Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:202
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.
Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Қаратай мен Ызғұтты жетсін! - деді. Ал, тегіс, шапшаң! - дегенде, үйдегі жұрт дүрк тұрып, асығып киіне бастады.
Абай неғыларын білмеді. Үйткені Жақып бұған: «Сен қонақ күтіп табақ тасуға жарамайсың, ал әкең қасында үлкен кісілермен тағы да отыра алмайсың...
Орын тар болар. Одан да бүгін осында жатсаңшы!» - деген.
Абай өзі де осыны «тапқан ақыл» екен деп еді. Бірақ Майбасар мен Қарабас:
– Е-е, ең болмаса қонақтарды көріп, сәлем беріп қайт!
– Мына шаһардың көп қонақты қалай сыйлайтынын көріп қайт!.. - дескен.
Өзге жұрттан кейіндеп қалса да Абай жаңағы соңғы сөздерді біраз орынды көріп, ақырын аяңдап әкесінің үйіне келді.
Жалғыз келіп еді. Өзге барлық үлкендер киіне сала асығып, қалбақтап, жылдам басып кеткен екен.
Ұзақ намаздың артынан түнгі асқа қарай шабыттанып қозғалған жұрт Абай келгенше тегіс орналасып қалған тәрізді.
Қора ішінде күтушілер, аспазшылар болмаса, өзге жүргіншілер жоқ. Бірақ қақпаның іші-сырты толған ерттеулі ат екен. Түнгі аязбен үстері қылауланып, шаңытып тұр. Әдемі шана мен қамыт-саймандары сықырлай түсіп, жегулі дара аттар, пар-пар аттар да көрінеді. Ылғи жақсы жеңіл шаналар... Бұл қала байларының аттары болу керек. Сеңсең тондарына оранып, шана ішінде қалғып отырған бірен-саран көшірлер де байқалады.
Үлкен ағаш үйдің қораға шығатын кең есігіне қарсы кішілеу асүй бар еді.
Соның есігі дамыл таппай ашылып-жабылып жатыр екен. Табақ-табақ ыстық асты жаңағы Майбасар пәтеріндегі жігіттер жүгіре басып тасып жүр. Асүй мен қонақүйдің арасында Майбасар, Жақып та қарбаласады. Үй ішінен, қонақ қасынан бұларға да орын тимеген екен.
Барлық ас жақты басқарып жүрген Ызғұтты.
Ол:
– Былай... Бас аяғыңды!.. Әпкел! Бол... Бол шапшаң! - деп, Майбасар, Жақыптарға да шолақ-шолақ бұйрықтар береді. Жеңіл мешпет ішік киіп, білегін сыбаныңқырап алған Ызғұтты аңшыдай шапшаң, ықшам. Құнанбайдың бүгінгі қонағынан аяған жаны жоқ сияқты.
Абай үлкен үйге кіретін есікке тақай бергенде, қарсы алдынан Қазақпай жүгіре шықты. Асүйге қарай ұшып барады екен. Оған жол беріп, енді кіре берейін деп еді, арт жағынан:
– Былай, былай тұр!.. - деген Ызғұттының қатты бұйрығы естілді.
Екі қолдарына екі-екі үлкен жасаулы табақтан алып, Бурахан, Төлепберді, Жұмағұл, Қарабастар келеді екен. Абай тағы тоқтап жол берді. Дәл қасынан буы аспанға шығып, табақ-табақ ет өтіп жатыр. Ылғи бір түрілген қазы, төңкерілген жас құйрық, сары алтындай балқыған жал, желін майлар... Әрбір екі табақтың бірінде, әлгінің үстіне бір-бір қоңыр бас орнапты. Бұларды кіргізіп жіберіп, Абай енді үйге қарай қозғалайын деп еді, үй ішінен тағы бір нәрсемен қарбаласып, Қаратай шығып келеді екен. Ол Абайды, тіпті, қағып кете жаздады.
– Өй, тұздықтарың... қайда?.. Жеке қоятындарың қайда?.. - деп келеді екен.
– Бар! Бар тұздық! Әне! Міне келеді! - деп, Ызғұтты Қаратайды қайта қайырды. Абайды бұл екеуінің есік алдындағы қарбаласы тағы кіргізбеді.
Бағанадан бері кірген-шыққанға есік ашушы сияқты боп тұрғанына Абай ыза болып, енді Ызғұттыны ығыстырыңқырап үйге кірді. Бірақ кіре-бере Ызғұттының шынтағын қағып қалып еді. Бұған сырт қарап тұрған Ызғұтты жаңағы тұздықты бөліп құйып тұр екен. Қозғалып кетіп, тұздығының біразын жерге төгіп алып:
– Өй, тәңір алғыр!.. Бұл кім өзі?.. - деп ашумен сырт айнала беріп, Абайды көрді де:
– Өй, Абай, сенбісің?.. Ай, шырағым-ай, бір тыныш жерде отырсаң етті!..
Бұл қарбаласта не бар еді саған?.. - деді.
Абайдың мұнда келгенін жалғыз Ызғұтты емес, өзгелер де онша мақұл көрмеген сияқты. Бұны қорғайтын қабақ байқалмады.
Жалғыз-ақ бір тәуірі бөтеннен ешкім жоқ екен. Бұл үй тегі кісі отыратын үй де емес, дала сияқты еді. Бөлменің едені мен іргесі толған, жапырлап тізілген кебіс, калош, саптамалар екен.





