Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:202
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.
Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Абай әкесінің жаңағы «дарға асу» деген жердегі аяздай суық пішінін еске алды. Үндемей біраз тұрып, қабағын шытып, қатты күрсінді де, айналып жүріп кетті. Күрсінуі ауру дененің қиналған ыңқылына ұқсағандай болды. Шешесінің үйіне қарай беттеді. Жиренше басқа да бірдеңелер сөйлеспек боп, бөгемек еді, қайрылған да, үндеген де жоқ. Кете берді.
3
Келіні жаңа ысытып әкелген, құрт қосқан қонақ көжені анда-санда бір ұрттап отырып, Қодар:
– Қарағым Қамқа, бүгін күн жұма ғой осы? - деді - Жұма, бейіт басына барып, құран оқып қайтайықшы, - деді де, Қамқа күрсініп алып: - құданың құдіреті, бүгін түсіме балаңыз біртүрлі боп кірді, -деді.
– Пәке паруардигар! Паруардигар! - деп, мол келген батыр кеудесін қақ жарған шерді Қодар да шығарды. «Түс шіркін жұбаныш па, тәңір-ай!» Бүгін өз түсіне де Құтжаны - жалғызы кірген еді. Бірақ Қамқа түсті кәдімгідей медеу көреді. Айтсын. Бала көңілі тым құрса, сонысымен уанған болсын. Тыңдайды.
– Осы дәл өңімдей, үйдің сыртына кеп аттан түсіп, асығып, жайраңдап кіріп келді. Келді де: «әкем екеуің жылай бересің... Зарлай бересің. Мені шын өлді деймісіңдер? Ал мен, міне келдім... Тіпті өлгем жоқ.. Қойшы, Қамқа!
Қабағыңды ашшы!» деп, осы бір түрлі сай-сүйегімді босатты!.. - деді.
Осы кезде Қамқаның да, Қодардың да көздерінен үнсіз жастар біртін-біртін сорағытып ағып отыр еді.
Жым-жырт үйде Қамқаның құлағына тыс жақтан бір ызың естілді.
Қазіргідей таңертеңгі уақытта, мұның құлағына осымен бірнеше рет, бір ызың естіледі де тұрады.
Қаны қашып, аппақ сұр болған бетін төр жаққа, атасы жаққа бұрып, қадала тыңдады.
Екі көзі жасқа толып, қызарып тұр. Аш бетінде көк тамырлары білінеді.
– Шыңғыстың бөктер желі ғой, қарағым.
– Ызыңы несі?
– Қораның төбесі ашылып қалыпты. Оның да тозығы жеткен емес пе?
Тесіктерден сорайып шығып тұрған ескі қамыстар бар. Сол құрғыр, жел соқса ызың салады ғой, - деді.
Аздан соң екеуі де тысқа шықты. Тозығы жетіп қалған жалғыз қоңыр үй, жапа-жалғыз кішкене, ескі шым қораға ықтап тұрғандай. Маңайда басқа не қыстау, не бірде-бір киіз үй де, тірі жан да жоқ. Көшерлік өз көлігі жоқ болған соң, Қодар ешкімнен көлік те сұрамаған, қыстаудан да ірге аударып жылжымаған.
Бұрын баласы: «жатақ боп жатамыз ба?» деп көлік әкеп, көп ел ойға көшсе - ойға, қырға көшсе - қырға ілесе беретін. Мал тойыны, шаруа есебі дейтін емес.
Әйтеуір құр жас болған соң дүрмектен қалмау сияқты.
Онда Қодар өзі де, «тым құрыса, аққа тәуір болармыз, біреуден там-тұм сауын сауармыз» деп, елге ергенге қарсы болмаушы еді.
Ал, биыл ағайын өзі білмесе, балам өліп еді деп, енді жатқа телміргендей көлік сұрап жүруді лайық көрмеді.
Қамқа да, өзі де Құтжанның жас қабырын құлазытып, жалғыз тастап, «жайлау бар еді, сайран бар еді» деп кеткісі келмеді. Күндіз-түні егілген жаспен еңіреген зарлылар арысын тастап кетерлік дәрмен де таба алмас еді.
Бұларда мал дейтін мал да шағын. Азын-аулақ болса, осы қыстау маңын қысы-жазы жесе де, Бөктер шөбінің тұмсығын сындыра алмайды. Жалғыз үйдің қолындағы бары: жиырма-отыздай ешкі, лақ, қой-тұяқ пен бір бұзаулы сиыр, екі торпақ болатын. Осы малды бағарлық, бұт артары бір ғана қоңыр ат.
Құтжанның қоңыр аты.
Баласы өлген соң Қодар қыстыгүні, осы ел ішінде кірме боп, әркімде жалда жүретін бір шал жиені Жәмпейісті өз қолына алып еді. Жәмпейісте қатын да, бала да, баспанада да жоқ. Өмірі шыр бітпеген сорлы еді.
«Екі жарты бір бүтін болайық. Кімге сенеміз? Иық сүйесіп күн көрейік» деп, Құтжанға құран оқи келгенде, Қодар Жәмпейіске зарын шақты да, қолына ұстай қалды. Қазір қоңыр атпен бар қара-құраны қосып жайып жүрген сол Жәмпейіс.
Малда алаңы жоқ. Үйде де мінбелеп тұрған шаруа жоқ. Сондықтан, өмір мен уақыт бүгілдірген бір кәрі, дерт пен зар бүгілдірген бір сорлы боп, екі шерлі баяу басып, бейіт басына қарай аяңдады.





