыққам жаққа қарай ышқына ұмтылып кеп, кенет ішін тартып қайыра осқырынып кілт тоқтай қалған. Доғарылған бос шананың алдына кеп тоқтаппыз.
− Әне, отыр! — деді Бектай қуана дауыстап.- Әй, амансыңдар ма?!
Бектайдың тасасынан мен алдыңғы жақты көре алмадым.
− Аманбыз, аманбыз! Өздерің бізді қалай таптыңдар? — деп қуана жауап қатқан Манардың даусын таныдым.
− Түу, келгендерің қандай жақсы болды! Не істерімізді білмей отыр едік.