Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов
-
Название:Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:144
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Это произведение – трилогия, состоящая из следующих книг «Сумерки», «Сергелдені», «Көркеу». Оно описывает одну эпоху периода жизни казахского народа. Через отдельно взятые судьбы, автор передал жизнь целого народа. Трилогия содержит полную картину всех сторон жизнедеятельности ушедшей страны, описывает многие судьбы, в том числе и «постигшие море» …
Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Шайдан кейін Жасағанберген жылынды. Әсіресе ошақтағы қызыл шоққа беті қызып, маужырай бастады. Ебейсін мен үй иесі жігіт дастархан жиналғасын да әңгімелерін үзген жоқ. Бір- бір жастықты шынтағына басып, бас түйістіріп жатып, олар биыл суық жылдағыдан гөрі ерте түскенін, қораға алған қолдағы азын-аулақ малдың жазда шапқан азғантай шөпті әлден жеп, тауыса бастағанын үлкен уайыммен әңгімеледі. Кешкі астан кейін көңіл бірлеген Ебейсін мал қыстатуға қырдай емес, қалай десе де, теңіз жақтың тиімді екенін айтты. Тіпті бар- ау, қайсыбір қақаған қарлы - боранды қыста ит тұмсығы батпайтын қалың қамысқа қыруар малды айдап жіберсең, ығы да жетеді, қорегі де табылады. Ең аржағы қамыстың қауылдырығы мен қабығын қажаса да, қыстан жан созып, қоңы жығылмай шығады деп, үй иесін еліртіп қойды. «Қиындық көріп бара жатсаң, тура өзіме кел» деді, «мал - жаныңа пана беретін, шүкір, жағдайым бар» деді. Жасағанберген мыналардың әңгімесіне араласқан жоқ. Ұйқы қысып, көзі құм түскендей түйіліп отыр. Ондайда ана екеуінің дауысы алыстап, әлдеқайдан күңгірлеп естіледі. Кейде қара қазанда былқып қайнап жатқан сүр иісі танауын қытықтап, асқа аңсары ауып, басын шыдамсыздана көтеріп алады.
Май шам сөніп барады. От сәулесі түскен ошақ алды ғана жарың. Басқа жақ, айрықша, абажадай үлкен үйдің бұрыш-бұрышына қара көлеңке үйіріліп, тұнжырап тұр. Қара торы келіншек күйеуімен тақымдасып, шай құйып отыр. Ұзын бойлы, ақ сүр келіншек қазан маңында; қи шоғына оның да беті қызып, гүл - гүл жайнапты.
* * *
Ебейсін астан кейін ақау татыған ірімік ағарғанның бір зереңін ар жағына төңкеріп құлата салды. Ішін қысып бара жатқасын тон шалбардың ышқыр бауын босатты. Әлгіде өзіне кереует үстінен оқтай қадалған кемпірдің көзін байқаса да, бірақ оған көңіл бөлген жоқ. Ондай оқты көздер бұның талай көрген жауы. Ас - су ішіп, бүгінгі күннің басты бір шаруасын бітіргесін иығына жамылған тонның бір шалғайын астына басып, төр алдында теңкиіп жатыр. Неге де енжар?.. Әңгімеге тіпті зауықсыз. Үй иесі жігіттің атын ұмытып қала береді. Анау да ерінбей, жалықпай, оған атын қайта - қайта айтып, есіне салып бақты. «Есімім Төлеу»,- дейді анау. «Ә, Төлеусің бе?»- дейді бұл. Сүр ет пен құрт езген майлы сорпаның иісі айыға қоймаған қапырық, ыссы үйдің ауасына тұмсығын төсеп, көзін бір ашып, бір жұмып манаурап жатқан-ды. Үй ішінің төсек салатын ыңғайын байқаған соң Жасағанбергенді оятып, тысқа шықты. Қора шетінен иттер үрді. Қасқыр ма деп, иттер үрген жаққа қарай бұлар жүре түсті де, тоқтады. Ай жарық еді. Қос атты парлап жеккен жеңіл шаналы біреулер бұлардың жанынан жез қоңырауы шылдырап, ағызып өте шықты да, сонан тек қораға кіргесін ат басын тартты.
Шанада отырған төрт кісінің бірі - ат айдаушы да, екіншісі - кім екені белгісіз, тонға оранып алған. Қолында мылтық. Қалған екі кісінің қол - аяғын кісендеп, шананың жапсарына таңып тастапты.
─ Бұлар кім болды екен?- деді Жасағанберген.
─ Еламан ғой.
─ Кім? Кім дедің?
─ Е, сен сұлу келіншегі бар балықшы жігітті білмеуші ме едің?! Ол келіншекке бір кезде мырзаның көңілі құлап, біраз әуейіленген - ді.
─ Ал?..
─ Еламан сол сайқалдың байы. Қасындағы інісі - Рай. «Құтырған бура иесіне түседі» деп... жақында қара шекпеннің байын өлтіріп...
─ Ал?
─ Шырағым - ау, сенің бұл «алың» қай «ал»? Кісі өлтіргесін оны кім аясын?! Мен жолға шығарда болыс қол - аяғын кісендеп, бойын кездетіп, қалаға айдатқалы жатыр еді... Мынау, дәу де болса, солар.





