Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Геркулес тесікті үлкейтіп болған соң, жолаушылар бірінің соңынан бірі еңбектеп күмбездің ішіне кіріп жатыр. Геркулес бәрінің соңынан кірді. Сол минутта найзағайды өшіруге өршеленгендей, жаңбыр да төге салды.
Жолаушылар күмбездің ішіне кіріп алған соң, тыстағы дауылдың долдана ұлығанынан қауіптенбеді. ІІІатырдан да артық, жергілікті халықтардың үңгірінен анағұрлым берік баспанаға бұларды кездейсоқ бақыт айдап келтірген-ді.
Лейтенант Камерон, титімдей ғана жәндіктердің шамасы келіп соншалықты ірі құрылыс тұрғыза алғандарына ғажаптанып: — ертедегі египет халқының пирамида салған шеберлігін термиттермен салыстырып қарағанда, мына жәндіктердің шеберлігі таңдануға татырлық өнер,— деген.
— Адамдар термиттерге теңелу үшін,— деген еді ол,— кем дегенде Эверест86 тауындай тау тұрғызулары керек!
Бесінші тарау
ТЕРМИТ ҰЯСЫНДА ТЕРМИТТЕР ТУРАЛЫ ЛЕКЦИЯ
Бұл баспананың ойда жоқта табыла қалуы жолаушылар үшін үлкен бақыт еді. Бірнеше минуттан соң кәдімгі айта беретін тропиктік нөсер басталды.
Жаңбыр тамшылап қана қоймай, тура шелектеп құйды. Кей-кейде көктен құйылған тасқын су құламасындай боп сарылдап ақты. Көк әлемінің ұшы-қиырсыз су қоймасы үсті астына қарай аударылып кетіп, барлық суы лақ етіп жерге құйылған сияқтанды. Мұндай сел лездің арасында жазық жерді көлге, жыраны өзенге айналдырып жібере алады, өзендер арнасынан шығып жазық даланың талай жерін су басады. Африкада нөсерлі жаңбыр ұдайы бірнеше күн тынбай жауады, жылы белдеуден Африканың айырмасы осы.
Бір жақсы жері, термит күмбезінің қабырғасы су өтпейтін қалың екен. Күмбездің төбесінен Ниагар өзенінің суы тұтас ақтарылса да ішіне бір тамшы су өтер емес.
Жолаушылар термит илеуіне кірген бойда, бәрінен бұрын күмбездің құрылысымен танысып шықты. Фонарь жарығымен қарап байқағаны, күмбездің төбесін бүріп әкеліп бітеген, биіктігі он екі фут, табанынан алғанда айнала ішкі шеңбері он бір фут. Ал қабырғасының қалыңдығы бір фут екен.
Күмбездің ішкі қабырғасына бөлме-бөлме етіп текше жапсырылған.
Титімдей ғана жәндіктер тобының осы тамаша құрылыс орнатуы адам сенгісіз іс болып көрінуі мүмкін, бірақ термит қаласының бар екені талассыз, ондай қалалар Африканың ішкі өлкелерінде жиі кездеседі. Голландия саяхатшысы Смитмен деген осы сияқты бір күмбездің төбесіне қасындағы төрт жолдасы мен өзі — бес адам сыйып тұрғанын жазған екен. Ливингстон биіктігі он бес фут, тіптен одан да биік — жиырма фут келетін қызыл балшықтан соғылған термит күмбездерін Лундэде көрдім деп жазыпты. Лейтенант Камерон бұл сияқты шоғырланған көп құрылысты алыстан көргенде, соғыс лагері екен деп талай рет алданыпты. Ньянгведе биіктігі жиырма фут қана емес, қырық, тіпті елу футқа жететін зәулім биік термит күмбездерін көрген. Жанында шіркеу мұнарасы сияқты етіп жапсыра салған қосымша жіңішке құрылысы бар орасан ірі күмбез еді депті ол.
— Мұндай тамаша құрылыс тұрғызуға термиттердің қай түрі шебер екен?
— Бұл жауынгер термиттердің жұмысы,— деді Бенедикт ағай, құрылыстың материалдарымен танысып болысымен көп ойланып тұрмай-ақ.
Күмбез кішкене отрядқа баспана болуға жарады, бірақ оның ортасындағы бос алаңнан жолаушылар түгел сиярлықтай бос орын табылмады. Әйтсе де текше мен бөлменің аралығына ықшам денелі адам еркін сыюға болатын еді. Күмбездің ішкі қабырғасы бөлмелері бар үлкен шкафқа немесе тартпаларын ашып қойған комодқа ұқсайтын. Ол тартпалар миллиондаған титімдей ғана ұяларға бөлінген, тартпалар пароход каютасының сәкісі сияқты, бірінің үстіне бірі саты-саты болып орналасқан. Үстіңгі «сәкіге» миссис Уэлдон, кішкентай Джек, Нан мен Бенедикт ағай шығып жатты. Остин, Бат, Актеон үшеуі астыңғы «сәкіге» орналасты. Дик Сэнд, Геркулес пен Том қарт еденде қалды.
— Достарым,— деді жасөспірім, екі негрге қарап, еденге су жайыла бастады. Топырақ төгіп еденді биіктетсек деймін. Бірақ тесік бітеліп қалмайтын болсын, егер тесік бітелсе, ішке ауа кірмей тұншығып өлеміз!