Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов
-
Название:Улпан / Ұлпан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:136
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.
Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги
— Арыстаным-ай, ақ бейілім-ай, шойырылып қалған ағаң қалай есіңе түсті! Келші бері! — деп қуанышын да, өкпе-назын да бірге, бір-ақ айтып тастады. Есенейдің таяқтай-таяқтай қара шұбар саусақтарын ұзақ қысып отырып, сүйіп алып босатты.
— Түрікпенімбісің, қысылмасым, саспасымбысың! — деп Мүсірептің қолын да ұзақ қысып отырып көзіне жас алды.
— Жұрт Есенейдің жанын алып қалған Артықбай десе, мен Артықбайдың жанын алып қалған сен деймін, ақ жолтайым.
Қарт батыр Стап дәрігерханасында жатқан алты айдың ішінде Мүсірептен көрген аз-маз қайырымдылықты есіне алып отыр. Ұмыта алмаған екен. Стапқа ауылы жақын Мүсіреп Артықбайға жетісінде бір рет ас-су жіберіп тұрып еді. Әскерлік дәрігер «біз қолдан келерді істеп болдық» дегеннен кейін қақап тұрған суық қыста батырды үйіне жеткізіп салған. Ақ көңіл батыр сонда айтқан алғысын қайталап жатыр.
Артекең Сәдір батырмен ерекше сағынышты амандасты.
— Батырым-ай, оқ өтпесім-ай, найзагерім-ай, сені де көретін күн бар екен-ау!.. Сен ит, он бес жыл бойы неге ат ізін бір салмай кеттің? Өліп қалдың ба?
Басқа қонақтар мүгедек батырға еңкейіп сәлемдессе, Сәдір жер төсекте отырған шойнақтың қасына тізерленіп отыра кетіп, екі қолын бірдей созып еді. Мүгедек батыр оны құшақтай алып, аймалап, арқасынан жұдырықтай отырып:
— Ит-ау, қайда жүрдің, қайда жоғалып кеттің? — деп қайталай-қайталай айтып, ұзақ босатпай қойды. Екеуі де еңкілдесіп алды.
— Батыр керек, найза керек заман қалды ғой адыра, адыра қалғыр! Сәдір найзасын құрыққа айырбастап жылқышы болып кеткен— деп Сәдір де өзінің Есенейдің қолына қарап қалған ит өмірінің арызын айтып қалды.
Қонақтар Артықбайдың әйеліне де тұра келіп тұрған бойларында қол алысып амандасты. Шешесінің қасында тұрған Ұлпанды көздерімен ғана жанап өтті. Қыз балаға одан артық көңіл аудару ерсілік болатын. Қыз да бұлардың әрқайсысына көз қиығын серпе тастап, көзімен ғана амандасты. Сол көзқарасында сирек кездесетін сұлулық барын қонақтар түгел сезінді. Қара биесі жоқ үй — қымызы жоқ үй — сары биесіне — самауырға тезірек ұмтылады. Ұлпан сары жез самауырды көтеріп далаға шығып кетті.
Амандық-саулықтан кейін Есеней өз кінәсін тезірек жуып тастағысы келіп сөйлеп кетті:
— Артеке, сіздің бұл араны мекендей бастағаныңызды білмей келіп ұятты болып қалдық. Бұрынғы мекеніңіз бұл жерден көп жоғары болушы еді ғой?
— Ие, дүзге жақын болатын... «Ақсуат» еді ғой. Биыл осылай қарай ауыстық. Жата-жастана естірсің, «Құдыққа құлан құласа, құрбақа құлағында ойнар» дегендей бір жайымыз болды.
— Иесіз жатқан жер дегеннен кейін қалың шұбарға қызығып келіп қалып едік, сіздің мекендеп отырғаныңызды естіген соң малдың жарым-жартысын Құсмұрынға қарай, жарым-жартысын ішке қарай аудартып жібердім.
— Бекер-ақ болған екен. Көңіл сыйысса, көлдің суы жететін еді ғой.
— Жоқ, жоқ, Артеке! Есеней бір кезде жанын алып қалған батырының жерін тартып алыпты деген атаққа қалғым келмейді.
— Есеней бір қыс қонақтап шығуға көңіл етіп келген екен кәрі шойнақ от басынан орын бермепті деген атаққа мен қалып жүрсем қалай болар?
— Сізге сөз келтірмеймін ғой, Артеке...
— Тым болмаса бір қыс дәмдес болып бой жазып қалсын десең, шойнақ ағаңды шанаға салып алып қасқыр қуғаныңды көрсет. Мен үйкүшік болып қалып дала көрмегелі он бес жыл... Қосыңды әкеліп біздің үйдің қасына тіктір.
Осымен екі жағы да бірін бірі ұғынысып болды. Жер жайына енді орала қалса, екі жағына да ұят болар еді. Бір қос жылқының осы арада қыстап шығарына Есеней көзі жетті. Есеней қосы қасында болса, тоқшылық боларына Артықбайдың көзі жетті.
— Артеке, садақ-найзаңызды әзірлей беріңіз. Қыс бойы қасқыр қуармыз. Есікті ашып қойып садақ тартып нысана атады екен деп естідім. Құдай бұйырса қарауылыңызға қасқыр да бір ілінер,— деді.