Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов
-
Название:Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:144
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Это произведение – трилогия, состоящая из следующих книг «Сумерки», «Сергелдені», «Көркеу». Оно описывает одну эпоху периода жизни казахского народа. Через отдельно взятые судьбы, автор передал жизнь целого народа. Трилогия содержит полную картину всех сторон жизнедеятельности ушедшей страны, описывает многие судьбы, в том числе и «постигшие море» …
Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги
─ Өлгілерің келмесе, жолымнан кет былай!- деп аңырғанда, ана екеу жалт етіп, босағаға жабысып тұра қалды. Кәлен сыртқа атып шықты. Торы атқа тақымы тигесін асықпай, тебініп жүріп кетті. Бұжыр қараға бұл ауылдың иттері де бата алмай, бөксесін үйге тығып үрді.
* * *
Құдайменде дәл бір тас тиген жыландай, көпке дейін отырған орнынан қозғалмады. Жаңа басын қорғамақ болғанда, Кәленнің қамшысы оң қолының топшысына тиіп еді; сүйегі сынғандай білегі, қары, бүкіл бір иығының басы ұйып, қолын көтертпеді.
─ Құдеке - ке... Құдеке, қалайсыз?- деп, есін жиған жаңағы екі жігіт қасына келіп еді:
─ Шық!.. Шық үйден, өңшең ез!- деді Құдайменде. Жігіттер жұмған аузын ашпай, сүмсиіп шығып кетті.
Құдайменде үстіне кірген әйеліне де үндемей, киімшең бойымен теріс қарап жатып қалды. Өзіне салғанда бұған болыстықтың түкке керегі жоқ Қоралы қойы, өрісте мыңғырған малы, жиған-терген байлығы бір басына жететін-ді. Жөніне тыныш қарап жүрмей, қайдағы пәлені бастаған софы ағасы. Оны Тәңірберген қостап, екеуі екі жақтап жабысты да, бұл лажсыз көнді. Басында құлықсыз болса да, бел байлап түскесін бұның өзіне де жел бітті. Ала-бөле кейінгі күндері басқа шаруаның бәрін жиып тастап, болыс сайлауына құлшынып кірісіп еді. Жаңағы ұры, көрмейсің бе, «ертең аяғың аспаннан келеді»,- деп зіл тастап кетті. «Десе қайтеді, дей берсін, шындап кіріссе халық қимаған сол болыстықты, бұйырса, бұған ақтылы ала қойы алып бере - туң»,- деді Құдайменде. Осыдан кейін өзіне сенім пайда болғаны сонша, ол енді шынымен-ақ болыс боп сайланып қалғандай күшке мініп: «Сендермен сонда сөйлесермін. Сен, Кәлен, сен, Еламан, тұра тұр! Соңыра бойларыңды көздетіп, қазынаның қолына бір берсем... торлы терезенің ар жағынан мойныңды созып тұрғандарыңды көрсем еді!..»- деді ішінен.
* * *
Ойхой, теңіз жайында әңгіме шерткен қандай ләззат?! Құй өзің сөйле, құй өзгені сөйлетіп қойып, жиын арасында ұйып тыңда мейлің. Өзің сөйлесең де, сен, бәрібір, бір құлағыңды қауқылдаған көптің әңгімесіне тігіп қоясың да, ар жағыңды қыштап тұрған ойыңды ортаға саласың. Өзіңнің айтатының да, өзгеден есітетінің де баяғы бір ескі жыр. Биыл балық талабы қалай? Тереңге неге кетті? Тайызға қашан соғады? Күн қызарып бұлтқа батты, ертең аспан ашық бола ма? Жел бола ма, жоқ па?
Райдың үйіне жиналған балықшылар бүгін де теңіз жайын, балық жайын, ауа райын әңгімелеп, әр саққа жүгіртіп жатыр еді, аттылы біреу кеп есік алдына тоқтады. Дүрс етіп аттан түсті. Шылбырын босағаға байлай салды да, сәлем беріп кіріп келді.
─ Ағажан, отырыңызшы! Жаман үйді мойныңмен іліп әкетерсің,- деді Рай күліп.
Кәлен жас жігіттің әзілін құлағына да ілген жоқ, ішке кірген бойда бірден Еламанға жетіп барды:
─ Шаруам сенде. Қысқасын айтқанда, кәсіп іздеп келдім.
─ Ау, ағасы - ау, біз адал кәсіппен күн көріп жүрген ауылмыз ғой. Сізге лайық кәсіп...
Кәлен Райға жалт қарады. Әр талы айғыр жалындай сұйқылтым мұрт тікірейіп, қара сұр бұжыр бет қатты бұзылып кеткен екен. Мұның арты бір шатаққа апарып соғарын білген балықшылар сақтанып, бәрі бойын дереу жиып ала қойып еді, Кәлен күтпеген жерден күрт жадырады:
─ Ой, күшік. Бала ғой деп жүрсем, сен де башайдан тартуға жарап қапсың ғой.
Жұрттың арқа - етегі кеңіп сала қойды.
─ Шаруаңды айт!- деді Еламан.
─ Саған кісі керек дейді ғой.
─ Иә, керек.
─ Ендеше, мені жұмысқа ал!
─ Қаратазың қайда?
─ Әй, бала, өткенді қазбалап қайтесің? Олай десең, бір кезде сен де сол таздың қосын жеккенсің. Өзіңе мұз оятын адам керек пе?
─ Ал, керек.
─ Ендеше мені ал!
─ Шодырға бар... Билік сонда.
─ Міне сөз! Қаратазды қайтесің?! Ендігі жерге сендермен бірге қарашекпеннің де қосын жегіп көрейік. Әуселесін кейін көре жатармыз.





