Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов
-
Название:Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:144
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Это произведение – трилогия, состоящая из следующих книг «Сумерки», «Сергелдені», «Көркеу». Оно описывает одну эпоху периода жизни казахского народа. Через отдельно взятые судьбы, автор передал жизнь целого народа. Трилогия содержит полную картину всех сторон жизнедеятельности ушедшей страны, описывает многие судьбы, в том числе и «постигшие море» …
Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Кәлен оң бойы алда. Желсіз ауа бүгін тіпті қапырық. Тас төбеге кеп шақырайып тұрып алған күн жер-дүниенің апшысын қуырып барады. Суыт жүрген қалың көпірдің тұяғынан ұшқан шаң әрі - берідесін жүрісті ауырлатып, аттар жиі - жиі пысқыра бастады. Соған қарамастан бұлар ұзақ жолды суыт жүріспен өндіріп алғысы келді де, қара жусанды қатқыл даланы дүбірлетіп сыдырды да отырды.
− Құдық алыс па? - деді Кәлен.
− Енді қашық емес, - деді қапсағай қара.
Қара бұжыр Кәленнің бетіндегі түктер дала шаңдағымен бозғылданып ұзара түскен.
− Қаратаз аулы отырған жердің бергі жағында терең сай болушы еді ғой? - деді ол.
− Иә, бар, бар.
Деуін десе де, бірақ Кәленнің ар жақ ойын аңғара алмай, атын тебініп Кәленнің атымен қатарласа бере оған көлденеңнен көз тастады:
− Кәлен аға, қолыңа тізгінімізбен бірге тірлігімізді де беріп отырмыз. Сен бастасаң, осы жігіттер отқа түсуге әзір. Тек не істесең де алдын ала бізге айтып... бұрынғылар айтқан ғой, ақылдасып пішкен тон...
− Тон? Ол қай тон?
− Иә, тон... Тон болғанда... бұрынғы ата-бабаларымыз айтатындай... Әлгі: «Ақылдасып пішкен тон келте болмайды», - дейтін...
Кәлен ішінен: «Әр елде осындай бір- бір етек басатындар болады» , - деп ойлады да, мынаған енді рай берген жоқ. Онсыз да жүргісі кеп ұрынып келе жатқан ұзын торы аттың тізгінін қоя беріп қатты сыдырып, суырылып алға түсті. Осыдан ол торы аттың басын жаз бойы жаңағы үш ауыл жайлаған жұртқа келгенде бір- ақ тартты. Осы арада бұлар күн ыстығы қайтқанша аялдады. Кәлен бір жігітті болыс аулына астыртын жіберіп алды. Ауыл іргесіндегі көл табанға жылма-жыл қар суы айналып қақ тұратын. Өріске өз аяғынан барып жайылып қайтатын Абыралыға қараған үлкен ауылдың ірі қаралары жаз ортасы ауғанша осы қақтан су ішетін. Түс ауа бергенде оралған жансыз жігіт жүз қаралы солдаттың осы көл табанында көк құрақ ескен салқын сабатта шатыр тігіп жатқанын айтып келді. Шетінен бесатар, қылыш асынған. Соңында сүйреткен зеңбірек. Мынаны естігенде жаңа ғана айқасқа түскенше шыдамай жұлқынып тұрған жігіттердің желігі су сепкендей басылды. Әркім өз ойымен оңашаланып аласа бұта бауырындағы азғантай көлеңкеге басын тығып жатыр. Қайсыбірі тізгінінен тұқыртып ұстап отырған ат бауырындағы көлеңкеге тығылып апты. Кәленнің де көңіліне күдік енді. Бұрын не көрсе де жапан түзде жалғыз жортып күн кешетін. Қазір қол астында қыруар кісі. Қасында Еламан да жоқ.





