Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:42
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В отместку за гибель младшего брата, Бактыгуль Тектигул крадет у богатого Салмена, виноватого в гибели, лошадь. Узнав об этом Салмен избивает Бактыгула, тогда Бактыгуль обращается за помощью к Жарасбаю. Он ему не помог, не выдержав, Бактыгуль убивает Жарасбая…
Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
денесі талай заманнан тұқыртып басып жүрген дерт пен ызадан бір сәттің ішінде құлан-таза сауығып, айыққандай болды. Сергіп, көтеріліп ойнақшығандай, жолшыбай кез келген өзін танымайтын бір жалғыз аттыға: "Мен бүгін бір бұғы атып келемін" деп, мұрт астынан нығыз жымиып ете берді.
Бақтығұл абақтыда. Жарасбай өлген соң, қаланың ұлығы да, Жаныстың жуаны да жабыла соңына түскен. Кірерге тесік қалдырмайтын болған. Және өзі де енді бой салып қашпады. Сонымен Қараш оқиғасынан аз күн өткенде, қуғыншылар мұны ұстап алған.
Осы күнде сол ұсталған сағатында көрген соққы мен жараның талай-талай таңбасы денесінде, басында әлі бар. Орындары қара қотыр болып, бітіп келеді. Жаныстар жиырма үй Сарының шаңын аспанға шығарып, құрымына шейін үлесіп талап алып, барлығын торғайдай тоздырып, бостырып жіберген.
Бірақ Бақтығұл оншалық сынған жоқ. Баяғы қорқып, құбыжық көріп жүрген абақтысына бұл күнде бойы әбден үйреніп алды. Артындағы жаулары мұның үй ішін қайыршы ғылып қаңғыртып жіберген соң, абақты ұлығына тіленіп, Сейітті қасына алған. Ол өзімен бірге. Қатша кіші балаларымен қаладағы бір байдың үйіне жалданып, қызметкер болып жүр.
Жетімсіреп қарайтын момын жүзді, жүдеу Сейіт абақтыда отырған орыс, қазақтың жөні түзу адамдарының бәріне жақты. Бәрі де сүйкімді көріп, маңдайынан сипап, аз күнде көп ортасындағы бала сияқтандырып әкетіп бара жатты.
Афанасий Федотыч дейтін бір жастау орыс адамы қағаз тапқызып алып, мұны оқыта бастады. Бірақ жасынан әке-шешеден ішкі сыры бөлек болып өскен момын бала көп сөйлеп ашылмайды. Қабағын шытынып, томсарып, сезгені мен білгенін ішіне ғана іркіп жия бергендей болады. Кей уақыт үндемей отырып-отырып, себепсіз жылайды. Қағазға көп қадалады. Кейде кітапқа қарап отырып, ауыр күрсініп қояды. Тығылып өсіп келе жатқан қара бала өз басына ерте бастан күн туғанын сезеді.
Тағдыр құрығы мойнына ерте түскеніне ішінен қарсылық, наразылық жияды. Сол күрсіндіріп жылатады. Әкесін болыс аулы ұстап әкетіпті деген хабардан шешесі жылап, шошынып тұрып: "Сорлы әкеңді өлтіріп жатыр, сорлы!" дегенде, мұны жан ұшырып болыстікіне әкелген. Содан бері көз алдынан әкесін жабыла сабаған, долданып құтырған Қоқыштар, Сәрсендер, жуан-жуан жақсы киімді, боқтығы күшті үлкендер кетпейді. Мұның әкесінің басына солардың айқыш-ұйқыш тигізген қамшылары, таяқтары көзіне елестейді. Бетінен қан сорғалап, сұп-сұр болып дірілдеп тұрған әкесін көреді. Сол сурет денесін мұздатып, қалтыратқандай болады. Алғашқы күндер ылғи түсінен шошып оянып жүрді.
Соңғы бірнеше күн ұйқысырап, ашуланып, сөйлеп-сөйлеп келіп, өкіріп жылап оянатынды тапты.
Бақтығұл баласына қарап үндемей томсарып, көп-көп уақытта ойланып келіп бір күні кешке: "Сейітжан, бері келші!" деп шақырып алып, бетінен иіскеді.
– Қалқатайым, оқу оқы! Ала қағаздан басыңды алма! Сені бірдеңеге жеткізсе – сол жеткізеді. Әйтпесе көремісің – міне менің не болғанымды! – дегенде, бала тағы да жылап жіберіп:
– Кінәлі сен емессің, саған тиген олар!.. – деп, содан әрі тықылып сөйлей алмады.
– Оқысаң, соның бәрінен сен аласың. Маған тигендей, саған тие алмайтын болады. Көзің ашылады. Апаңның да, інішектеріңнің де көзін ашасың. Барыңды ала қағазға сал! Менде осыдан әрі саған айтар ақыл да, өнер де жоқ. Ойлап-ойлап келіп, саған тапқан бар ақылым осы, – деді де, тағы да бетінен сүйіп, құшақтап отырды. Абақтыға келгеннен бері Сейітке әке болып жанасып, аялағаны сол еді.
Бұл арада көзінен жас тамып кетті де, артынан тез ғана бойын жиып алып, қайтадан қайратқа мініп: "Бар енді, қағазыңа бар!" деп, Сейітті қасынан итеріңкіреп, сырғытып жіберді.
Баланың бұрынғыдан өз көңіліне өз бетімен жиылып жүрген шолақ-шолақ мұңды ойлардың үстіне бүгінгі әке сөзі үлкен жарық тауып бергендей болды. Ішінде намыс пен кек түйіні сияқты бір наразылық, қарсылық түйіні шиеленіп байланысып алып, бала барынша ықылас салып, оқуға беріліп кетті.