Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев
-
Название:Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:107
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».
Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
Ол екеуінің арасын кезіп өтіп, мұндай халге түсірген елдің сыпылдап өрши берген есегі еді. Өсек ол ағаш тамырына түскен құрт тәрізді емес пе? Дер кезінде бір шара қолданбасаң үңгіп жей береді де, сап-сау ағашты құлатып бір-ақ тынады. Мәуелеп тұрған жас терек, жас семья – ғұмыры бітіп құлауға жақын еді.
Ертесінде Әлиман өзіне тиесілі нәрселерін буып-түйіп алды да, кетіп қалды.
Өсекші ағайынның тілектерін берді. Сатылғанға енді үлбіреген қыз алып берулеріне болады.
Әйелі кеткен үйдің қандай болатынын сіздер сұрамаңыздар, мен айтпай-ақ қояйын.
Әйел мен еркек қосылғанда бір-біріне дүниедегі ең асыл сөздерді тауып айтса, ажырасқан кезде не бір адам құлағы төзбейтін лас сөздерді түйдек-түйдегімен боратады екен. Ол сөзді мен айтпайын да, сіздер сұрамаңыздар.
Сөйтіп, Әлиман жеңгем кетіп тынды, біз баяғы таз кебімізге қайтадан түстік. Қара шапан Әлиманның үстінде кетті.Сүмбе сапарыКеш бойына дөңбекшіп жылаумен болдым. Сатқақ-сатқақ жексұрын плащты кимеймін, киім тауып беріңдер. Бұны киіп, Сарыбастауға енді қайтып өлсем де бармаймын деймін ағаларыма. Оқудан қалатын болдым-ау деп және қайғырам.
Бір жағынан әйелі кетіп, бір жағынан киім тауып беріңдер деп, мен жылап, әптер-тәптері шығып жатқан сорлы үйге сол күні кешке шешемнің ағасы Қағазбай нағашым келе қалар ма! Әлдеқандай шаруамен Нарынқол барып, қайтып келе жатқан беті екен. Өзінің кішкене қаракер биесін жеккен тәйпиген жеңіл ғана шанасы бар.
Екі көзім, былаудай боп, мұрнымды қорс-қорс тартып отырған мені нұсқап, Қағазбай:
– Мынаған кім тиді? Бұл неғып жылап отыр? – деді. Әкем менің жылауымның жайын айтты.
– Жылама. Жүр, сені ертең Сүмбеге алып кетейін. Сонда оқисың. Киім де, бәрі де табылады, – деді Қағазбай.
Мен бұған қуана-қуана келістім.
Қазір көктем басы. Қар босап ери бастаған. Жол үсті түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз. Шанаға күндізгі жол ауыр. Сондықтан Қағазбай нағашым ел жата жол қатқақта жүріп кетеміз дегенді айтты. Таңертең түк көрмегендей боп, Сүмбеде отырмақпыз.
Ағаларым жексұрын плащты Сүмбеге дейін кие кет деді. Мен кимедім. Қағаз аға киім де, бәрі де табылады демеді ме? Сол сөзді көкейіме түйіп алғам. Әдейі сырт киімсіз жұрдай болып баруды дұрыс көрдім. Нағашым үйі мына суықта мені мектепке көйлекшең тіпті де қуаламайды. Бір сырт киім, қалайда тауып береді. Қандай киім тауып берсе де, мына лағынет плащтан жаман бола қоймас.
Жыртық шалбардан жалаңбұтым артық деген екен бір кедей. Мен тұпадан-тура сол принципті ұстадым.
Қағаз ағаның үлкен сары тоны бар екен. Мені соған тұмшалап орады да, шананың арт жағына көлденең жатқызып қойды. «Сүмбеге жеткенше, ұйқыңды қандырып ал», – деді.
Ол өзі бешпентшең, Қаракер бие бүлкектеп жүріп келеді. Кешкі суықта қатқақ боп қалған жолмен шана жеңіл сырғиды. Қарны кебежедей буаз бие қатты жүріске жарамайды. Өрлеу жерге келгенде Қағаз аға оны еркіне қойып, жай ғана аяңмен жүргізеді.
Жолдың күнес жақ шетінің кей тұсы қарайып ашылып қалған. Қара жер шана табанына дөп келсе, жабысып ұстап алады. Қаракер бие сол кезде мықшиып, жіңішке аяқтары маймаңдап, күшке салып тартады. Қара жер шананы алып қалмақ боп, қаракер бие көнбей, күш сынасып жатқан тәрізді. Делбе ұстап отырған Қағаз аға құйрығын қопаң-қопаң еткізіп, қаракер биеге көмектескендей болады. Соның арқасында бие шананы жұлып әкетеді.
Бала кезімде мен, ой, ұйқышыл едім (Сол әдетім әлі қалмаған. Дүниеде екі рақат болса, ұйқыны соның біреуі деп қараймын). Тонға оранып, қисайғаннан кейін-ақ маужырап ұйқым келе бастады. Содан ұйықтап кеткен екем. Біреу:
– Ей, Бердібек! Тұр! Тұр-ей! – деп дауыстағанда, көзімді ашып алдым. Қасқа жолдың үстінде, аспанның астында жатырмын. Бұл не ғажап?